Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құлын құрлы құлық неге жоқ?!

23.06.2022, 10:20 342

Шынын айту керек, әлеуметтік желі айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызуда. Кез келген заттың көлеңкесі мен күнгейі болатыны секілді, ақпараттардың да жақсылы-жаманды  жағы бар. Оның керегін ғана алу өз еркіңізге байланысты. Жақында  әлеужеліні  ақтарып отырып бір фотоға көзім түсті. Мәтінін  толық  оқыдым.  Автор Қалбай  Әділовке бұл фото мен ақпарды  сонау  Қарақалпақ елінің Бозатау  ауданында тұратын  танысы  жолдапты. Еріксіз  елең  еткізетін  оқиғаны оқығанда «Құлын  құрлы  құлық неге жоқ?» деген тақырып таңдайымда  қайталана  берді, қайталана  берді.

Алыстан байланысқан ақсақал ішкі тебіренісін жасыра алмапты. Анығы, армансыз ақтарылған екен.

«Балам жеңіл көлігімен аудан орталығына асығып бара жатқан екен. Кәдімгі шаңы бұрқыраған даланың жайдақ жолы. Бір кезде құлдырыңдап шауып келген құлын көліктің алдын кес-кестей берген. Бала көлігінен түсіп, жолдан айдап салып, рөлге енді отыра бергенде әлгі тағы да көлденең тұрып алыпты» деп бастайды әңгімесін.

Ақсақалдың бала деп отырғаны зіңгіттей жігіт екенін түсініп отырған боларсыздар. Ал, әлгіндегі құлынның іс-әрекеті қазір анау-мынау адамның қолынан келмейді-ау…

«Бір пәленің болғанын сезген балам өзін қақпайлай берген бурыл құлынның соңынан ере берген. Екі жүз метрдей жүрген соң шалшық су, ұйық батпаққа тіреліпті. Бажайлап қараса, батпаққа батып, жон арқасы мен тұмсығы ғана көрініп бие жатыр екен. Ол дереу шалшықты кешіп жылқының басын көтерген. Сол кезде жарықтық солқ еткізіп терең дем алыпты. Дереу жақын маңдағы тамыр-таныстарына телефон шала бастаған. Ұйық шетінде тұрған құлын біртүрлі сай-сүйегіңді сырқыратар дыбыс шығарумен болыпты», – дейді ақсақал.

Мұндай хабарды естіген адам төзіп жата алар ма? Бес-алты жігіт жетіп келіпті. Мал иелері де жанталаса жеткен. Биені күнде идіріп сауып жүрген келіншек келе сап құлынды құшақтап жылап жіберіпті.

«Тайбурылым, жаным, жылама, анаң қазір тұрады» деп аймалапты. Сыртқа шығарылған бие аз-кем сұлық жатқан соң, басын көтеріп жан-жағына қарап құлынын іздей беріпті. Бәрі биені айналып малдас құрып отырған екен. Тайбурылдың иесі, әлгі келіншек құтқарушы жігіттің қолын алып, алғысын жаудырып жатқанда қызық оқиға жүз беріпті.

Ақсақал айтады: «Біздің бала келіншектің арқасынан қағып жұбата бергенде иығынан біреу түрткендей болыпты. Жалт қараса, құлын оның иығын тұмсығымен сипалап тұрыпты. Мұны көрген сол жердегі жиналғандар түгел көзіне жас алған. Адамдарға мына заманда осындай мейірім-шапағат бере гөр!».

Ақсақалдың ішкі қыжылы белгілі. «Ойланыңдар, пенделер!» деген сөз де – осы кісінікі. «Құлын секілді құлық адамдарда да болса ғой» деп күйіп-пісетіні анық.

«Енесімен табысқан Тайбурылдың махаббатын тілмен жеткізу қиын» дейді көзкөргендер. Иә, естіген мен оқыған адамның өзі тамаша әсер алып жатыр. Ал, оқиға куәгерлері жануардың да кей адамнан ақылды тұсы бар екенін мойындап жатқан болар. Өмірде сан түрлі жағдай кездеседі. Ең бастысы, адамдық пен мейірімділікті жоғалтып алмайық, адамдар!

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: