Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада әз-Наурыз 7 күн тойланады

16.03.2023, 12:00 488

Қазақ халқының ең айтулы мерекесі – Наурыз. Биыл бұл мереке қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп тұр. Осыған байланысты мереке облыста кең көлемде аталып өтілмек. Сыр өңірінде 300-ге жуық мерекелік іс-шара өткізіледі. Күн мен түн теңелген мерекені амал мерекесімен ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ, аймақ басшысының қатысуымен біршама іс-шара өткізіліп, 40 сырбойылыққа баспананың кілті табысталады. Бұл жөнінде өңірлік  коммуникациялар қызметінің бас­па­сөз  алаңында  тереңірек  тарқатылды.

– Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі, жұртшылықтың бір-бірімен қуана қауышатын сәті. Облыс көлемінде әз-Нау­рызда ұйымдастырылатын негізгі іс-шаралар 21-22 наурыз аралығын қамтиды. Жалпы, наурыз мерекесінің нақышын келтіретін қайырымдылық шарасы да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Осыған орай, облыс әкімінің қатысуымен «Ақмешіт-Сыр­дария» мешітінде «Қайырымды ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы өтеді. Ұлыстың ұлы күнінде барлық ауданда наурыз көже тара­тылып, ауылдарда ұлттық спорттық ойын түрінен сайыстар, ойын-сауық кештері ұйым­дастырылады. Жалпы алғанда, аймақтағы 146 кент  және  ауылдық округтерде мереке аясында барлығы 300-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара  өткізіледі, – деді облыс­тық  қоғамдық даму басқармасының басшысы  Алмасбек  Есмаханов.

Міне, айтулы мерекені жеті күн облыста тойланбақ. 300-ге жуық мерекенің атауы мен  барысын түгендеп отырудың қажет­тілігі жоқ шығар. Қайткенменде елдің тұғыры биікте һәм бірлікте болуына үлес қосатын іс-шара­лар екені даусыз. Осы 300-ге жуық шараның 100-і Қызылордада өткі­зіледі. Бұны Қызыл­орда қаласы әкімінің орынбасары  Жанмұрат  Сейілов   жеткізді.

– 14  наурыз – Амал мерекесі күні  зиялы  қауым  өкілдерін, еңбек ардагерлерін  тарта  отырып, жалпы халыққа және жастарға Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәнін, ұлттық салт-санамыздың, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, мызғымас татулықтың Тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер әсері мен пайдасын түсіндіру үшін түрлі бағытта  іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, «Нау­рыз шапағаты» қайырымдылық күнінде халық­тың аз қамтылған топтарын қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру  жоспарлануда. Сондай-ақ, елді мекендерде ауыл халқының бірлігін арттыру мақсатында «Тасаттық»  рәсімі   жасалады, – деді  ол.

Әрі қарай  шаһардағы іс-шаралардың эстафетасы былай жалғасады. 16 наурыз – «Наурыз нақышы – тазалық»: көркейту-көгалд­ан­дыру,  тазалық  күні. Бұл  күні  зия­лы қауым өкілдерінің қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, қаланы абаттандыруға бағытталған тазалық шаралары жүзеге асырылады. Және бір мезетте «Ағаш отырғызу» акциясы  және  аулалар  мен  сая­бақтарды  көгалдандыру бойынша «Жасыл үй» челленджі іске қосылады. 17 наурыз – «Ұлттық спорт – ұлт салауаты», яки ұлттық ойындар күні. Соны­мен бірге, жалпы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында сайыстар мен түрлі бағыттағы спорттық  спартакиадалар өткізіле­ді. 20 наурыз – «Жастар күні». Бұл күні жастар жиналып қазақтың дәстүрлі ұлттық  ойындарын ойнап, думанды кеш өткізеді. Ел  болашағы  саналатын  жастардың жадында ұлттық  құндылықтар  жаңғыратын  бұл күннің рухани, мәдени маңызы да жоғары болмақ. 21 наурыз – «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мәдени-көпшілік іс-шара. Бұл күні орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы Наурыз мейрамын тойлау­ға арналған мәдени-көпшілік жиын ұйым­дастырылады. Ал, 22 наурыз – Жалпы халықтық  серуен  өткізіледі.

Ұлыстың ұлы күні және Қызыл­орда облысы­ның 85 жылдық  торқалы тойы  қарсаңында  85  баланың  тұсауы  кесіліп, 38  киіз  үй  тігіледі. Бұған қоса, «Этно ауыл» салт-дәстүрге   негізделген  арнайы көрмені тамашалаумен  жалғасады. Мұнан өзге, 4 ар­найы шатыр тігіліп, қос ғасырлық тари­хы  бар  облысымыздың құрылу кезеңі­нен  бүгін­ге  дейін  сыр шертетін көрме халыққа арна­лады. Осымен іс-шара­лар аяқталмайды. «Көлтауысарлар сайысы», яғни қымыз ішуден жарыс өтіп, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі мен қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады. Мұнан өзге де креативті іс-шаралар жетер­лік. Бағамдасақ, Сыр өңірі ұлттық мерекені жоғары деңгейде атап өтеміз деп уәде беріп тұрғандай. Сондықтан барша сыр­бойылықтарды мерекелік іс-шара­ларға белсене  қатысуға  шақырамыз.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: