Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқушылар электронды темекіге неге әуес?

24.11.2022, 11:00 611

Заман талабы, жаңа ғасыр, ел болашағы жастардың қолында деген сайын шектен шығып бара жатқан жоқпыз ба осы? Бізді бүгінгі күні үлкен өзгерістер заманында өмір сүріп жатқанымыз шынымен де алаңдатады. Себебі көшеде емін-еркін электронды темекіні бұрқыратып жүрген оқушыларды көргенде жағаңды ұстайсың. Олардың санасын тек «тренд», «бренд», «21-ғасыр, бәріне рұқсат етілген» деп түсінуінде шығар. Алайда, олар электронды темекінің кәдімгі шылымнан да өте зиян екенін ұғып жатқан жоқ. Мектеп оқушыларының бұған әуес болуының себебі неде? Олар оның қалай жасалатынын, қайдан шығатынын, кімнен үйренгенін біле ме? Бүгін бұл тақырыпта тереңнен қалам тербейтін боламыз.

Атауы мен түр-түсі көп, зиян­ды заттың шығу тарихына келсек, 2003 жылы қытайлық Хон Лик алғашқы никотинді электронды темекіні ойлап тапқан. Одан кейін Хон Лик Қытай нарығында, сосын халықаралық деңгейде осындай өнім шығаратын және сататын алғашқы адам деп танылды. Дүниежүзін жаулаған электронды темекінің шоқтары біздің елімізге де келіп жетіп, қазір мектеп оқушыларының арасында өзекті мәселеге айналуда. Адам өз-өзін алдауы үшін темекінің қай түрін қолданса да, олардың негізгі компоненті – тәуелділік тудыратын күшті психо­белсенді сипатқа ие никотин. Никотиннің зияндылығына тоқталатын болсақ, адам ағзасын өте қатты улайтын темекінің ең маңызды қоспалары­ның бірі. Қосымша формальдегид, смола және улы газ, күшәла (мышьяк), сионид, полоний, қорғасын мен вис­мут сынды қоспалар никотин зия­нын күшейткен үстіне күшейте береді. Ал электронды темекінің зияны жоқ деушілерге, қарапайым электронды темекіні қолданатын жандарда да тәуелділік пайда болады. Өйткені  ағзаға  бәрібір де нико­тин түседі. Сондықтан  ондай адамдар өз-өзін алдап, электронды шылымға тәуелділіктерін жасырып жатады. Осылайша, электронды темекіге тәуелділік кейін шынайы шылым шегуге апарады. Сондықтан қазіргі таңда темекінің зияндылығын түсіну, оның алдын алу, оқушылардың тәртібін қадағалау үлкен маңызға  ие.

Еліміздегі статистикаға сүйенсек, жасөспірімдердің арасында, оның ішінде 12-16 жас аралығындағы балалардың электронды темекіге деген әуестігі жоғары. Ұлдардың арасында қызғыш темекіні тұтынушылар көрсеткіші 14 пайыз болса, қыздар 6 пайызды құрайды екен. Бұл бірнеше ай бұрын жүргізілген мониторинг жұмыстарының көрсеткіші болса, қазіргі таңда күннен-күнге әуестігі жоғарылаған оқушылардың нақты санын ешкім біліп те жатқан  жоқ. Ал ата-аналар бұл жайын­да  не  дер  екен?

– Қызымның электронды темекіден хабардар екенін білем. Бірақ, ол оны қолданбайтынына сенімдімін. Үйдегі қатал тәртіп, мектепке түзу барып, түзу қайту – басты талабымыз. Себебі, қазір қоғамда электронды темекіден де қауіпті түрлі оқиға болып жатыр. Сондықтан олардың өмірі, денсаулығы, білімі – біз үшін басты орында. Қазір кез келген дүкенде ашық сатылымда тұрған, бағасы удай қымбат электронды темекіні кәмелет жасқа толмаған балаларға сату – үлкен қателік. Сондықтан бірінші кезекте осыны құзырлы органдар қолға алса жөн болар еді, – деді қала тұрғыны, көпбалалы ана Ақтолқын  Бақытжанқызы.

Жастар тілімен вейп, айкос, гло деп аталатын электронды темекіге құмарлығы қалыптасқан жағдайда, оның салда­ры  түрлі  нәрсеге  душар  етуі  мүмкін. Біріншіден,  дүкендегі электронды теме­кілердің ең  арзаны 10-12 мың теңге­ден  басталады. Оған  мектеп  оқушылары  қаражатты  қайдан  табады  деген  сауал туындауы хақ. Тәуелділіктің кесірінен ұрлыққа,  сотқарлыққа,  өмірін  өтірікпен ластауға әкеліп соқтырады. Екіншіден, тәуелді болып қалған жағдайда одан арылудың жолы өте қиын екенін түсінбейді. Психолог мамандардың айтуынша, никотинге тәуелділіктен арылғысы келетін адамдарға шыдамдылық таныту маңызды.  Себебі, бұл – өте ұзақ процесс, тіпті, жүйке-жүйе сыр беруі де мүмкін. Бірақ адам шын қаласа, қолынан келмейтін нәрсе болмайды. Темекіні бірден ешкім қойып кете алмайды. Сол үшін бәрін аз-аздан бастау керек. Ал электронды  темекі – өзіңізді  алдау  ғана.

– Адамды орта бұзады деген рас ғой. Көбінің көзіне көрінбесем де, достарыммен өз ортамда электронды темекі шегу тіптен ұят емес. Бұл нәрсені пайдаланбас бұрын кейін тәуелді болып қалудан қорықтым. Уақыт өте келе іздеп тұратынымды түсінсем де, өзіме шектеу қоя алмадым. Ата-анама да ұсталып қала жаздаған оқиғалар болды. Және бұл электронды темекінің қуаты бітіп, сұйық­тығы таусылғанда бәлен ақшаға сатып аламын. Оның өзіне қарызға ақша іздеп, соған алам. Бұл тірлігімнің қате екенін білсем де, уақытша рақатқа алданып жүрген қызықты секілді көрінеді немесе менде тәуелділік әлдеқашан қалыптас­қан сияқты. Әлі жас екенімді білемін, сондықтан басқаларды темекіге әуес бол­мауға  кеңес  беремін, – деді есімін жасыруды  қалаған  11-сынып  оқушысы.

Сырт пішіні, хош иісі еліктіріп әкететін электронды шылымдардың бірінші рет түр-түсін көргенде темекі деп айту өте қиын болатыны анық. Ол аңғал жеткіншектерді де осынысымен арбап, қазір ермегіне айналып үлгерген. Олар никотинді ағзасына қабылдаған сайын оның қауіпті дертке ушығатынын айту керек. Сондай-ақ, қатерлі ісік пайда болуымен қатар есірткіге тәуелді етуі де әбден мүмкін. Электронды темекіні тартқан жасөспірімдердің жадысын өте қатты зақымдайды. Ол адамның өзіне бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ теме­кі тартатын балалардың тамыр соғысы жиілеп,  қызуы артады, шөлдеу, тез ашулан­ғыштық пайда болады, ұйқысы бұзылады. Электронды темекі қарапайым шылымнан да қауіпті.  Бұдан шығатын жай ғана бу емес, оған арнайы түрлі хош иістендіргіштерді қосады. Сондай-ақ, сұйықтықтың құрамында түрлі химикаттар болады. Сондықтан мұны дер кезінде шектемесек, жеткіншектердің денсаулығына оразан зор қауіп төндіреді.  Дені сау ұрпақ қалыптастыру жолында тиісті шаралар  қолға  алынып, қатаң тәртіп  керек-ақ.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: