Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда таза қала болуы үшін…

04.08.2022, 11:40 714

Шыны керек, соңғы жылдары Қызылордаға қонаққа келгендер қала тазалығы туралы таңданысын айтып жүр. Бұл – өз кезегінде қуанышты жайт. Бұған дейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен тазалықшыларға қоғамдық көлікте тегін жүру бақыты бұйырған болатын. «Тазалық табалдырықтан басталады» десек, әуелі орталық көшелердің мұнтаздай таза болуын қадағалаудың маңызы зор. Әрине, қаланың шет аймақтарында бұл мәселе толықтай шешілген дей алмаймыз. Десе де, жиналған емес, шашылмаған жердің таза болатынын қала тұрғындары ұғынса игі. Бұл істе «сен, мен» дегенге салынбай, ортақ мүддеге жұмыс істеуіміз керек. Осы мақсатта шаһар басшысы Асылбек Шаменов Қызылорда қаласының барлық кәсіпкеріне үндеу жасады.

«Сіздер күн сайын ажарланып келе жатқан туған қаламыз­да өз кәсіпте­ріңізді дөңгелетіп отырсыздар. Өңір­дің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на қосып жүрген үлестер­іңіз ұшан-теңіз. Десек те ширатылатын шаруа, атқарылуы тиіс жұмыс көп екені байқалады» деп бастаған қала әкімі тазалық мәселесіне  келгенде  жұдырықтай  жұмылуы­мыз   керек   деген   ойын   айтты.

– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ауқымды ұғым ретінде қарас­тырғанымыз жөн. Жеке әлеуметтік топтар мен жалпы қоғамның өмір сүру сапасына әсер ететін жанама айқындалған немесе айқындалмаған заңнаманың этика, эколо­гия, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық және т.б. саладағы ережелер мен нормаларын ұстану бағытында өздеріңізге көп жауапкершілік жүктеледі. Соның ішінде кәсіпкерлік нысанның көз сүйсінер келбеті, тазалығы мен қыз­мет көрсету сапасы тұтынушы көңілінен шығуы үшін асқан  жанашырлық,  жан-жақтылық  қажет.

Қазіргі таңда билік пен бизнес арасында диалог орнады. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалуда. Сондықтан осы қалада өмір сүріп, кәсіппен айналысып, табыс тапқаннан кейін өз-өзімізді сыйлап, құрметтеу мәселесі алдыңғы орында тұруы керек! Бұл жауапкершіліктің салмағын әрбір кәсіпкер сезінсе екен деймін. Таза, көркем, көзтартарлық нысанның тұтынушы  назарынан  тыс  қалмайтыны  белгілі.

Баршаңызды туған қаламызды, ортақ үйімізді, өз аумақтарыңыз­ды таза ұстауға, нысандарыңыздың кес­кін-келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіруге, әрлеуге, жарықтандыруға, тұтынушыға қолайлы және жағымды орта қалыптастыруға  атсалысуға  шақырамын, – деді  А.Шам­енов.

Жоғарыда жазғанымыздай, қала тазалығы әр адамның іс-әрекетіне де байла­нысты. Туған өлкемізге деген жанашырлық, құрмет осыдан басталады. Сондықтан ортақ істе бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай болып жұмыс  жүргізсек, Қызылордамыз  қырмызыдай  құлпыра  түседі.

Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: