Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын отбасылар үшін терезеге қауіпсіздік құралын орнату – аса маңызды. Себебі, кейінгі жылдары елімізде терезеден құлап кету деректері азаймай тұр. Осындай қауіптің алдын алып, оқиғаны азайту мақсатында Қызылорда облысы бойынша жалпы білім беру ұйымдарында «Қараусыз қалған терезе – бала өміріне қауіп» тақырыбында қауіпсіздік шаралары өткізілді.
Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларына ашық терезенің қауіптілігі мен қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге бағытталған сынып сағаты ұйымдастырылды. Сабақ барысында жоғарғы қабаттарда қауіпсіздікті сақтау, жауапкершілік пен сақтық сезімін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, оқушыларға «Көшедегі қауіпсіз ойындар» тақырыбында қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бердікен Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен қауіпсіздік сабағы өтті. Іс-шара барысында терезе маңында өзін-өзі ұстау ережелері мен өрт қауіпсіздігі тақырыптары қозғалды. Балаларға төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша нақты нұсқаулықтар берілді.
Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектебінде «Қауіпсіз терезе» тақырыбында қауіпсіздік сабағы өткізілді. Оқушылар биіктіктен құлаудың алдын алу жолдары, терезе маңындағы қауіпсіздік талаптары туралы ақпарат алды.
ТЖД мамандарының мәліметінше, өткен жылы ата-аналардың немқұрайлы қарауының себебінен облыс бойынша балалардың терезеден құлауының 16 фактісі тіркелгее. Үздіксіз жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері терезеден құлау оқиғасы тіркелмеген. Десе де жауапты мамандар жұмысты әрі қарай жалғастыратын айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!