Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұратына жеткен адам

21.03.2024, 10:00 483

…Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңында басталып, дүниені дүр сілкінте, күллі әлемге ажал оғын сепкен екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне де келесі жылы 80 жыл толады екен. Не дерің бар, талай боздақ хабарсыз кетті, мыңдаған адам жат жерде қаза тапты. Сол соғыс жылдарының бірінде майдан шебі ілгерілеп кетіп, қанды қырғын соғыс өткен аймақтан жаралылар мен қаза тапқандарды жинап жүргеніне екі күн болған еді. Қаза тапқандарды арулап жерлеуге уақыт жоқ, неміс траншейлерін кеңейте қазып, бауыр­ластар зиратына айналдыруда. Сондай сәттің бірінде… Екі күннен бері қаза тапқандарды жерлеп жатқандар енді болмағанда көп мүрденің үстіне тасталғалы тұрған бір жауынгердің әлсіз тамыр соғысын байқап қалған болатын. Ес-түссіз жатқан сержант дереу  госпитальға  жөнелтілді.

…Ол шабуылдаушы әскердің алдыңғы легінде еді, пулеметшілер командирі болатын. Жау окопына бес метрдей жер қалғанда жанындағы пулеметшісінің оққа ұшқанын көрді. Оның пулеметін ала, оқ бората жау окопына жеткен, одан арғысы есінде жоқ. Өзін мұнда әкелген медфельдшер қолы қалт еткенде келіп, мұның аман қалғанына таңдана бас шайқап кетеді. Бұл соның әңгімесінен оқ тиіп, екі күн ессіз жатқанын, мұны өлді деп есептеп, бауырластар зиратына жерлемек болғанын, арбакеш қарттың мұның тірі екенін біліп, дәрігерді шақырғанын, сөйтіп осы госпитальға жеткенін білді. Бұл қазақ жауынгері Сәдуақас Қараманов болатын.

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста қолбасшының да, жауынгердің де арман-мұраты жауды жеңген күнді көру болғаны белгілі. Бұл тіпті ел мұраты болатын. Міне, осы бақыт бұйырған майдангерлердің бірі Сәдуақас Қараманов соғыс біткесін Болгарияда, София қаласында 1947 жылдың сәуір айы­на дейін әскери қызметте болып, май  мерекесі қарсаңында  ғана туған жерге, Аралға  жеткен  еді.

Бала кезі мен жасөспірім шағы ел басындағы ауыр тұстармен – айтулы аштық, қызыл қудалау жылдарымен тұспа-тұс келген ол нақақтан талай жанның сотты болғанын, жақын туыстарының атылып кеткенін көр­ді. Бұл Сәдуақастың әділдік үшін күрес жолына түсуіне ықпал еткен болатын. Бұл салада қызмет етуді ол өзінің  мұраты  санады.

1924 жылы Арал ауданының Қара­құм ауылында дүниеге келген ол бала күнінен-ақ ел тарихына, ата-­баба шежіресіне қанық болып өсті. Әкесі Қараман Дәуқараұлы сол өңірге белгілі азаматтың бірі болатын. Ол ауылдың іргетасы қалануына еңбек сіңіріп, кейіннен сонда құрылған ұжымшар төрағасы болған еді. Анасы Назым Мырзабекова да жаны таза, ақкөңіл, көпшіл жан болған, отбасынан үзілмейтін қонақтар арасында небір жыраудың, дәулескер күйшінің, құйма құлақ шежірешілердің, айтулы қиссашылардың болуы бала Сәдуақастың батырлар жырына қанық болып өсуіне, халық ауыз әдебиетінің бай қазынасынан сусын­дауына толық мүмкіндік берді.

Ұлы Отан соғысы басталып кетуі­не байланысты мектептердегі жоғарғы кластар сабағы тоқтай бастады да, соған орай 1941 жылы Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектептің оныншы класында оқып жүрген ол оқуын аяқтай алмады. Сөйтіп қаладағы 2-ші сот учаскесінде кеңсе хатшысы, одан соң «Ақшатау» ұжымшарында есепші болып еңбекке араласып кетті. Майданға жіберуді сұрап үшінші рет арыз берген кезде ол он жеті жастан бес ай асқан еді. Жасы он сегізге толмаса да әскерге алынды, майданға аттанды. Бұл 1942 жылдың сәуір айы болатын.

1947 жылы ол Алматы қаласындағы екі жылдық заң мектебінде, одан соң Мемлекеттік заң институ­тында білім алды. 1949 жылдан бас­тап Павлодар облыстық прокуратурасында, Май және Бесқарағай аудандарында тергеуші болды, кейін­нен Бесқарағай аудандық прокуроры қызметін атқарды. Бұл кезде ол 25 жаста еді. 1953 жылы қыр­күйек айында ол Қызылорда облыстық прокуратурасына қызмет ауыстырды, облыстық прокуратураның аға тергеушісі, қылмыстық-сот бақылау  бөлімінің  прокуроры, Терең­өзек ауданаралық прокуратурасының прокуроры, облыстық прокуратура тергеу бөлімінің прокуроры қызмет­терін атқарды. 1981 – 1985 жыл­дары қала прокурорының аға көмекші­сі, ал 1985 жылы зейнеткерлікке шық­қаннан өмірінің ақырына дейін қорғаушы (адвокат) қызметін абыроймен  атқарды.

С.Қараманов – өзінің мол тәжірибесін кейінгі буын заңгерлер кәдесіне жарата білген ақылшы-ұстаз, әділдік туын биік ұстап, әділеттілік үшін тер төккен азамат. Аға облыс құқық қорғаушыларының абызына айналды. КСРО, КазКСР прокурорының, облыс прокурорының сан мәрте марапаттауларын иеленген әділет кеңесшісі (әділет полковнигі) 2005 жылы ҚР «Прокуратураның құрметті қызметкері» атағын алды. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, Г.Жуков медалімен, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20, 25, 30, 45, 60 жылдық медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және тағы басқа жауынгерлік наградалармен марапатталған ол «ҚР Консти­туциясының 10 жылдығы» меда­лі­нің  иегері  атанды.

Мұраты – шындық, арманы – ақиқат болған асыл азамат бар ғұмырын ел дамуына, халық келешегіне арнады. Жөнсіз қиянатқа қарсы тұрды, жазықсыз жазалануға бет алғандарға қорған болды, қылмыстыны құтқармады, әділдіктің  алдаспаны  болды.

Сәби шаттығы – ел шаттығы, азамат бақыты деп білетін Сәкеңнің отбасы да көпке үлгі, кейінгіге өнеге. Жұбайы Қатира Оспанова – ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен арда­гер ана. Қыздары Минсара мен Сәуле ана жолын қуды, ұстаз болды. Екі ұлы республикаға белгілі заңгер болды. 2006 жылдың 22 қыркүйегінде бақилық болған асыл азамат бар ғұмырын қыран қанаты талып жетер қия­да өткіз­ді, тектілігін, мықтылығын, биіктігін паш ете турашыл қалпынан айнымады. Ақиқат таразыға  тартылған тұста қаймыққан жоқ, әділдігін  айтты.

Биыл Сәдуақас Қараманов ағамыздың туғанына 100 жыл толмақ. Мұратына жеткен адам С.Қарамановтың әділдік үшін күрес жолын бүгінде балалары, немерелері, шөберелері жалғастырып, құқық қорғау салаларында абыройлы еңбек етуде.

Алдажар  ӘБІЛОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: