Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайрақ көпір» аталса…

26.05.2022, 15:00 448

HALYQLINE.KZ

Ел арасындағы жер-су атауының кез келгенінің тарихына назар салсаңыз, қызықты оқиғаға тап боласыз. Тағы десеңіз, атау қоюда үлкен мән жатыр. Атауды бір адам қояды, ол көпшіліктен қолдау таппаса, ғұмыры келте болады. Ал, сәтті атаудың ғасырдан-ғасырға жететіні анық. Тіпті, ресми аталмаса да, ел жадында ұзақ сақталады. Осындай ел-халықтың есінен шықпай, әлі күнге айтылып жүрген атауды «Халық» газеті арқылы оқырмандарға таныстырғым келіп отыр.

Түсінікті болу үшін шағын өмірбаяннан бастайын. Қайрақбай Сәтенов 1940 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы қазіргі Еңбек ауылына қарасты Қаратайдың табаны дейтін жерде дүниеге келген. 1947 жылы Еңбек колхозындағы №121 сегіз жылдық мектебіне қабылданып, содан соң Жалағаш қыстағындағы орта мектептің 10-сыныбын бітірген. Қызылорда қаласындағы бір жылдық Механизатор мектебінен тракторшы-механизатор мамандығын алып шыққан.

Еңбек жолын 1958 жылы туған ауылы Еңбек колхозында механизаторлықтан бастап, 1962 жылы мал шаруашылына бет бұрған. Мүйізді ірі қара мал басын аман сақтау, жүз аналықтан жүз бұзау алу, мал тұқымын асылдандыру, бордақылау жұмыстарында үздіктер қатарында болған. Өз уақытында әртүрлі марапат, жүлдегерлер қатарынан көріне білген.

Қаратайдың табаны жері шұрайлы, шөбі шүйгін, мал шаруашылығына қолайлы болған. Сол қыстау жанынан өтетін Оңтүстік коллектор аталатын каналға салынған көпір өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері «Қайрақ көпір» деп аталады. Өйткені, сол қыстауда көп жылдар қыстап отырған Қайрақбай Сәтенұлының есімі жақсы жағынан көп айтылады. Ел аузында жақсы кісі болғаны, өткен-кеткен кісілер дамылдап, ас-су ішіп кететіні тағы бар. Тілге тиек етіп отырған көпірге ұрпақтары «Қайрақ көпір» атын беру жөнінде ұсыныс білдіреді. Жарты ғасыр уақыт осы атаумен аталатын көпір аты тарих беттерінде қалып жатса, нұр үстіне нұр болады. Қазіргі уақытта көпірді қайта салу жұмыстары жүріп жатыр. Ел мен елдің арасын жалғайтын көпірдің көп жыл ел игілігіне қызмет ететініне елдің сенімі мол.

Бәкір  ҚАЙРАҚҰЛЫ

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: