Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоян жылы қандай жыл?

21.03.2023, 11:00 371

Шығыс  жылнамасына  сәйкес, биылғы жылдың иесі – қоян. Қоян жылына қатысты халық арасында әртүрлі сенім бар. Олардың бірінде қоян жылы жайлы, жақсы жыл болады делінсе, енді бірінде қиындығы мол, ауыр жыл болады  деген  болжам  айтылады. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болатынын ескеру керек, әйтсе де, қоян жылы қандай жыл деген сұраққа «Түркістан» газеті жауап іздеп  көрген  екен.

Қоян – жыл санаудағы төртінші жыл. Шығыс жылнамасына қатысты деректерге сүйенсек, қоян жылының өзі ақ қоян, ор қоян, қара қоян, көк қоян, көкше қоян, сары  қоян, қызылкөз қоян, қоңыр қоян, сұр қоян, сұрша қоян, бурыл қоян, бөрте қоян болып 12-ге бөлінеді екен. Келетін қоян жылының нақты қандай қоян жылы екенін жылнамашылар алдын ала болжап бiлiп  отырған.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сүйенсек, 2023 жыл көк немесе қара су қояны жылы екен. Жалпы, қара қоян өте сирек кездеседi, жүнi көкшiл қара болып келедi. Қара қоян жылы жақындағанда өзен бойы, сулы жерлерде қара қоян көбейiп, ал тауда, керісінше қоян азаяды екен. Сонымен қатар қысы қарсыз, қара суықты болып, тұмау көбiрек болатын көрінеді. Жазда малдың сүті азаяды, қара түстi малдың етiнiң дәрiлiк қуаты күшейедi деген де пайымдар бар.

Қара қоян жылы туған ер баланың мiнезi қатты, қыз бала берекелi, пейiлi кең келедi екен.

Жалпы, қоян жылының барлығына ортақ сипаты – малға жайлы, адамға жайсыздау болады деген де сенім кездеседі. Дегенмен, жұт көп болатын жыл деген де нанымдар бар.

ҚОЯН  ЖЫЛЫ  ТАРИХТА  ҚАНДАЙ  ЕЛЕУЛІ  ОҚИҒАЛАР  БОЛҒАН?

Қазақ тарихындағы нәубеттің бірі 1723 жылғы «Ақтабан шұбы­рынды, Алакөл сұлама» осы қоян жылына тура келеді. Ал 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атаған. Одан кейінгі қоян жылдарында да жұт қайталанып отырған екен. Мәселен, 1879  жылы  Оралда – 80 пайыз, Ырғыз бен Торғайда – 59 пайыз, Сырдарияда 56 пайыз мал қырылған «үлкен қоян жұты» болған, 1891 жылғы жұт «кіші қоян жұты» аталса, 1915 жыл «та­қыр  қоян  жұты»  болған.

1963 жылғы қоян жылы да шаруаш­ылық үшін ауыр өткен. 1903 жылы Патша өкіметі Петро­павл, Павлодар және Семей уездерінде беделді, көзі ашық қазақтардың үйіне тінту жүргізеді. 1915 жылы бірінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылы болған. Соғыс зардабы қазақ ауылдары­на көп ауыртпалық әкелген, салық­тың көлемі 15 есеге дейін өскен. Тіпті, арнайы «соғыс салығы» да енгізілген.

1927 жылы күштеп ұжымдас­тыру, аштық болған, ауыл шаруа­шылығын ұжымдастыру туралы шешім қабылданды. Бұл науқан байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін жер аударудың, 1932 жылғы адам айтқысыз аштықтың алғышарттарын  жасады.

1939 жылы аштықтан кейінгі алғашқы санақ өтті. Осы санақ­тың нәтижесінде Қазақстанда қаза­қтардың  саны  2 мил­лион  313 мың адам деп есептеліп, ол барлық халықтың 38 пайызы болды. 1926 жылы жүргізілген санақта қазақтардың саны 3 миллион 627 мыңға жетіп, ол жалпы халықтың  58  пайызы  болған.

1951 жылы 18 қазанда Семей полигонында уран бомбасы сынақтан өткізілді. Ал 1963 жылдан бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында  жүргізіле  бастады.

1987 жылы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жаппай жазалау шаралары басталды. Алаңда болған жүзге жуық азамат бас бостандығынан айыру, ал Қайрат Рысқұлбеков ату  жазасына  кесілді.

2011 жылы да қоян жылы болған еді. Бұл жылы Маңғыс­тауда Жаңаөзен оқиғасы, Ақ­төбе, Атырау, Таразда, Алматы облысында  лаңкестік  оқиғалар болып, Оралда  үш  ауылды су бас­ты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Алматы метросы пайдалануға  берілді. Астана қала­сы ТМД және ЕурАзЭҚ елде­рiнiң «Үздiк қаласы» атанды. Соны­мен қатар, осы жыл Астананың «түркi әлемiнiң мәде­ни астанасы»  атанған жылы болып тарихқа ендi. Сондай-ақ, елімізде қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстан осы жылы Ислам конферен­циясы ұйымының Сырт­қы істер министрлері кеңесіне төрағалық  етті.

ҚОЯН  ЖЫЛЫ  ТУҒАН  ТАНЫМАЛ  ТҰЛҒАЛАР

Қазақ тарихындағы ең ұлы хандардың бірі Абылай хан қоян жылында (1711 жылы) дүниеге келген. Ол дәл қоян жылында (1771 жылы) Қазақ хандығының ханы  болып  сайланды.

Сонымен қатар қоян жылы туғандардың қатарында Жан­қожа Нұрмұхамедұлы, Ақан сері, Ықылас Дүкенұлы, саяси қайрат­кер Мұхаметжан Тынышпайұлы, Ілияс Есенберлин, Асқар Тоқпанов, Ермұхан Бекмаханов, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшенов, Амангелді Айталы, Жақып Омаров, Әбіш Кекілбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Тұрсын Жұртбай, Әлібек Дінішев, Асқар Алтай, Бауыр­жан Жақып, Дәулет Тұрлы­ханов, Ермек Аманшаев, Айгүл Мүкей  және  тағы  басқалар  бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: