Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрбан айт – мейірім мерекесі

05.06.2025, 9:00 106

Наурызбай  қажы  ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан  мұсылмандары  діни Басқармасының  төрағасы,  Бас  мүфти


Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Баршаңызды исі мұсылман баласының ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Алла қаласа, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар алыс та жақын мұсылман елдерінің ғұламаларымен, пәтуа шығару орталықтарымен кеңесіп, осындай пәтуа қабылдады.

Мұсылманша қасиетті зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысқан абзал. Өйткені, қасиетті хадис-шарифтерде осы айда орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза ұстау – сүннет амал. Шамасы келмеген адамға ораза ұстау міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза  ұстау  арқылы Алладан өткен және келесі жылдың  күнәсін  кешіруді  үміт  етемін»  деген.

Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайын­дықпен қарсы алған. Малдың  семізін, жарамдысы мен ең жақсысын  құрбандыққа  шалып,  оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-­кәде беру, ренжіткен  жанды  кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде  қалыптасқан  ізгі  құндылықтар.

Халық  арасында  ұлт  ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлы:  «Дін – адамды  түзейтін,  тәртіпке салып тұратын бір күш. Халықтың діні дұрыс болса, рухы да, жолы да түзу  болады»  деген.

Шын  мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол – ішкі  жан  дүниеңді  тазарту  мен  рухани  тұрғыдан  жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғылыммен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін  айтқан.

Расында «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіс­пен­шілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Алла­ға  жетпейді.  Оған  жететін  нәрсе – жүректеріңізге ұялаған  тақуа­лықтарың  (шынайы  ниеттерің)»  делінген.

Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес…» деп, бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу  екенін  жеткізген.

Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар» деп жауап береді. Саха­ба тағы да: «Уа, Алланың Елшісі, шалын­ған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Оның әрбір тал қылы үшін де бір  сауап  бар»  деп  жауап  қайырған  екен.

Материалдық мүмкіндігі бар, әрі жолаушы емес мұсылманға  құрбандық  шалу – уәжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт  күндері  аз  да  болса  садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға  көңіл  бөлу – сауапты  іс.

Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – аға­йын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамыз­ға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені  асыға  күтеді.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсыл­мандары діни  басқармасы 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Алла қаласа, игі бастама аясында қасиетті Құрбан айт күндері жүзеге асатын ізгі  іс-шара­лар отбасы құндылығын, жанұя жарасымын арттыруға бағытталады. Сіздерді де осы бастамамызға үн қосу­ға  шақырамыз.

Алла қаласа осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қос­ты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Демек, онлайн форматта құрбан­дық шалуға тапсырыс бере аласыздар. Құрбандық еті мұқтаж  жандарға,  яғни  мақсатты  орындар­ға жеткізіледі.

Өздеріңізге белгілі, біз өткен жылы Құрбан айт күндері респуб­ликалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру үшін арнайы жұмыс штабын құрдық. Оған еліміз бойын­ша 1388 дін қызметкері мен «Зекет және қайырымдылық» қоры­ның еріктілері үлес қосты. Нәтижесінде жалпы саны 40 778 мал құрбандыққа шалынып, 131 ет қабылдау пункті­не жинал­ған  құрбандық  еті 136 964  отбасы­ға  жеткізілді.

Құрбандық еті 358 мекемеге, атап айтқанда, мүгедектер, зағиптар қорына, ауруханалар мен ардагерлер үйіне берілді. Биыл да осы қайырымдылық іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға дайынбыз. Алла қала­са, еліміз бойынша 60 орында құрбан шалу рәсімі жүзеге асады. Барша жерлес­терімді ортақ сауапты іске үлес қосуға үндеймін. Сіздердің жасаған қайырымдылық амалдарыңыз мақсатты орындарға, нақты айтқанда,  мешіттен көмек сұрап келген  әлеуметтік аз қамтылған  от­ба­сыларға  беріледі.

Осы ретте айта кетер маңызды мәселе: жыл сайын Құрбан айт күндері жекелеген азаматтар, сонымен қатар кейбір бізге беймәлім қорлар мен ұйымдар халықты онлайн құрбандық жасауға үгіттеп келеді. Олардың жеке мүдделеріне қатысты осындай іс-әрекеттері еліміздің мұсылман жамағатын алдаңдатуда. Сондықтан қайырымдылық іс-шараларды жеке мүдделеріне  қолданатын  қорлардан  сақ  болуға  шақырамыз. 

Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бір дана­лық сөзінде Хаққа қызмет халық­қа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разы­лығы – Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалық­тарының қожайын­дарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға  шақырамын.

Әрине, еңбектің  ақталғаны  жақсы. Дегенмен, біз «пайда ойлама, ар ойла» деген қанатты сөзге мән берген халықпыз. Алла Тағала халыққа жасаған жақсылықтарыңызды өзде­ріңізге еселеп береді. Өйткені Жаратушы Жаббар Иеміз Құранда «Бақара» сүресінің 272-аятында: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақа­ларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді» деп, мұсылман баласын  зор  қуанышты  хабармен  сүйіншілеген.

Сонымен қатар, барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің  алғысын  алайық,  ағайын!

Халқымыз «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген. Бұл – мұқтаж адамды қуанышқа бөлеген пенде міндетті түрде Алла­ның игілігіне кенеледі деген сөз. Алла Тағала шалған құрбандығымызды, берген садақамызды қабыл етіп, екі дүние нығметін  нәсіп  еткей!  Әумин!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: