Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан қауіпсіз ел ме?

07.11.2024, 12:00 1011

Шынында тәуелсіз, бейбіт елміз деп айту қиын. Жуырда Экономика және бейбітшілік институты жасаған Global Peace Index 2024 талдауында әлем елдерінің бейбітшілігі мен қауіпсіздік деңгейі төмендегені айтылған. Ranking.kz зерттеу порталының мәліметіне сәйкес, бұл – соңғы 16 жылда көрсеткіштің он екінші рет нашарлауы. Оның жаһандық индексі 0,56%-ға төмендеген. Жасалған талдау аясында мемлекеттердің бейбітшілік индексі статистикасына қарай шағын ізденіс  жасап  көрдік.

Есепте көрсетілген 163 елдің ішінде бей­бітшілік индексі өткен жылмен салыстырғанда 65 елде өсті. 97 мемлекетте бейбітшілік деңгейінің төмендегені байқалды, жағдайы нашарлаған елдердің саны артып келеді. Соны­мен қатар, бесінші жыл қатарынан бүкіл әлем бойынша  жағдай  нашарлауда.

Жаһандық бейбітшілік индексі – ғаламшардағы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жетекші әлемдік көрсеткіші. Ол үш саладағы бейбітшілікті, яғни, қоғамдық қауіпсіздікті, жалғасып жатқан ішкі және халықаралық қақтығыстар мен милитаризацияны өлшеу үшін салмағы  бар  дереккөздерден   тұратын  23 сапалық және сандық көрсеткіштерді пайдаланады.

1,112 балл және 1,303 балл көрсеткіш­тері­мен Исландия мен Ирландия ең бейбіт елдер  болып  қала  береді. Ал ең бейбіт елдердің алғашқы ондығына Австрия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Швейцария, Португалия, Дания, Словения және Малайзия кіреді. Бұл жолы Канаданы 10-орынға ауыстырған Малайзияны қоспағанда, осы елдің барлығы өткен жылы алғашқы ондыққа кірді. Бұл рейтингте индекс неғұрлым төмен болса, елдегі тыныштық пен қауіпсіздік деңгейі де жоғары болатынын айта кеткен жөн. Бұл – қолайлы әлеуметтік орта мен адам құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз  етілуіне ықпал ететін тұрақтылық және  азаматтарға  қауіп-қатердің төмен деңгейі  туралы  қорытынды жасауға мүмкіндік беретін  талдау.

Биыл жаһандық бейбітшілік индексінің дерек­тері көптеген елде тұрақсыздықтың белең алып, қақтығыстардың артып, әскери шығындардың өсуін көрсетуде. Бұл зерт­теуде ең төмен көрсеткішке ие болған Йемен мен Судан көш бастады. Екі ел де бейбітшілік деңгейінде сәйкесінше 3,397 және 3,327 балл жинап, тұрақсыздық көрсеткіштері бойынша тізімнің соңынан орын алды. Бұл қатарды былтырғы ең төмен деңгейлі мемлекет болған Оңтүстік  Судан  жалғастырды.

Сонымен қатар, бейбітшілік деңгейі төмен он мемлекеттің тізіміне Украина (159-орын), Ресей (157-орын) және Израиль (155-орын) кірді. Сарапшылардың пайымдауынша, дәл осы елдерде болып жатқан әскери қақтығыс­тар 2024 жылғы жаһандық бейбітшілік индексі­не айтарлықтай  теріс  әсер  етті.

Бейбітшілік индексін құрастыруда милитаризация көрсеткіші маңызды рөл атқарды. Зерттеуге сәйкес, 163 елдің 86-сы өз әскери шығындарын ұлғайтты. 2008 жылдан бастап әлемдегі бейбітшілік жағдайы 4,5%-ға нашарлап, тұрақсыздық, саяси турбуленттілік, қарулы қақтығыстар және зорлық-зомбылықтың өршуі ерекше байқалған. Бейбітшілік деңгейі жақсарған елдер саны (66) төмендеп, 95 мемлекетте  ахуал  нашарлаған.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, Еуропа ең бейбіт аймақ болып танылды. Бұл аймақта бейбітшілік рейтингінің алғашқы ондығына жеті ел бірден кірді. Алайда, қызықты дерек ретінде, дәл осы Еуропада милитариза­ция деңгейінің айтарлықтай  нашарлауы тіркелді. Одан кейінгі орындарға Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Солтүстік Америка жайғас­ты. Ал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка қақтығыстардың жиілеуімен бейбітшілік  деңгейі  ең  төмен аймақтар қатарында қала  берді.

Осы жылғы «Ресей және Еуразия» аймағындағы бейбітшілік индексінің өсіміне қарамастан (жылына 0,6%-ға жоғарылаған), аймақтың 12 елінің тек төртеуінде ғана бейбітшілік көрсеткіштерінің жақсарғаны тіркелді, ал қалған сегізінде жағдай керісінше. Бұл аймақтағы басты мәселе – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Оның аяқталу мерзімі әлі де белгісіз болғандықтан, бұл екі ел әлемдегі бейбітшілік деңгейі ең төмен мемлекеттер қатарында  қалуда.

Аймақтың ең бейбіт елі ретінде Қазақстан танылды. Қазақстан әлемдік рейтингте де айтар­лықтай жоғары көрсеткішке ие болып, 78-орыннан 59-орынға көтерілді. Бұл нәтиже елдегі бейбітшілік деңгейінің едәуір жақсарғанын көрсетеді. 2022 жылғы тәртіпсіздіктерге әкелген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі шешілмесе де, өткен жылмен салыстырғанда наразылық акцияларының азаюы ішкі тұрақтылыққа оң ықпал етті. Дегенмен, саяси терроризм шкаласының жоғарылауы елде әлеуетті ішкі қақтығыстардың  қайта  болу  қаупін  көрсетеді.

Бейбітшілік индексіндегі оң өзгерістер қатарында Өзбекстан да бар, ол бір жылда рейтингте 15 орынға көтеріліп, 60-орынға жетті. Молдова  екі орынға төмендегенімен, 63-орнын сақтады. Аймақта бейбітшілік деңгейінің ең жоғары өсімі Қазақстанда байқалды (0,108 балл). Одан кейінгі өсімдер Өзбекстанда (минус 0,088 балл), Қырғызстанда (минус 0,081 балл) және Тәжікстанда (минус 0,075 балл) тіркелді. Мұндағы минус белгісі рейтингтің теріс компоненттерінің төмен­деуін білдіреді, яғни, бейбітшілік көрсеткіштері бойын­ша  оң  нәтиже  дегенді  аңғартады.

Жалпы алғанда, «Ресей және Еуразия» аймағын­дағы  бейбітшілік  индексінің  жағ­дайы бірқатар елде оң нәтиже көрсеткені­мен, бұл өсім аймақтағы негізгі мәселе­лерді толық  шешпейді. Қазақстан мен Өзбекстандағы тұрақтылықтың артуы – аймақтағы бейбіт­шілікке деген оң қадамдардың көрсеткіші. Деген­мен, аймақтағы саяси тұрақсыздық пен экономикалық мәселелер әлеуетті қақтығыстарға жол ашуы мүмкін. Аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешу  қажет  екені  айқын.

ОрынЕлИндексБейбітшілік деңгейіӨзгеріс
59Қазақстан1,954-0,108Жоғары
60Өзбекстан1,957-0,088Жоғары
63Молдова1,9760,017Орташа
71Тәжікстан2,035-0,075Жоғары
76Армения2,0520,008Орташа
77Қырғызстан2,053-0,081Жоғары
82Түрікменстан2,0790,008Орташа
100Грузия2,1950,062Орташа
106Әзірбайжан2,2480,061Орташа
112Беларусь2,2910,001Орташа
157Ресей3,2490,009Өте төмен
159Украина3,280,115Өте төмен
154Мали3,095Өте төмен
155Израиль3,115Өте төмен
156Сирия3,173Өте төмен
158Конго ДР3,264Өте төмен
160Ауғанстан3,294Өте төмен
161Оңтүстік Судан3,324Өте төмен
162Судан3,327Өте төмен
163Йемен3,397Өте төмен

К.ҚҰРМЕТ

Кестені  жасаған  автор.

Коллаж aikyn.kz сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: