Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда жаңа балабақша ашылды

28.12.2022, 11:00 295

HALYQLINE.KZ Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы қала тұрғындарын құттықтап, биыл Қызылорда облысының дамуына ауқымды инвестициялар тартылып, көптеген әлеуметтік нысандар салынғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мемлекетіміздің тірегі, ұлттың болашағы – балаларымыздың өсіп, оқып, білім алуы, азамат болып, қалыптасуы үшін жағдайдың барлығы жасалған.Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалыда бал бөбектерімізге сый ретінде 140 орындық «Өрімтал» бөбекжай балабақшасын пайдалануға бермекпіз. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша 31 балабақша, 19 шағын орталық, барлығы 50 мектепке дейінгі ұйым бар. Былтыр Бекарыстан би ауылынан 100 орындық жеке балабақша ашылды. Жылдан-жылға балабақша санының көбеюі халқымыздың демографиялық өсімінің артуын көрсетсе керек.Бұл өмірде балдай тәтті балғындарымыздың жүзі жайнап, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Барлық құрметіміз де осыларға арналады», – деді аймақ басшысы.

Іс-шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы лебізін білдіріп, жерлестерін жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтады. Ал, еңбек ардагері Серік Қуанышбайұлы облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.Екіқабатты балабақша ғимаратының жалпы аумағы – 3 мыңнан астам ш.м., мұнда 38 адам жұмыспен қамтылған. Білім ұясында робототехника, ән, би, қолөнер үйірмелері ашылып, іші толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жыл көлемінде балаларға арналған нысандар легі іске қосылды. Олардың қатарында 1 326 орынға арналған 17 жекеменшік балабақша, 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі бар.

Өңірде «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңдары тарту етілді.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.Келесі жылы 19,6 млрд теңгеге, 10 мектептің құрылысы басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: