Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құлтемірге құл болып жүрмейік…

21.12.2023, 12:00 745

Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күнiн» оқыдыңыз ба? Оқысаңыз, есіңізде болар, Найман-Ана туралы хикая. Романда Найман-Ана мен оның баласы жайында суреттеледі. Жуан-жуандар жас сарбазды жорықта қолға түсіріп, шашын тықырлап алып, басына түйенің терісін кигізеді екен. Күн  қақтағанда  адамның  жанайқайы шығады.

Басын қысқан тері өсіп жатқан шашты кері қайы­рып, миына жібереді екен. Осыдан барып адам мәңгүрт болатынға ұқсайды. Найман-­Ана баласын елге алып кетуге келгенде айт­қан әңгіме­лерін ұлы құлағына ілмейді. Тіпті, естімейді. «Құлыным, мен сенің анаңмын» деген­де де құлақ түрмейді. Ақыры сол мәңгүрттігі анасын өлтіруге жеткізеді. Ал қазіргінің мәңгүртін жасау қиынға соқпайды. Өз-өздерін мәңгүрт етуде. Қазір қалтафонсыз жастарды елестетіп көріңізші. Мүмкін емес сондай  құрылғы кейбірінде екеу, қайсыбірінде  үшеуден  бар. Көпшілік – соның  құлы.

Телефонның зияны туралы естігенде жағаңыз­ды ұстадыңыз  ба? Көзге көрінбес  сан толқын атауын айтпас аурудың ошағы екен. Бөлінген улы элементтерді қосыңыз. Таңын қалтафонмен атырып, түнде сол құрылғыны құшақтап ұйықтайтын кей кісілер мұны ескере ме? Әлде «өмірде зиянды емес зат жоқ» деген құрғақ желеу жетемізді әбден улаған ба? Әлеуметтік желі атаулы қалтафонға деген құлықты одан әрі аша түсті. «Whatsapp», «Іnstagram», «Tiktok» жұтылып жатқан сананы одан әрі улау­ға  көшті. Көпшіліктің назарына жақсы  сурет саламын деп кей желіккен таудан құлау­да, үйден құлауда. Арыстанның араны, аку­ланың аузында кеткенін тағы санаңыз. Мәңгүрттік  деген – осы.

Көпшілік қалтафонды байланыс үшін емес, сән үшін ұстайды. Бірнеше айға қымбат телефонды несиеге алып, сарсаңға түскен талайы. Үстіне жөнді киім ілмесе де, пәтер аралап жүрсе де, брендтік ұялы телефон ұстағанды парыз санайды. Базар кезіп, дүкен аралап кітап іздеген жасты көрдіңіз бе? Жоқ. Олардың желігі – телефон. Құлтемірге қызмет қылған осы болар. Кітап демекші, кітап оқитын қазақ бар ма? Әлемдік деңгейде саралаған зерттеушілер қазақстандықтардың 17 проценті ғана кітап оқиды деп айды аспанға шығарды. Сұмдық!

Телефонның неше атасын шығарған әр жапонға елдегі кітаптың 11-і  тиетін  болса, мың қазаққа 249 кітап тиеді екен. «Жаман» жапон қазақты мың орап кетеді деген сөз. Жүз мыңға кітап алғанша қалтафон алуды ұнататын қазақ мәңгүрттікке бет алуда. Неге дейсіз бе? Көшеден кез келген кісіні тоқтатып, соңғы кезде қандай кітап оқығанын сұраңыз. Көпшілігі мектеп кезінде кітап ақтарғанын айтар, одан соң түк жоқ.

Кітап – тарих, әдебиет, қазына, байлық. Ал қалтафон – сол ғылымның жаңалығы. Қазір неге бізде жас ғалымдар аз? Өйткені, біздің қоғам ғылымға емес, ғылымның жаңалығына құмар. Ойлап қараңызшы, қазаққа екінші Абай, екінші Құрманғазы, екінші Мағжан біте ме? Мағжанды білесіздер, төрт жасында қазақтың жарық жұлдызы болды. Абайды айтпасақ та түсінікті. Солардың бәрі кітап оқудан, ізденуден, көкейге тоқудан «ҰЛЫ» болды. Ал біз ше? Кітап оқымасын делік, тыңдар құлақ бар ма жастарда? Құлаққаппен тығындалғанда тыңдау қайда? Оларға өнегелі әңгімеден «Jain» (Makeba) мен «Natalia Doco»-ның былдыры қажет. Оларға  Абай болу емес, бай болу керек. Жел сыбдыры мен судың сылдыры, аттың дүбірінен күй  шығарған  Құрманғазы болу қайда? Нота жоқ дәуірде есту қабілетімен даңқты  күйші болған кісіге жетуді ойлағанды кезіктірген емеспін. Сіз ше?

Тыңдау дегеннен шығады, қазақтың әдебиеті мен мәдениеті, барша болмысы, өткені құлақтан құйылып, санада сақталып жетпеді ме? Күллі Еуропа «ұмытылып кетер» деген желеумен бар құндылығын қағаз бетіне түсіргенде, қазекем бар әдебиетін миының қатпарында сақтапты. Баба жұрт келесіге баяндап беру, айту арқылы жеткізген. Одан кейінгілер болашаққа бар құндысын ауыздан-ауызға тарату арқылы жеткізді. Ал қазіргілер бүгін айтқаныңды ертең ұмытады. Шешелеріміз «бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кетеді» деуші еді. Құдды Макондоның тұрғындарындай. Түсінбей қалдыңыз-ау, Габриэль Гарсия Маркес деген жазушы бар, соның «Жүз жылдық жалғыздық» деген туындысындағы елді мекеннің атауы ғой. Сол қалашықтың тұрғындары ұмытшақ ауруына душар болады. Заттың да, адамның да атын ұмытып қалады. Ұмытқаны былай тұрсын, аурудың дендегені соншалық, заттардың атын есіне түсіру үшін атауын жазып, жабыстырып қояды. Біз де Маркестің кейіпкері сықылды болып барамыз. Неге  дейсіз  бе? Құймақұлақтар  азайып  барады. Қауіп  пе?

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: