Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құралайдың көз жасы

01.03.2023, 17:35 611

HALYQLINE.KZ Қарақұм беткейіне іссапарға шыққан едік. Ол кезде мен шаруашылықта қойма меңгерушісі болып жұмыс істейтінмін. Жанымда прораб яғни, тікелей бастығым бар. «Қожа тақыр» аталатын тақырға жеткенімізде қарақұрым киік шоғырын бір адамның мотоциклмен қуалап жүргенін көрдік. Білетіндердің айтуынша, осынау желмен жарысқан жануарлар кездескен көліктің алдын қашан кесіп өткенше жанамалап, шаба береді екен. Мұны естігенде «қап, әттеген-ай, неге бірден тура қашып, құтылып кетпейді екен?!» деп қатты өкінген едім. Осы жолы да солай өрбіді. Тақтайдай тегіс тақырды әлденеше мәрте айналып шапқан үйірден бір киік қалжырап, мұрттай ұшты. Аңшының жанына бардық. Ұзын бойлы, алып тұлғалы сары жігіт екен. Бізбен сəлемдескен соң «Бұл олжамды сіздердің іштеріңіздегі ең кішілеріңіз, мына ініме байладым. Бауыздап, ішін жарып, машиналарыңызға салып беремін» деп мені нұсқады. Тірі киікті жақын жерден алғаш рет көруім еді. Көзі мөлдіреп, өте əдемі болады екен. Аңшы жігіт киіктің тамағына қанжарын апарғанда жанарынан жасы парлап жатты. Бәлкім, солай көрінген шығар, маған жалынышпен қарағандай болды. Жүрегім тоқтап қала жаздады.

Аңшыға «Шынымен маған бердіңіз бе?!» дедім. Ол басын изеді. Мен болсам «аға, онда босатып жіберші?! » деп жалынғанымды сезбей қалдым. Аңшы да мəрт екен. «Бүгінгі бірінші олжам еді. Амал жоқ» деп босатып жіберді. Киік тəлтіректей басып, құм арасына қашқан үйірінің ізінен кеткенде қатты қуандым. Мүмкін, кездейсоқтық болуы да. Іссапардан келген күннің ертеңіне келіншегім үлкен ұлымды аман-есен босанды.

Жұмабек Табынбаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: