Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылшығы да қисаймапты

18.05.2023, 11:40 201

Былтырғы қаңтар қазаққа ауыр тиді. Отанға опасыздық жасаған топ елдің ту-талақайын шығара жаздады. Абырой болғанда, мемлекет басшысының ұстанымының арқасында елдікті сақтап қала алдық. Алайда қан төгілді, жазықсыз жандар да бақилық болды. Әрине, мұның бәрі қарапайым халықтың әлеуметтік-тұрмыстық теңсіздігінен туындаған жайт еді. Соны арамзалар мен арандатушылар пайдасына жаратуға тырысқан, бірақ ол ойы орындалмады.

Әлеуметтік теңсіздік дегеннен шығады ғой. Отыз жылдан аса тәуелсіз ел болғанымызбен, жерінің асты-үсті толы қазынасының қызығын үркердей топ ғана көріп келіпті. Оны да әлгі «қаңтар қасіретінен» кейін білдік, онда да президент Қ.Тоқаевтың өзі айтты. «KPMG сияқты халықаралық сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанның жарты байлығы   162 адамның қолына жинақталған. Ал халқымыздың айлығы 50 мың теңгеден аспайды. Яғни ондай адамдардың жылдық табысы 1300 доллардан сәл жоғары. Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес, жағдайды шұғыл түрде өзгерту керек», – деді мемлекет басшысы былтырғы қаңтар айында еліміздегі ірі бизнес өкілдерімен өткізген кездесуде. Содан бері талай су ақты, түрлі іс тындырылды, сайлаулар да өтті, тіпті ірі лауазым иелері түрмеге тоғытылып, сыртқа заңсыз кеткен қаржы мен дүние-мүлік қайтарылып жатқаны айтылады. Дегенмен, әлеуметтік теңсіздік әлі деңгейлескен жоқ, бай мен байғұстың аражігі әлі алшақ. Оны «шіріген байлардың» қалтасына жиі үңіліп, әлем миллиардерлерінің тізімін түзуден тартынбайтын «Forbes» журналы жариялаған 2023 жылғы ең бай қазақстандықтардың тізімінен де байқауға болады. Басылымның жазуынша, биылғы жылы Қазақстан миллиардерлерінің байлығы арта түскен. Барлығы $23,9 миллиардқа жетіп  жығылыпты.

Хош деңіз! Бұған дейінгі бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйғызып, әбігерге салған пандемия мен экономикалық дағдарыс талайды дағдартып тұрғанда да, кейбіреулердің мұртын балта шаппаған еді. Оны былай қойғанда, кешегі «қаңтар оқиғасынан» кейін де «кекірік атқандардың» кеуде кергені бұл жолы да кімнің кім екенін көрсетіп берсе керек. Бір сөзбен айтқанда, біреулердің қылшығы да қисаймапты.

Сонымен, әлгі журналдың жазуынша, 2022 жылы байлар қатарында  5-орынды алып тұрған Kaspi.kz АҚ акционері Михаил  Ломтадзе биылғы тізімде жоқ, өйткені оны амери­калық  «Forbes» Грузия кәсіпкерлерінің қатарына қосып жібер­ген.

Ал, өткен жылы азаматтығын Ресейден Қазақстанға ауыстыр­ған Тимур Турлов өзінің байлығын 900 млн долларға арттырған, яғни $2,2 млрд-тан $3,1 млрд-қа байыған. Осылай­ша  7-орыннан  5-орынға  көтерілген.

Тимур  мен  Динара Құлыбаевтар әрқайсысы бір жыл ішінде дәулетін $400 млн-ға арттырды. Олар екінші және  үшінші  орынға  жайғасқан.

Kaspi  тобының  қожайыны Вячеслав Ким биыл $400  млн-ға  байыған. Ол әдеттегідей төртінші орында тұр.

Кеңес Рақышевтің дәулеті бір жыл ішінде ортайған. Ол қазақстандық активтердегі өз үлесін азайтқан. Оның БТА Банкі ресейлік активтердің бір бөлігін сатты. Осылайша ол 15-орынға  тұрақтады.

Биылғы  жылы  рейтингке жаңа есім қосылды. Ол – Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудов. Компания  құрамына Orbis Auto дилерлік желісі, Қазақстанның 12 қаласындағы 33 автоорталық кіреді. 11 автомобиль  брендін  ұсынады. Бұдан басқа, топқа «АқсайГазСервис» мұнай сервисі АҚ, «Автодом» ЖШС (автокөліктің операциялық лизингі саласындағы қызметтер), Orbis Agro (дәнді дақылдар трейдингі және жылыжай шаруашылықтары), Orbis Development (Almaty қонақүйін басқарады) кіреді. Махмудов  тізімде  22-орында  тұр.

Экс-президенттің тұңғыш қызы Дариға Назарбаеваның  байлығы $590 млн-ға бағаланды. Ол 14-орынға түскен. Ол өзінің иелігіндегі «DLS Group холдингтік компаниясы» арқылы «Аймақ-Медиа» ЖШС, «A-Service Management» ЖШС (Астанадағы «Думан» төрт жұлдызды қонақүйі) үлес­терін алып отыр. Сондай-ақ, рейтингте 29-орынға жайғасқан ұлы Нұралы Әлиевпен бірге «Еуропа плюс Қазақстан» ЖШС-на  иелік  етеді, ол арқылы «Радио Сити Телерадиокомпаниясы» ЖШС (Radio City радиостанциясы) және «Тәуелсіз телевизиялық  арна» ЖШС (НТК телеарнасы) үлестері бар.

Тізімде 45-ші болып тұрған Нұрбол Назарбаевтың дәулеті – $155 млн. Ол – «Prime Capital Invest» ЖШС құрылтайшысы, «PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС, «PLS-TM» ЖШС («Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ мажоритарлық  акционері)  тең  иесі.

«Байдың асын байғұс қызғаныпты» демеңіз, әрине, қалталы азаматтардың көп болғаны жақсы әрі бұл бір жағынан мемлекет байлығының көрсеткішін көрсетсе керек. Бірақ ен байлықтың қандай жолмен жиналғанын жұрттың біле алмайтыны жаман. Қарапайым халықтың да терезесі солармен теңелсе деп дәмеленеміз. Осы біз, қазақшылыққа салынып, елу байымыз бар дегенімізден, бізге не пайда? «Құзғын жемтігін  басып  жейді, ал сұңқар шашып жейді»  деген  тәмсілге  салсақ,  қазаққа  қызмет  етпейтін  байдан  не  қайыр?..

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: