Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімінің орынбасары қоғамдық қабылдау өткізді

18.10.2022, 9:30 267

HALYQLINE.KZ  Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында және аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов Арал ауданында жұмыс сапарымен болып, құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге аудан тұрғындарын жеке қабылдады.

Нұрымбет Аманұлы іссапарды өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралаумен бастады. Оның ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін және бу қазандықтарын көгілдір газ отынына ауыстыратын ғимараттармен танысты.Алдымен қала аумағында орналасқан №220 орта мектеп пен №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимаратына барып, жай-күйін көріп шықты. Екі нысанда қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етеді. №220 мектепті жөндеуден өткізу үшін жоба сметалық құжаттама дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимараты үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сонымен қоса, облыс әкімінің орынбасары №14 мектеп-лицейі мекемесінің жылыту қазандықтарының жұмыс барысын бағамдады.

Одан соң аудандық мәдениет орталығының бүгінгі жағдайымен танысты. Ғимарат 1937 жылы пайдаланылуға берілген. Аталған орталықта 8 жыраулық және 2 әуесқой үйірме жұмыс істейді. 2019 жылы жеке шаруашылық серіктестігінің сараптамасына сәйкес ғимарат апаттық жағдайда деп танылған. Бүгінде нысанды қайта құру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті салалық басқармаларға ұсынылған.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаторияда болды. Ғимарат қазіргі таңда сұйық отынмен жылытылады. Дәрігерлік кешенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Облыс әкімі орынбасарының Арал ауданындағы жұмыс сапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытындыланды. Қоғамдық қабылдауға облыс прокурорының орынбасары Б.Мырзабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Е.Замишев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Б.Байкелді қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса кәсіпкерлік қолдау, Сексеуіл кенті бойынша тұрмыстық қалдықтар полигонын тазарту, өрт сөндіру бекетін салу сынды мәселелерін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов және құқық қорғау органдарының өкілдері келуші азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу жолдары бойынша қолданыстағы заңдылықтармен түсіндірмелер беріп, құқықтық кеңестерін айтты. Тұрғындарды толғандырған әрбір сауалға жеке-жеке тоқталып, тиісті сала басшыларына азаматтардың мәселелерін ескерусіз қалдырмай, заң аясында қарастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, облыстық және аудандық прокуратура қызметкерлері «Заң керуені» акциясы аясында құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша ауданға қарасты Жақсықылыш кенті және Аққұм, Аманөткел, Жетес би, Райым, Аралқұм, Сапақ, Ақирек, Қамыстыбас, Қосжар, Сазды, Жіңішкеқұм елдімекендерінде халықпен кездесу өткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: