Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинары өтті

26.08.2022, 17:25 274

HALYQLINE.KZ Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі семинары Жалағаш ауданында өткізілді. Жалағаш ауданының «Тағзым» аллеясынан бастау алған іс-шара аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлының қабылдауына ұласты. Асқарбек Есжанов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы бастаған ардагерлер делегациясына ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтып, сондай-ақ, ардагерлердің ел бірлігін сақтауда алатын орнының зор екеніне тоқталды.

– Бүгінгі таңдағы ең басты мәселе – елдің бірлігі. «Бірлік болмай, тірлік болмас» – деген, бірлік бар жерде ғана табысты жұмыс болады. Сондықтан қандай басшы келсе де алдымен сол елдің бірлігіне мән берер еді деп ойлаймын. Елде бүкіл саналы ғұмырын туған жерді көркейтуге, түлетуге арнаған ардагер, ақсақалдар бар. «Қарты бар үй – қазыналы» дегендей, бұл әкелеріміз бен, ағаларымыздың өмірлік тәжірибесі бізге керек. Сондықтан ардагер-ақсақалдардың орны әрдайым төрде, – деді аудан басшысы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және айдынды Арал мен қарт Қаратаудың аралығынан арнайы делегация болып қатысқан ардагерлер де ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бұдан соң ардагерлер көшпелі семинардың бағдарламасына сәйкес орталық стадионда аудан ардагерлері арасында өткізіліп отырған Х дәстүрлі спартакиаданың ашылу рәсіміне қатысты. Спартакиада аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 2011 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Спорттың 5 түрінен атап айтқанда, арқан тартыс, асық ату, бес асық, қол күрес, эстафета, 500 м, 1000 м жүгіру сайыстары өткізілді. Жарысқа кент және ауылдық округтерден 130-ға жуық ардагер қатысты. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен, жеңімпаз команда ауыспалы кубокпен марапатталды.

Семинарға қатысушылар кенттегі З.Жарқынбаев атындағы №202 мектептің, Таң ауылының бастауыш ардагерлер ұйымдарының іс-тәжірибесімен танысып, кенттегі Қ.Құлтекенов атындағы жүзу бассейнін көрді. Таң ауылындағы «Таң ЛТД» ЖШС-нің егістік алқабында орақ салу рәсіміне қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: