Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пендешілік

05.06.2025, 7:20 81

Бір иман жүзді кісі автобус паркіне жұмысқа орналасты. Жалақысы көңілге қонымды. Тапсырылған көлігі де тап-тұйнақтай. Өзі де кәсіби шопыр, тізгін  тисе тұлпарша шаба жө­нелу­ге  бар.

Бүгін кестеге сәйкес бірінші сапары сәтті өтті. Жолай талай жолаушыны да ала кетіп, са­уап жасады. Одан қомақты қара­жат тапты. Үйіне барған соң ойланып: «Мен пендешілікке бар­майын, қосымша қаражатты кассаға өткізейін. Парк иесі шығындалып, көлікті жөндейді, салығы мен жалақысын төлейді. Бұл қосымша ақша – маған әбес дүние» деп шешіп,  кассаға  өткізді.

Бұрын бұлай ешкім жасамаған екен. Алғашқыда кассир де, басшысы да бұл әрекетке таңырқады. Десе де жүргізуші жолда кездескен жолаушыға байланысты бірде аз, бірде көп ақшасын өткізе берді. Парк басшысы ойланды. «Мұның кассаға өткізуіне қарағанда уыстап табыс тауып отыр. Бір бөлігі ғана болар, дымы ішінде. Мен бұған көрсетемін, пайдаға белшеден батқанды» деді де жұмыстан шығарып  жіберді.

Одан бері қанша жүргізуші ауысты. Кассаға ақша құйған бірі жоқ. Парк басшысы пендешілік парқын енді сезіп келеді.

Сенімсіздік  жарға  жығады.

***

Тұрмыстың ауыртпалығын жеңілдеткісі келгендей ащы судан көп ұрттап кеткен бір таны­сым бертінде мүлдем онысын тыйып тастады. Құдайдың басқа салғаны шығар, ол арада бір­шама уақыт өткен соң жүрек талмасынан  қайтыс  болды.

«Жап-жас болып, жүректен ауырды деймісің, қазақ емеспіз бе, жасырамыз ғой, ол араққа сылқия тойып, бас жаза алмай өлген шығар» деді бұған көрші қатын.

Туасы, көңілдің күдігі – ең жаман  қасиет.

***

Бауыры қиналып келіп тұр. «Аға, ақшадан көмектесе тұршы. Қызымды оқуға жіберейін десем, қалтам таяз еді» деп өтініш айтты.

– Кеше ғана жаратып қо­йып едім. Сәл ертерек айтқанда ғой, – деді ағасы жаны ашыған сыңайда.

Басы салбырап інісі кетті. Артын­ша баласы: «Папа, ақша қажет еді. Достармен тауға шы­ғып,  қыдыратын  болдық»  деді.

– Әй оңбаған, ақша-ақша деп сұрағанда бәлесің, сабағыңды дұрыстап оқымайсың ба? Анау шешеңнен ал, орынсыз жарата бермей, қалғанын қайтар, – деді  оған.

Бауырдан бала жақын деген осы.

***

«Баламды жұмыстан қыс­қартып жатыр. Күн-түн демей жұмыс істесе де басшыларына жақпай-ақ қойды. Төбеде көкесі болмаса осы ғой, қанша өліп істегенмен бағаламайды» деп зар  қағып  тұр  бір  әйел.

Сөйтсе, күнін әрең өткізіп жүрген бала екен. Қолынан іс келмейді, кешке дейін бір амалдап, түнделетіп көшеде қаңғырып, үйге «жұмыстан келдім» дейтін  көрінеді.

Баласын қорғаған бармағын тістейді.

***

«Құдай құданы да жарытпады. Мәпелеп өсірген қызым сауса­ғын сорған кедейге келін болды. Құлша жұмсап, күңше күн көрсетпейді» деді шешесі көңілі  толмай.

Сонда қызы қалай екен?

Сәскеде ұйқыдан оянып, тама­ғын ішіп алып, ертелі-кеш ұялы телефонға телміріп, алтын уақытты босқа өткізіп жатқан көрінеді. Мұны шешесі жақсы біледі. Сөйте тұра қызына шаң жуытпай, өз келінінен ақысын алады-ау.

Өзін білмеген – өзгенің соры.

***

Отағасы астан кейін «Дас­тарқанға  береке берсін» деп бата жасайды екен. Бірде әйелі: – Сен осы берекені тілеп болған шығарсың, одан үйге кірген береке­ні көрмедім. Одан болатын  нәрсені  тілесей, – депті.

Ертесіне ері бата қайыруды тоқтатты. Содан бастап үй-ішін ауру  айналдыра  бастады.

Туасы, береке деген байлық тек толағай табыс күйінде емес, амандық, денсаулық, білім, бала-­шаға болып та кіреді. Оның қадірін білмеген бәрінен құр  қалады.

Батаны  бәтуасыз  бұзады.

Қаныбек  ӘБДУОВ,

журналист.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: