Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыстыгүні төселген асфальт қайта сүрілді

23.09.2020, 9:00 658

HALYQLINE.KZ

Өткен жылдың соңында Қазалы ауданында «Әлсейіт» көпірі пайдалануға берілгені баршаға аян. Шалғайдағы ауыл жұрты ұзақ жолды қысқартып, дарияның үстімен өтетін төте жолға қатты қуанды. Бірақ, ұзындығы – 220, ені 12 метрді құрайтын өткелге қыстың көзі қырауда асфальт төсегені көптің көңіліне күдік ұялатқан еді. Жалпы, ол жол көктемде салынуы тиіс болатын. Алайда көпірдің ашылуына сол кездегі облыс әкімі Қ.Ысқақов қатысады деп, жаңа жылдың қарсаңында асығыс-үсігіс асфальтты жайып шықты. Ал оған мемлекет қазынасынан 84 млн теңге қаржы жұмсалды.

Сорақысы сол, желтоқсанда жалаулатып ашқан көпірдің жап-жаңа жолы көктемде-ақ ой-шұқырға айналды. Миллиондар желге ұшты. Кейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалы мамандары жылжымалы зертханамен аталған учаскеге тексеру жүргізіп, өрескел кемшіліктерді анықтады.

2019 жылдың желтоқсан айында «Әлсейіт» көпірі үстімен өтетін жолды салуға болмайтынын сол кезде мердігер мекемеге ауызша ескертіп айтқанбыз. Бірақ, біздің ескертуімізге құлақ аспады. Белгіленген нормативтік талаптарға мүлдем қайшы болса да қыстыгүні асфальт төседі. Біздің мамандар көктемде барып, толық тексеру жүргізді. Алынған сынамаларда олқылықтар өте көп болды. Сондықтан, сапасы сын көтермейтін жолды қайта салу керек деп қорытынды шығардық, дейді ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы директоры Жасұлан Керімқұлов.

Кезінде асығыстық танытпай, асфальтты күн көзі жылығанда төсегенде мұндай олқылықтар болмас еді. Оның үстіне, жолдан шыққан шикілік ауыл тұрғындарына да зиянын тигізіп, көліктердің көпір арқылы әрлі-берлі қатынауына қиындық туғызды. Түптеп келгенде мердігер «КА-Строй ЛТД» серіктестігіне жолды қайта қалпына келтіру міндеттелді. Бүгінде «Әлсейіт» көпіріндегі жол түгел сүріліп, жаңа асфальт салынып жатыр. «Аузы күйген үрлеп ішер» деген дана халқымыз. Жауапсыздық танытқан мердігер компанияның екі есе шығындалуына тура келді. Бұл жолы жолдың сапасына баса мән беріп, құрылысында олқылық болмайды деген үміттеміз.

ӘСЕТЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: