Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда «Пейілі кең, жүрегі қайсар жандар» атты іс-шара өтті

07.10.2022, 10:30 672

HALYQLINE.KZ Қазалыда қайсар жандардың мерекесіне орай «Пейілі кең, жүрегі қайсар жандар» атты іс-шара өтті.

Әйтеке би кенттік клубында өткен басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, игі тілегін жеткізді.

– Баршаңызды еліміздегі қайсар жандардың мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер әрдайым болашаққа сеніммен қарап, қай салада болмасын адам баласының мүмкіндігі шектеусіз екендігін дәлелдеп жүрсіздер. Мұны мен Сіздердің қайтпас қайсарлықтарыңыз бен мықты ерік-жігерлеріңіздің арқасы деп білемін. Осы бір мерекеде қоғам өз назарын тұрмыс тауқыметін көріп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелеріне, жалпы мүгедектер жағдайына аударуы аса маңызды деп білемін. Ауданымызда қайсар жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша мақсатты жұмыстар атқарылып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау, оларға әлеуметтік көмек көрсету бағытында бюджеттен осы жылы 75 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалуда.

Мәселен жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандар тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы «Инватакси» қызметі де көрсетіледі. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласындағы «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығына» 33 мүгедек тегін жолдамамен барып, денсаулықтарын жақсартып қайтты, – деді аудан басшысы.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы бірқатар қайсар жандарды аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, құрмет көрсетті.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейін үстем еткен көңілді кеште өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, арнайы сыйлықтар ұсынылды.

Мерекелік шарада Даража Тұрмағамбетова, Серікбол Шайықов және Серік Ерболатов әуелете ән шырқады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: