Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазағын қаңғытқан Қазақстан

10.08.2023, 12:00 286

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі болған. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алған. Өздерінің дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады. Бұдан бөлек, көптеген ұлт-азаттық көтерілісі аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң  300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кеткен. Енді қазіргі қазақ жұртшылығы, әсіресе жастар қауымының шетелден нәпақа іздеп кетуінің себебі неде? Өз елінен безіп, басқа жерден «бақ» іздеген 200 мыңға жуық Қазақстан азаматы бар екен. Қазақ жерінде  бастарында  бақ  орнап, бармақтарынан  бал  тамып отырса, олар  да  өзге  елге  өзеуремес  еді  ғой.

Оларды күштеп қуып жатқан ешкім жоқ. Ел ішінде ешқандай соғыс, алабөтен алауыздық та жоқ. Алайда жастардың  жаппай  шетелдерге  шеттеп  кетуінің себебі – жетіспеушілік. Бұл «біздің елде жұмыс жоқ» дегенді білдірмейді. Жұмыс бар, бірақ жалақы мардымсыз. Күрмеуге келмейді. Қымбатшылық болса, алқымнан қысып барады. Осыдан кейін ел не істеуі керек? Әрине, қара бастың қамына көшеді. Бала-шаға, олардың азық-түлігі, киім-кешегі ер-азамат­тардың басында тұр. Амалсыздан елден, Отаннан, туған жерінен безеді. Шетелдің шабындығында шөп жұлса, күніне Қазақстанда 2-3 аптада таба­тын ақшаны алуға мүмкіндік бар. Қанша мың қазақ­стандықтың қаңғырып кеткенін көріп отырған Үкімет  не  айла-шарғы  жасап  отыр?

Қазақстан азаматтарының шетелде еңбек құқық­тарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылданды. Бұл туралы Үкімет отырысында Көші-қон саясаты тұжырым­дасын іске асыру барысын талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

– Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстан­ның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен онда­ғы Қазақ­стан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын  жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша  шаралар  қабылдадық, – деді  Т.Дүйсенова.

 Сонымен қатар, migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады. Оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады. Шетелде жұмыс істегісі келген адам алдымен тіл үйренеді, міндетті медициналық тексеруден өтеді, сосын шетелге шығатын құжаттарын рәсімдейді.

Премьер-министр Еңбек министрлігі мен Сырт­қы істер министрлігіне елімізде жоғары сұраны­сы бар мамандардың немесе шетелде табысты бизнес-жобалары бар адамдардың елімізге жеңілдетілген тәртіппен кіруін қамтамасыз етуді тап­сырды.

– Мұнымен қоса, Ішкі істер министрлігі өңір әкім­діктерімен бірге заңсыз көші-қонмен күресті күшейтуі қажет. Бұл ретте, басқа мемлекеттік органдармен өзара  іс-қимылды  үйлестіру керек. Атап айтқанда, Еңбек министрлігі  Қазақстан  азаматтарының шетел­дегі  құқығын  қорғауды  қамтамасыз  ететін  жұмыстарға  ерекше мән беруі керек, – деп Үкіметбасы тапсырма  беріп  отыр.

Жуырда «Тик-ток» әлеуметтік желісіне М. есімді азаматтың Американың шабындықтарында жұмыс істеп жүргендігі жайында видео жарық көрді. Онда ол өзінің бір күндік жалақысының өзі елдегі бір айдағы айлығымен шамалас екендігін, яғни 50-60 мың, кейде 70-80 мың теңгеге дейін болатындығын жеткізген. Қара жұмысының өзі қазақтардың қалтасын қалыңда­тып отыр. Ал қазақстандықтар мұндай жалақы­ны  түсінде  де  көрмейді.

ТҮЙІН. Мемлекет қаракөздерін қаңғытпаудың амалын жасап, нақты стратегияға көшу керек. Жастарының жағдайын жасамаса, мемлекеттің «айды аспаннан шығардық» деп беретін есебінің құны көк тиын. Қымбатшылықтың қамытын киген қазақтар шайлыққа жетпейтін айлыққа жұмыс істемейді. Ал оның нәтижесі елден безуге әкелуде. Күлтөбенің басына күнде жиналатын ақжағалылар ауыздарынан ақ май ағып отырғанда, кедейдің күйін қайдан түсінсін. Түсінбегендіктен кейін олардың мәселесіне де бас ауыртпайды.

К.АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: