Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қазанын төңкергені дұрыс па?

12.05.2022, 9:20 727

Соңғы уақытта Tiktok әлеуметтік желісі өміріміздің бір бөлшегіне айнал­ғандай. Сағат сыңғыры қалай лезде өтіп кеткенін осы желіге кірсең байқамайсың. Бірақ трендте жүріп, елге танылуға болады. Мәселен, өзгенің тамағын әзірлеп, Tiktok  тілімен айтқанда ректе жүруің әбден  мүмкін. Ендеше, жастар арасында таныма­лдыққа ие  болған  «маклюбе»  тағамы  жайында сөз етейік. Бір қарағанда палау­дан  ешбір айырмашылығы жоқ. Тек жасалу әдісінде өзгешелік бар. Сол ерекшелік аға буынның ызасына тиюде. Ал жастар болса, көп нәрсеге жеңіл қарайды. Бәлкім, жеңіл көзқарастың арқасында еркін өмір сүру құқығына ие шығар. Бірақ үлкеннің сөзін елемесе, өмір деген әлі-ақ екі аяғыңды  да  тағалайды.

«Маклюбе» тағамы Түрік пен Ирактың, Сирия мен Палестина халқының дәстүрлі тағамы екен. Тарихы сонау Асси­рия деген жерден бастау алған. Құрамында негізгі аспектісі – ет. Әрі қарай күріш пен көкіністер қосылады. Сондай-ақ талғамға қарай, йогурт, тахини, айран сынды сусынды қосып, қияр мен қызанақ сияқты салатты да әзірлейді. Алайда тамақтың құрамына ешбір сын жоқ. Қазақ халқына жақпағаны – оның әзірленуінен бөлек, қонаққа ұсыну тәсілі. Себебі басты элементі қазанды төңкеру болып тұр. Ал қазақ халқы еш­қашан қазанын төңкермеген және оны жаман  ырымға  балаған.

Қазақта қазан төңкерілсе, артында ұрпағы қалмады, оты өшті деген ұғымды білдіреді. Бұл – ата-бабамыздың қаншама жылдан бері сеніп келген наным-сенімі. Махамбет Өтемісұлының «Қара қазан, сары бала, қамы үшін қылыш сермедік…» деп келетін өлеңінде халқымыздың киелі символы – қазанның төңкерілмеуі жолындағы ерлік күрес жайында жырлайды. Қазақ не айтса да, қалт айтпаған. Дегенмен қазіргі қазақ қоғамы өзгерді. Қазанның қасиеті түгілі, қазақы  болмыс  өшкендей  ме?

– «Маклюбе» тамағын дайындап, қазан­ды төңкеріп, түбін ұру деген нәрсеге дінімізде қатаң тыйым салынбайды. Бірақ қазақ қоғамының түсінігінде бір үйден немесе елден адам көп қайтыс болса, қазанын төңкеріп тастап, қаза болмасын деген мағынада ырым бар. Бұрын қазалы үйден тамақ берілмейтін. Кейінірек, қазалы үйден қазан көтеру неше түрлі жарысқа айналып кетті. Бұл дінімізде де айтылған. Алайда хадиске қарама-қарсы жұмыс істеп кеттік деп шырылдаған ақсақалдар қазалы болған үйдің қазанын төңкеріп тастайтұғын. Бұл келе-келе ырымға кірді. Егер бұған сенетін болсақ, ол кезде жастардың іс-әрекетін ақтап шыға алмаймыз. Ал қазан төңкеру деген қазақ­тың салт-дәстүрінде жоқ десек, «қазан­жаппай» деген ас бізде де болған. Бұл асты да төңкеріп әзірлейді. Жалпы, «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» демекші дінімізде немесе әдет-ғұрыпта жоқ, ойдан шығарылған өзінің өзегін жоғалтқан кейбір амал-әрекеттердің орындалуына қарсы болған жөн. Ал «маклюбе» тамағын әзірлегенді оғаш қылық деп айта алмаймын. Асқа құрмет көрсетілуі керек деп есептеймін, – дейді «Сыр дидары» газе­тінің  редакторы  Сәкен  Алдашбаев.

Қазақта ұлыстың ұлы күні, торқалы тойда, қаралы қазада жеті қазынаның бірі қара қазанда ас пісіріледі. Қара қазан­да пісірілген ас ел бірлігін сақтайды деген сенім бар. Асқа деген адалдықты ата-бабамыз естен шығармаған. Тіпті қазан ешбір қазақ үйінде қаңырап бос тұрмаған. Тым құрығанда бір-екі қалақ май тамызып қояды. Себебі «қазан қаңсымасын» деген ниетпен қазан толы болса, ырыс-несібе де келеді деп сенген.

Бауырлас түркі елінің тағамына өкпе-реніш болудың қажеті жоқ шығар. Қазақ­та «қан жібермейді» деген тіркес бар. Осы түбі бір екі ел арасындағы менталитет те бір-біріне ұқсас. Сондықтан «маклюбе» тағамының төңкеріліп әзірленуі – оның басты «фишкасы» деп қабылдаған оңтайлы шешім. Дей тұрғанымен, бұрындары қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспа­ған аға буын өкілдерінің сыни көзқарасы орынды. Қазанымыз құласа «несібе төгіледі, ырыс шайқалады, ас азайып, дән далаға қашады. Отқа төгіліп, дән күйеді. Күл астында қалады. Қазан шайқалса – ырыс шамданады» деп айтқан қазағымыз. Сондай-ақ зоба­лаң кездері талай бала сол қазанның астында бұғынып, аман қалып еді. Соның арқасында бір рулы ел тарағанын еске салған жөн. Егер бүкіл дүниеге жеңіл қарай берсек, қазақ өзінің кім екенін  жоғалтып  алуы  кәдік.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: