Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ошағын өшіретін отбасылар көбейді

04.03.2021, 11:30 570

Қоғамда жиі талқыға түсетін отбасылық мәселелер әлеуметтік желілерде желдей есіп жүргені жасырын емес. Жетіспеушілік жүдеткен ананың ет бауыры саналатын баласын ұрып-соғуы, оны өзге баз біреулердің желіге тарататыны жасырын болмаса да отбасындағы біраз мәселенің бетін ашып көрсетеді. Жуық арада болған Нұр-Сұлтан қаласындағы қақаған аязда бүрсең қағып отырған оқушы қыздың видеосы біраз желіні дабыра қылды. Себебін анықтаған құзырлы органдардың сөзіне сүйенсек, тауқыметтің зардабынан қажыған ана өзін ұстай алмай баласын ұрып, жазалау мақсатында шара қолданыпты-мыс. Соңғы кездері баласын жәбірлеген маскүнем аналарды да бейресми дерек көздерден оқып біліп жүрміз. Тұрмыстағы қайнаған тіршіліктің тұтқасын ұстайтын ошақ басындағылардың тағдыр тәлкегіне түсуі – қоғамды ойландыратын жайттардың бірі.

Бүгінде отбасын ойран ететін ащы судың әлегі нәзік жандыларды да айналып өтпеді. Осы ретте Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша маскүнемдікпен тіркелгендер саны 2019 жылға қарағанда 12 пайызға төмендеген. Яғни, жыл басынан бері 4 501 маскүнем тіркеуде болса, бір өкініштісі, оның 344-і әйелдер екен. Демек, қоғамымызда ішкілікке салынған аналар орташа есеппен 20-25 пайызды құрап отыр. Жалпы орталықта 357 маскүнем әйел тіркеуде болса, оның 12-сі – нашақор, 1-еуі токсикоман екен.

Арақтың азабынан арылмаған біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Айда Кәрібаеваның бүгінде «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған» мекемені паналағанына біршама уақыт болды. Тәлкек­ке түскен тағдыры ащы суға әуестенуден бастал­ған екен. Ол 2004 жылы ата-анасының батасымен жолдасы екеуі өз шаңырақтарын құрып, өмірге бөбегін әкеледі. Уақыт өте жолдасымен дәм-тұзы жараспай 2005 жылы ажырасып, ішкілікке әуестеніп, өзі қатарлы достарын таба бастайды. Күндіз-түні бөтелкелес достарымен қайыр сұрап, ақ пен қараны ажыратудан қалған ана екі бірдей бауырындағы сәбиін балалар үйіне өткізіп жібереді. Шырмауы көп тағдырда жолынан адасқан Айда Кәрібаеваның анасы ертеректе қайтыс болса, әкесі өз баласынан безініпті. Аналық жүрегінің түбінде екі перзентінің есімі жатталған кейіпкеріміз осы уақытқа дейін балаларын бірде-бір рет іздеп бармапты. «Өткеніме өкінемін» деген ана сөзіне біздің де жүрегіміз елжіреп, иландық.

Жалпы, бұл орталықта Айда Кәрібаевамен тағдырлас 50-ге жуық азаматша мен азаматтар бар. Олардың басындағы дерттері біреу – ол ішімдік.

Таяуда ғана, яғни 2021 жылдың 3 ақпанында болған оқиғада Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарының біріне 1979 жылғы азаматша масаң күйінде келіп, мазаны алғаны үшін ӘҚБТК 440-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, сауықтыру орталығына жатқызылған болатын. Мектеп әкімшілігі мен мектептің учаскелік полиция инспекторлары азаматшаның тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында жоғарыда көрсетілген азаматшаның кәмелетке толмаған екі баласының қарау­сыз, қадағалаусыз қалғанын анықтаған. Тексеріс нәтижесінің аясында кәмелетке толмаған 6 жастағы қызы «Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына», 1,5 жастағы қызы «Көпбейінді балалар ауруханасына» орналастырылған. Бір айта кетерлігі, тексеру кезінде 42 жастағы азаматшаның осыған дейін үстінен  әкімшілік  құқықбұзушылық  жасағаны  үшін  үш  рет хаттама толтырылғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда Қызылорда қалалық полиц­ия басқармасының қызметкерлерімен азаматшаны  ата-аналық құқығынан  айыру  немесе шектеу мәселесін шешу үшін қала әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысына құжаттар жинақталуда.

Заманымызда үйлену оңай, үй болудың қиындығын ескеріп, жіті түсіне бермейтін секілдіміз. Статистикалық мәліметтерге сүйен­сек, 2020 жылы Қызылорда қаласы бо­йынша қалалық АХАТ бөліміне отбасын құруға ниет­тенген 2 635 азаматтан өтініш түссе, ал отбасындағы кикілжіңнің аяғы ажырасуға әкелген 226 өтініш қабылданыпты. Өткен жылды сарап­тасақ, неке және отбасы қаты­настарынан туындайтын  даулар бойынша Қызыло­рда қала­лық сотында 1 645 іс қозғалған екен. Аталған көрсеткіш 2019 жылы 2 305 істі құрапты.

Жоғарыда келтірілген дәлелдемелерге сүйе­ніп некені бұзу санаттағы азаматтық істерді тарқатсақ, қала бойынша 1 352 отбасы ажырасып шаңырағын шайқалтса, екеуара туындаған мәселелерін ақылға жеңдірген ерлі-зайып­тылардың өз өтініштері бойынша 72 арыз талап­керге қайтарылған. Оның ішінде 788 іс қанағаттандырылған, 271 іс түрлі есептерге байланысты қысқартылса, 161 іс медиация екі жақтың  татуласу  тәртібімен  сотта  қаралған.

Қазақстандағы әрбір үшінші неке ажырасу­мен аяқталады екен. Ажырасу – бала өмірін тауқымет пен тәлкекке салу деген сөз. Тәлкек болған тағдырдың егелері де ішкілікке салынып, от басқанын көргенімізде есеңгіреп қаламыз. Өйткені, бізде ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасып жатқандар өте көп. Ажырасу ісі бойынша балалардың 90 пайызы аналарында қалады екен. Осы ретте алимент деген мәселе туындайды. Туған балаларына тиісті алиментті төлемеу бүгінгі күннің басты мәселелеріне айнал­ғалы қашан. Мемлекеттік сот орын­дау­шы Әлия Ахметқызының айтуынша, қазіргі таңда  9 940 борышкер тіркеуде тұр екен.

Жоқшылық терезеден сығаласа, мызғымас берекенің қашатыны жасырын емес. Психолог мамандардың айтуынша, ажырасуға бас­ты түрткі болатын жайт жұмыссыздық, отбасындағы зорлық-зомбылық екен. 2020 жылды қорыты­ндылаған Қызылорда қалалалық полиция басқармасының дереккөзіне сүйенсек, отбасындағы зорлық-зомбылық 17,4 пайыз­ға артқан. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бергендері үшін 24 құ­қық бұзушы әкімшілік кодекстің 73-бабымен әкімшілік жазаға тартылса, 1 адамның құжаттары ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сотқа жолданған. Сондай-ақ, отбасы-тұрмыстық  салада  құқықбұзушылыққа жол берген 140 азаматқа қатысты қорғау нұс­қамасы  шығарылған.

Бүгінде Қызылорда облысы бойынша әйелдер­дің құқығы мен мүдделерін қорғайтын мемлекеттік  емес «Қамқорлық»  дағдарыс орталы­ғы жұмыс істейді. Бұл – түтіні түзу шыққан қарапайым отбасының шаңырағы емес, өмірде аяғын шалыс басып, қиындыққа тап болған сан мың тағдырды бір арнаға тоғыс­тырған орталық. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған және өмірдің қиын жағдайында қалған азаматшаларды өмірге қайта бейімдеу болып табылады. Жалпы, бұл қамқорлық ұйымында жыл басынан бері 70 анаға көмек көрсетілсе, бүгінде 16 ана, 34 бала бар. Зорлық-зомбылықтың құрбандары болған аналар қамқорлық  үйінде  алты  айға дейін тұра алады. Мұндағы  қыздардың тағдыры әртүрлі. Бірі «Ұят!» деген сөзден қорқып туысқандарынан және қоғамнан жасырынып жүрсе, енді бірі тұрмыстық жағдайының ауырлығынан келеді. Атын атамауды өтінген кейіпкеріміз қаңтар айы­нан бастап үш баласымен осы жерді пана­лауда  екен. Жолдасынан  зәбір  көргеннен  кейін, уақытша пана сұрап дағдарыс орталығының қызметіне жүгінген. «Осында келгеннен бері жағдайым жақсы, төртінші бөпеме аяғым ауыр» деген ол осы уақытқа дейін мемлекеттен ала алмай жүрген жәрдемақысына қолы жеткенін тіліне тиек етті. Сонымен қатар денсау­лығына байланысты мамандардың көмегіне сүйеніп, психологпен тығыз байланыс жасауда.

Қала бойынша жыл басынан бері зорлық-зомбылықтан жәбір көретін аналардың қарасы күрт көбейген. Бұны «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Бектайұлы  да  растайды.

– Ашылғанына он жылға таяу болған орталыққа 25 пен 35 жас аралығындағы  жас аналар келіп тұрақтауда. Мұнда аналарға барлық жағдайлар қарастырылған, сонымен қатар бөбек­теріне  де тиімді  уақыт  кестесі  бекітілген. Сараптама жасасақ, екі-үш  жылдың  көлемінде «Қамқорлық» дағдарыс орталығына 3000-нан аса азаматша келіп көмегімізге жүгінді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда әйел аналарды ұрып-соғу дерегі толастамай тұр, – деді орталық  басшысы.

Отбасы деген – мемлекеттің іргетасын қалай­тын әке мен ана. Сол шағын ұясында әке жылулығын сезіне алмай өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтар қаншама. Қисық үйден түзу түтін шықпайтынын ескерсек, сөзіміздің соңы тәр­биеге  тірелетіні  анық.

Зибаш   ӘЛИ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: