Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ еліне «Миранда ережесін» енгізу керек

03.03.2022, 11:40 894

Карикатураны салған Ғалым Смағұлұлы

Тергеу изоляторларында 6 адам өлді… Ұсталғандарды  азаптау  мәселесі  бойынша 191 іс қозғалды… Айдалада атпен кетіп бара жатқан малшыны тапа тал түсте атып тастады… Бір отбасы қала ішінде машинада кетіп бара жатқанда түгелдей оққа ұшты… Ауруханадан жараланған адамдарды зорлықпен алып шығып, тергеу  орындарына  алып  кетіп  жатыр…  т.т.

Біз де жас болғанбыз. Қызылорданың «Шанхай» деген жерінде аудан-аудан болып күн құрғатпай төбелесетінбіз. Пышақ, кастет, обрездер (шолақ мылтық) де – бізден қалған қарулар. Милицияға да түстік, олардан таяқ та жедік. Бірақ азаптау, қорлау, жаралыны төсектен зорлап тұрғызып, жауапқа (азаптауға) алып кету дегенді естіген жоқпыз. Қатыгездік жағынан өсіп кеткен сияқтымыз. Жамандық жағын бойымызға сіңіруден алғашқы отыз елдің қатарына кіргеніміз анық.

Билік өзгереміз деп жатыр. Биліктің басындағы адам өзгереміз деп жатыр. Елге опасыздық жасағандарды үлкен лауазымдарына қарамай қамауға алып жатыр. Алайда, қоғам күткен шындық айтылып жатыр ма, егер айтылса, сол шындықты жарыққа шығарып, сол іс-әрекетке сай жазалар тағайындалады деп сенеміз бе? «Тергеу изоляторында алты адам қайтыс болыпты». Мүмкін, «азаптау салдарынан қаза тауыпты» деген дұрыс шығар… Білмеймін. Егер қанды қаңтарға қатысы бар деп ұсталған адамдарды азаптағандары үшін 191 іс қозғалғаны шындық болса, ертең оларды «қаза тауыпты» деп өзгертерміз. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын Америкада Джордж Флойд деген бір адамды ұстаған полиция қызметкері шектен тыс қимыл жасап, абайсызда өлтіріп алғаны бар. Бүкіл Америка көтерілді. 10 штат, он жеті қала көшеге шықты. Дүрмекті басу кезінде он бір адам қаза тапты. Халық президент Трамптың айқайына пысқырып та қараған жоқ – қапыда полиция қолынан мерт болған Джорджға ескерткіш тұрғызды. Ескерткіш демекші, халықтың қарсылығы кезінде ондаған тарихи ескерткіш құлатылды. Және … құлаған ескерткіштерді билік қайтадан тұрғызған жоқ.

Бізде де бір ескерткіш құлатылды. Полиция оны құлатуға қатысқан азаматты жантүршігерлік азапқа салды деген хабар тарады. Өз басым, өкінішке қарай, сенемін. Біз Америка емеспіз…

Егер бір адамның полицияның қолынан абайсызда қаза тапқанына (әдейі емес, «абайсызда өлтіру») бүкіл Америка көтерілсе, алты азаматымызды қолдан өлтіртіп, үнсіз отырған Қазақ еліне не дейміз… Меніңше, олар тергеу изоляторындағы азаптаудың нәтижесінде ғана қаза тапты. (Ризабек Ожаров,  начальник службы спецпрокуроров Генеральной прокуратуры РК: – Буквально на днях мы приняли к произ­водству уголовные дела по фактам применения  недозволенных методов дознания. Прежде их расследованием занимались органы Антикоррупционной службы. Нам пере­даны не все подобные дела, а только по случаям, где зафиксированы тяжкие последствия, точнее сказать, смерть задержанных. По нашим сведениям, при таких обстоятельствах погибли  два  человека в условиях ИВС Алматы, трое – в Восточно-Казахстанской области и один человек – в Талдыкоргане. Также мы взяли резонансное дело о пытках, сопряженных с применением утюга, в отношении еще одного жителя Талдыкоргана, который до сих пор содержится в следственном изоляторе). Басқаша  болуы  мүмкін  емес.

Көңіл күпті. Күпті емес-ау, қан жылайды. Мені мемлекет қызметкерлерінің: тергеу­шілер, түрме қызметкерлері, полицияның жасаған жантүршігерлік  қылмысы емес, олар­дың  ертең қандай  жаза  алатыны  ойлантады. Себебі, біздің жүйеде билік жағынан жасал­ған қылмыс иелері не жоқ болып кетеді, неме­се олардың істері сиырқұйымшақтанып, «шелек жалағандардың» мардымсыз жазасымен аяқ­талады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде 99 адам сотталды, бірнеше мың адам ауыр жара­қат алды, мыңдаған жас оқудан, жұмыс­тан шығарылды, қанша адамның қаза тапқанын  құдай білсін… Жыл сайын сол боздақ­тарға құран оқимыз, суреттерін көшелерге іліп, кездесулерде  оларды  мақтан тұтамыз, халық қаһарманы деген атақ та береміз. Бірақ осыларды жазалағандардың біреуі сотталып, жаза алды дегенді естідіңіздер ме? Оларды Марстан түскен басқа бір тылсым әлемнің адамдары ұрып-соғып, оқудан шығарып кеткен сияқты. (Оларды соттаған соттар мен прокурорлар, оқудан шығарған декандар мен министрлердің, ұрып соққан милиция мен әскери адамдардың көпшілігі әлі тірі, қасымыз­да жүр). Жаңа­өзенде 17 адамды атып өлтірген мемлекет қызмет­керлерінің ішінде бесеуі ғана сотталғанын  білеміз. Сонда әрқайсысы 3 адамнан  өлтірген  болды ғой… Олардың бұйрықсыз оқ атпайтыны белгілі, сонда сотталғандардың ең шендісі лейтенант болғаны нені көрсетеді? Бұйрық  берушілер  қайда?

Бізде оққа ұшқан адамдар бар да, оны өлтіргендер – жоқ… Бізде азапталғандар бар, бірақ – азаптаушылар  жоқ.

Не  істеу  керек?

Біріншіден, адамдарды азапқа салған дерек­тер анықталған жағдайда (оған үлкен күмәнім бар…), бұл азаптауларға қатысы бар жауыздарды «қызмет бабын асыра пайдалану» бабымен емес, «қасақана кісі өлтіру» бабы­мен соттау қажет. Меніңше, осы қаңтар қыр­ғынынан кейін, кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, адам құқығы мен еркіндігіне қатысты қылмыстардың жазасын қатаңдату керек сияқты. Оның ішіне сайлау кезіндегі заңбұзушылықтар да кіреді. (Мен алты жыл тәуелсіз республикалық бақылау­шылар  жүйесіне  басшылық  еттім. Сол  уақытта Украинаның тәуелсіз бақылаушыларымен тәжірибе алмасулар болды. Менің «Бәріміз Кеңес одағынан шықтық. Бірақ сендердегі сайлау бізге қарағанда анағұрлым әділ өтеді. Осыған қалай жеттіңдер?» деген сұрағыма, КВУ-дің басшысы «1998 жылғы сайлауда 14 сайлау  комиссиясының төрағасы сайлау заңын бұзғаны үшін ұзақ мерзімге сотталып кетті. Сол уақыттан бастап, сайлау дұрыстала бастады»  деп  жауап  берді).

Екіншіден, қаңтар қырғынына байланыс­ты тергеу-тексеру кезінде адам құқығын бұзу дерек­терін анықтап, кінәлі болып табылғандар қатаң жауапқа тартылуы шарт. Оның ішіне азаптаушылармен қатар, ауруханада жатқан адамдарды тергеуге алып кеткенде ара түспеген дәрігерлер де, ұсталған адамдардан адвокаттың қатысуынсыз жауап алған тергеушілер де, т.т. кіреді. Ең бастысы, орындаушылар емес, сол орындаушылардың басшылары мен сол азаптауды көре тұра ара түспеген мемлекет қызметкерлері  де  жазаға тартылуы шарт (Бізде ондайларды Президент кеңесшісі етіп тағайындауы да  мүмкін…).

Үшіншіден, баллистикалық зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, жазықсыз жандарды нақты атқан адамдарды анықтау шарт. Меніңше, баллистикалық зерттеулер арқылы оқтың қандай қарудан шыққанын анықтау осыдан 187 жыл бұрын (!) пайда болған. Сондықтан оқтың қай ұңғыдан шыққанын анықтау ешқандай қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Әрине, билікте сондай ниет болса… Сонда ғана қоғам малшы мен жас баланың оққа ұшқаны туралы ақпарат алып қоймайды, оларды өлтірген нақты адамдардың жазаға тартылғанын біледі. Сонда ғана билікке, мемлекетке деген сенім қалыптасады. Ал жиырма бірінші ғасырда «оқтың қай қарудан шыққанын анықтай алмаймыз» деген сылтау – кісі өлтірушілерді қорғаумен бірдей.

Төртіншіден, Парламент тез арада Қазақ еліне «Миранда ережесін» енгізу керек. Естеріңізде болар, американың киноларында қолға түскен сезіктіге де, қылмыскерге де қолы­на  кісен салып жатып: «Сенің жауап бермеу құқың бар. Сенің айтқан әрбір сөзің кейін, сот кезінде, саған қарсы пайдаланылады. Жауап алу кезінде сенің адвокатың қатыса алады. Егер сенің адвокат жалдауға мүмкіндігің  болмаса, оны саған мемлекет тегін береді. Сен өзіңнің осындай құқықтарыңның бар екенін түсіндің бе?» деп барлық құқықтарын құлақтарына құйып береді. «Миранда ережесін»  айтпаған полиция қызметкерлерінің қылмыстыны тұтқындауы заңсыз болып табылады. Қысқасы, 1966 жылы АҚШ-тың Жоғарғы соты «қылмыс жасады» деген күдікке ілінген адам өзінің конституциялық құқықтарын полиция­ның жауап алуына дейін білуі керек деген ереже шығарған. Ал өркениетті елдердің дәрігерлері жаралы қылмыскерді төсектен зорлап алып кету түгіл, жауап алуға да рұқсат бермейді. Меніңше, ауруханада жатқан адамдарды алып кетуге жол берген «ақ халатты абзал жандардың» барлығы жауапқа тартылуы шарт. 

Бесіншіден, адам өлтіру және азаптауларға байланысты сот отырыстары ашық өтуі тиіс. Бізде билікке қатысы бар барлық сот процес­терінің жабық өтетін «ауруы» бар. Осыдан арылу керек.

Алтыншыдан, 2016 жылғы Жаңөзендегі поли­ция тарапынан оққа ұшқан 17 адамға (ресми мәлімет) қатысты комиссия құрылып, қайта  тексерілуі  шарт.

Жетіншіден, қырғыз сазгері Викрам Рузаху­нов туралы халыққа жалған ақпарат берген телеканал мен оны жалған сұхбат беруге мәжбүрлеген құзыретті органдардың басшыларын қатаң жауапқа тарту қажет. Сонда ғана биліктің бағытын қолдау мақсатында берілген идеологиялық өсектерге тосқауыл қоюға болады. Ал қазір, бір жарым ай уақыт өтсе де, Қазақ елін көршілердің алдында өте ыңғайсыз жағдайға қалдырған бұл оқиғаның шындығы ашылып, кінәлілер анықталған жоқ. Менің ойымша, барлығы анық, айыптыны іздеудің қажеті жоқ осы мәселеге нүкте қойылмауының өзі биліктің «Жаңа Қазақстанға» айналғысы келмейтінінің  айғағы  сияқты.

Соңғы уақыттарда оқырмандардың көзіне «мемлекеттік жүйе», «жүйені өзгертпесе болмайды», «билік жүйесі», т.т. сияқты сөз тіркестерінің көбірек кездесетіні анық. Бәріміз қолданатын, іштей түсінетін, бірақ нақты анықтамасын көпшілігіміз біле бермейтін осы сөзді саясаттанушы мамандар түсіндіріп бере жатар, ал мен Кеңес кезеңінен бері келе жатқан осы, қазіргі жүйенің бір көрінісіне, белгісіне назарларыңызды аударғым келіп отыр. Ол – осы жүйенің, биліктің қылмыс пен жазаға деген екіжүзді көзқарасы. Биліктің тарапынан, не биліктің бұйрықтарын орындау кезінде жасалған қылмысты жасыру, жауап бермеу, немесе сылап-сипайтын, жеңіл жаза берумен құтқару. Бұл – бүгінгі Қазақ елінің мемлекеттік жүйесінің бір көрінісі, ұстанымы. Қаңтар қырғыны, осы қырғынның салдарын тек­серу нәтижесі ғана биліктің «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген сөзіне қоғам тарапынан берілген  баға  болады.

Дос  КӨШІМ

P.S. Флойдты абайсызда өлтіріп алған полиция қызметкері 23 жылға сотталды. Ал адамды азаптап өлтірген біздің тергеуші, полиция қызметкерлері, министрлер қанша жылға сотталады екен? Егер…  соттала  қалса.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: