Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір бар жерде өлім бар

14.04.2022, 10:00 1183

Шынында өлім хақ және ол әрбір жаратылған жандының соңы болып табылады. Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Шын мәнінде қиямет күні ақыларың толық төленеді. Сонда кім оттан құтқарылып жұмаққа кіргізілсе, рас құтылды. Негізінде дүние тіршілігі алданыштың ғана нәрсесі», – дейді («Әл Имран» сүресі, 185-аят).

Саналы ғұмырында  әрбір  ақыл-есі дұрыс адам, ажал жетпей тұрып Алла  тағалаға құлшылық етіп, өзіне жүктелген парыздарды орындауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шарифінде: «Дүние ләззаттарын жермен-жексен ететін өлімді еске алыңдар» – деген. Сондықтан да дүниеге келген адамның бұл дүниеден өтері де ақиқат және бұл – ащы шындық. Жан тапсырған адамды оң жаққа қойып, іш дәрет алдыру және жүзін құбыла тарапына бұру – бұл сүннет амал. Адам жан тапсырған соң оның жағын иектің астынан жоғары қарай жалпақ шүберекпен байлап, аяқ-қолын дұрыстап, мәйітті жоғары жатқызып, киімін шешіп, үстіне жамылғы жауып қою – мұстахаб амал. Мәйітті жуу – тірілерге парыз-кифая. (Мұсылмандардың бір тобы оны орындаса, қалған ағайынның мойнынан жауапкершілік түседі).

Мәйітті жуу шарттары бар. Ер адам сияқты әйел адамдарға да шариғат үкімімен дұрыс орындау парыз. Дүниеден озған адамның әуреті жабық болуы тиіс. Ер адам үшін де, әйел адам үшін де шариғат үкімі бар. Алайда кейбір жағдайда сол орындалмай қалатын кезі де болады. Мәйіттің әуретіне жалаң қол тигізу немесе оған қарау – харам. Яғни, қарауға немесе қол тигізуге болмайды. Сол сияқты марқұм болған жанды адал жуып, соңғы сапарға жаназа намазын оқып шығарып, апарып жерлеу барша ағайын-туыс, бауырға – парыз-кифая. Сол үшін жаназа намазына жуынып (ғұсыл құйынып) келіп, дәретпен намазға тұрып, артынан барып жерлеп қайтқан жан үшін сансыз сауап жазылады. Алайда, өкінішке қарай, кей кездері сол намазға бой дәретсіз келіп, сапқа тұратын жандар қаншама. Ол аз болса  қорымға барып жерлеу рәсіміне қатысып тұрған жандар марқұмды жерлеп болғанша бірі темекі шегіп, бірі насыбай атса, енді бірі дүние әңгімесін айтып тұратыны өкінішті. Бүгінде бұл жағдай көп жерде кездеседі.

Енді марқұм болған жанды соңғы сапарға шариғат үкімі бойынша аттандыру барша мұсылман қауымына парыз-кифая дедік. Бұл жерде кейбір мәселе де бар. Қызылорда қаласында елдің көбі көпқабатты үйде немесе жер үйде тұрса да жаназа мәселесі қиындық туғызып жатады. Жуындыру, кебіндеу сияқты іс-шараны кейде білмейтін жандар да мойнына алып атқарып жатады. Сол үшін Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ауласынан 2021 жылдың күз айында өңірдің бас имамы Болатбек Ұласқанұлының ұйытқы болуымен «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Оның ашылуына еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келді. Бүгінгі күнге дейін сол ғимаратқа бар болғаны екі адам ғана келіп, бауырын ақтық сапарға осы мешіттің ауласынан арулап, жаназасын шығаруға өтініш білдірді. Сонда ағайын, «біз бәріміз шариғат заңын қатты ұстап жүрген болдық-ау» деген ой келеді.

Алысқа бармайын, басқа елді мекенді айтпай-ақ қояйын. Мына тұрған Түркістан қаласында мешітке намаз оқуға барған кезімде 2-3 рет намаз соңында жаназа намазына қатыстым. Ол жақта халқының басым көбі намаз оқиды. Алайда бауырын соңғы сапарға мешітке әкеліп тұр. Біз де солар сияқты қимас бауырымызды ақтық сапарға мешіттен шығарсақ, ол біз үшін сауап болар еді. Себебі жаназа намазына сапқа тұрған жамағат намазхан болса, одан асқан сауап жоқ. Сондықтан да бауырларым, осы мешіт жанындағы мәйітхананы өзінің орнына пайдаланып, сауапқа қалуды бұйырсын. Мен адамзатқа өлім тілеуден аулақпын. Алайда өмір бар жерде өлім бар екенін естен шығармайық.

Мамыр  НҰҒЫМАНҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: