Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қанша адамның несиесі кешіріледі?

10.11.2022, 11:20 497

Жасыратыны жоқ, бүкіл дүниежүзі елдері қазір несиемен өмір сүруге көшті. Біз де одан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Өйткені, әлемдік тәжірбие солай. Несие алып, қарыздың қамытын кигендер көбеймесе, азаяр емес. Нарық заңдылығы бойынша өркениет алға қарай дамыса, сен де жетіліп отыруың керек.
Ал қарапайым заңдылыққа салсақ, әр қазақ өз елінде бай болуы тиіс. Әрине, қойнауы қазынаға толы Қазақстанда солай болуы керек еді. Бірақ бәрі солай ма? Қаржылық сауат, жеке капитал туралы сөз қозғалғанда осы сөзді әлсін-әлсін айтамыз. Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше…

Елімізде 7,5 миллионнан аса тұрғынның кем дегенде бір несиесі бар. Өткен айдың басында ғана аталмыш азаматтардың банктерге берешегі 14 трлн теңгені құрайтыны мәлімделді. Жуыр­да ғана осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жетісу облысына барғанында халықпен кездесуде жақын арада несиеге қатысты ұсынысын жария ететінін мәлімдеген. «Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын», – деген еді. Алайда президент әлі пәрмен бере қойған  жоқ.

Есесіне қайбір күні Ulysmedia.kz сайтында бір ақпарат жария болды. Онда елімізде 28 мыңдай тұрғынның несиесін толық кешіру туралы жазылған. Яғни, бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылып­ты.

«Агенттік жыл басында кепілсіз онлайн микрок­редит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап етті. Ұсынылған жеке жоспарлар аясында 2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 млрд теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды, 0,8 млрд теңге сомасына 107 мың қарыз алушыны ішінара кешіру және 0,6 млрд теңге сомасына 28 мың қарыз алушыны толық кешіру жоспарлаған», – делінген агенттік төр­ағасы  орынбасарының  жауабында.

Нұрлан Әбдірахмановтың дерегінше, 2022  жылдың 1 қазанына микроқаржы ұйымдары 285,5  мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті  төмендеткен.

«Оның ішінде негізгі борыш пен сыйақы бо­йынша 66,4 мың қарыз алушының 585 млн теңге берешегі, 756 млн теңге тұрақсыздық айыбы толық және ішінара кешірілді. 4,8 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептен шығарыла отырып, 15,3 млрд теңге сомаға 219,9 мың борыш­кердің микрокредиті қайта құрылымдалды. Агенттік жеке жоспарлардың орындалуын бақылауды  жалғастырады», – деді агенттік өкілі.

Осы  қазақ неге несиеге құмар? Бұл – көптің көкейінде  кептеліп  тұрған  сауал.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: