Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарлығаштың ұясы

15.05.2025, 7:00 139

Ай мен күнді, жер мен көкті, ауа мен суды, онда тіршілік ететін адам мен жан-жануарларды, аң мен құсты… бәрін-бәрін Алла Тағала жарат­қанын мойындамасқа хақымыз жоқ. Дей тұрсақ та, табиғаттың тылсым  сырларына  мән  бермей  қарайтынымыз  қалай?

Өткен жылғы жаз айының жаймашуақ бір күні еді. Күнделікті күйбің тірлік қамымен ерте тұрған Айгүл үй әктеп, тазалық жүргізейінші деген оймен жылдам шайын ішті де жұмысына кірісті. Төргі бөлмеден бастап, барлық үй жиһазын тысқа шығарып жүріп бөлме бұрышында тұрған қарлығаштың ұясын көріп, «осы құстың-ақ ұя салмайтын жері жоқ екен» деп қолындағы сыпырғышымен түр­тіп-түртіп түсіріп тастады. Әлгі жерге түскен құс ұясының ішінде қызылш­ақа балапандар өсіп келеді екен. Оны көргенімен елеп жатқан келін жоқ. Сыпырғышымен қалағына салып алды да дала­ға апарып лақтырып тастай салды. Сүт пісірім уақыт өткенде аузын­да тістег­ен шөбі бар бір қарлығаш ұшып келді де ұясының бұзыл­ғанын  көріп, шырылдап  кетті.

Ал, жас келіншек болса ыңылдап әндетіп өз ісімен айналы­суда. Бұған  мән  бермеді. Бір мезетте манағы қарлығаш қайта пайда  болды. Бұл  жолы  баласын  жоқтаған  жандай  ұясының  орнын  әктеп  жатқан  Айгүлді  үш  қайтара  айналды  да  көз  көрмес­ке  ұшып  кете  барды.

Ал, сосын не болды дейсіз,  келіншектің  аяғы  үстел үстінен та­йып кетті. Жай құлаған жоқ, құрсақтағы сәбиге зақым келді, ол шетінеп кетті. Өзі емханаға жатқызылды. Дәрігерлер «көп уақытқа дейін  бала  көтере  алмайсыз,  өзіңізге  көп  күтім керек» деген диаг­ноз  қойып,  келіншекті үйіне қайтарды. Үйге келсе бұрын­ғыдай ақжарқын  кейіптегі ата-енесі де, еркелетіп қарсы алатын күйеуі  де  жоқ. Бәрінің  жүзінде  мұң, жанары  суық.

Арада жүрдек пойыздай зымыраған күндер бірінің артынан бірі өте берді. Күні кеше ғана шаттығы шалқып, табысы тасып жатқан отбасының бір-ақ күнде берекесі, ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббаттың мәні кетіп, бір-біріне деген сенім мен сыйластық сезімі суыды.

«Әр сөздің иесі бар, қай нәрсенің де киесі бар» деген осы шығар.

Осындайда марқұм  Ажар  әжемнің  «Балам,  о  дүниеде судың да сұ­рауы  болады. Ешкімнің еңбегін жеме, ала жіптен аттама. Жаратушы Алла Тағаланың алдында барлығының да есебі болады. Абай атаңның «ақырын жүріп, анық бас» дегенін ұмытпа» дейтін өсиеті еріксіз ойға оралады.

Технология  дамыған  заманда  қолынан  ұялы  телефоны  түспейтін, қашан көрсең әлеуметтік желіде желіп жүретін жастарымызға ой түрткі болар  деген  мақсатпен жас келіннің  басынан  өткен  оқиғасын  айт­қымыз  келді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: