Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың басты жауы – арақ

28.10.2023, 9:00 310

HALYQLINE.KZ

Қазақ халқының осы кезге дейін жауы көп болды, патша мен совет өкіметінің отаршылдық саясаты жымысқы түрде жүргізілді. Қазақты діні мен салт-дәстүрінен айыру үшін неше түрлі қитұрқы істерді бірте-бірде іске асырып отырды. Алдымен совет үкіметі кешірім берген қазақтың «Алаш» қозғалысының қайраткерлері мен оқыған зиялы қауымын 1921-1931 жылдары алғашқы репрессияға ұшыратты, одан қалғанын 1937-1938 жылдары екінші рет репрессияда атып тынды. Сол кезде советтік заманда оқып қалыптасқан зиялылар орыс зиялылармен араласуы нәтижесінде жаман әдетке үйір бола бастады, ол арақ ішу еді. Оларға қой деп айтатын қазақ қоғамының қозғаушы күші болып табылатын байлар да тәркілеуге ұшырап, қарсылық көрсеткендері атылып және Сібірге жер аударылды. Одан кейін соғыстан оралған азаматтарымыз соғыс кезінде «наркомдық 100 грамға» бой алдырып келгендіктен араққа қарсы болмағанымен тұрмай «соғыс кезінде орыс тілін білмегендіктен қор болдық, енді оны балаларымыз көрмесің» деп жоғары жаққа арыз жазып, қазақ мектептерін жапқызды, қазір соны Қонаев көкемізге жауып жүр. Сол соғыс көргендердің балалары мен немерелері қазақ тілі мен ділінен айырылып, сол орыс мектебіне берген аталарын арақ ішіп алып сақалынан ұстап сабаса, қартайғасын қарттар үйіне беретін үрдісті бастады.

Осылайша кең-байтақ жерімізді толарсақтан саз кешіп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған батыр халықтың ұрпақтары арақтың алдында дәрменсіз болып шықты. Ақыл айтатын еліміздің астанасы Алматыдағы зиялы қауым, яғни халықтың таңдаулы өкілдері, ғалымдар, өнер адамдары, жазушылар мен әнші-сазгерлер 1950 жылдардың ортасында арақ ішуді «мәдениетке» айналдырды. Cол кезде ғой классик жазушымыз Мұхтар Әуезовтың жас жазушы, қазіргі классик жазушымыз Софы Сматаевқа: «арақты байқап ішіңдер, аз ішсеңдер – дәрі, көп ішсеңдер – у» деп ескерткені. 1960 жылдардың басынан бастап ол «мәдениет» ауылға да келді, қазақтың тойы арақсыз өтпейтін жағдайға жетті. Қазақтың талай талантты адамы осы арақтың құрбаны болып кетті. Арақ ең алдымен отбасының шырқын бұзды, ажырасу қалыпты жағдай болды, қыздар оң жақта отырып «кәрі қыз» атанды. Менің бір сыныпта оқыған досым Мейірбек Мұстафаев милицияда істейтін, сексенінші жылдары кейде түнгі аусымнан шыққанда үйге соғып, азанғы шай үстінде әңгімелесіп, мына айтқаны есімде қалыпты. «Бақытжан, біздер форма киіп шіреніп жүргесін жұмысы жеңіл деп ойлайды ғой. Бір түнгі аусымда не болмайды, осы арақ ішкендер-ақ діңкәмізді құртып болды. Түнде мас болып баласы мазасын алғасын, «02»-ге телефон шалып шақыртады, барып «вытрезвительге» алып кетейік десек, таяқ жегенін ұмытып кетіп, ата-анасы баласын аяп, қайтадан босатшы деп жалынатынына жыным келеді» дейтін марқұм досым.

Қазақ халқы осылай арақтың зардабын көп көріп жүргенде, үміт оты жанып, 1985 жылы М.Горбачев билік басына келгеннен кейін, «Алкоголизмге қарсы күресті күшейту туралы» Заң қабылдап (сухой закон), жақсы үрдістерді қолға алғанмен, нарықтық экономикаға көшкен соң барлығы адыра қалып ұмытылып кетті. СССР тарап, жоспарлы зкономикадан бас тартқаннан кейін дүкендер жабылып, кім қандай тауар сатуға ерік берген соң, қазақ даласына Қытайдың арзан сасық арағы мен спирті келді. Сол кезде базарда ешқандай да жағдай жасалмағандықтан далада жабайы сауда істеп тұрғандар осы спиртпен бой жылытып, саудасын істеп тұрып болашағын ойлауға да мұршасы болмады, соның кесірінен талай азамат бауырдан кетті. Қазір де жағдайдың оңып тұрғаны шамалы, тойханада той өткізгенде арақты шамадан тыс алады, ішілмей қалғанын көтерме дүкен иесімен келісіп қайта өткізеді, арақ өтімді тауар болғандықтан оны қайтарып алады, ал онымен қосып алған түрлі газды сусынды алмайды. Тойханада араққа сылқиып тойып алған жас жігіттер түгіл шалдар мен қыз-келіншектер мен кемпірлердің ерсі қылықтарын көргенде шошисың. Естеріңізде болар, жасы 73-74-тегі кемпірдің билеймін деп жүріп шпагатқа отырғаны. Тойханадағы мұндай ерсі қылықтарды түсірген бейне түсірілімдерді «ютуб» каналынан жүздеп емес мыңдап көруге болады, себебі қазақта не көп, әрине той көп. Оларды үшке бөлуге болады: 1. Сүндет той, 2.Үйлену тойлары (қыз ұзату мен келін түсіру). 3. Әртүрлі той (шілдехана, бесік той, мектеп пен институт бітіру, мерейтойлар бұрын елу жастан басталса, қазір жиырма бестен басталатын болды, зейнетке шығу, т.б.), тіпті қазір баласы әскерден бір жылдан кейін келсе де тойханаға 300-ден астам қонақ шақырып той істейтін болды, ол тіпті соғыстан бәрін жайпап келгендей әке-шешесіне рапорт бергенен кейін басталатын болды, яғни «құрметті әке мен анашым Отан алдындағы борышымды адал орындап келдім» деген сөзінен кейін той басталатын болды. Бұл, әрине ерсі, баласы аман-есен келгеніне құда жолын жасаса да болады ғой. Жоқ, қазақтың үлкені мен кішісі де «понтовать» еткенді, яғни мақтануды әдетке айналдыруы сияқты қауіпті дертке бой алдырдық. Сол «ютуб» каналында қаршадай қазақ қызының: «Каждый казах – душой мактаншак» деп айтқан тақпағының астарында ащы шындық жатыр. Cтатистикалық көрсеткішке келсек, Қазақстан алкоголь ішімдігін ішу мен отбасылық ажырасу жағынан алғашқы ондыққа кіреді, бұл жерде оның басты себебі әзәзіл арақ екені белгілі.

1977 жылы «Қырғыз фильм» арақтың отбасы шырқын қалай бұзатыны туралы «Ұлан» атты керемет кино түсірді. Басты кейіпкер Азат Байрамов ролін СССР және Қырғыз ССР-нің халық артисі, Қырғыз ССР-нің халық суретшісі Сүйменқұл Чекморов ойнаған еді (кинокадр ашық дереккөзінен алынды).

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: