Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнайшы есімі ұмытылмайды

26.12.2023, 17:40 258

HALYQLINE.KZ

Жеріміздің байлығы қай уақытта болмасын елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына түрткі болып, қаншама мүмкіндікке жол ашып жатқаны бәрімізге белгілі. Жер байлығы дегенде, ең алдымен есімізге «қара алтынның» түсетіні даусыз. Сыр өңірінің де мұнай өндіруден ауылы алыс емес. Күні кешеге дейін аграрлық өлке саналған Қызылорда қазір мұнай өндіру бойынша еліміздің үздік 5 өңірінің қатарына кіреді. Осы тұста өлкенің мұнай өндіру саласының дамуына мол үлесін қосқан Мұрат Саламатовтың ерен еңбегін атап өтпесек болмайды. Мұрат Ғазизұлы – мұнай саласының магнаты, мұнайшылар мектебінің негізін қалаушы. Ғұмырын «Құмкөлге» арнаған азаматтың шоғыры қашанда биік, өзінің талапшылдығымен, ісіне деген кәсіби көзқарасымен ерекшеленген тұлға. Еңбек өтілінде «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты мұнайбарлау экспедициясында қарапайым бұрғылау жұмысшысы қызметінен біршама ірі мұнай-кен орындарының басшысы лауазымына дейінгі жолы асқан қайсар-мінез бен әмбебаптылықтың, қайсар-мінездің символы іспеттес.

Мұрат Ғазизұлына деген қызылордалықтардың құрметі жоғары. Осыған дейін облыс орталығында Мұрат Саламатовтың атына көше берілсе, былтыр Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі оның есімімен аталды. Кеше ғана сол М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінің ауласында мұнайшының бюсті қойылды. Ескерткіш-бюстің ашылу салтанатына Мұрат Ғазизұлының жора-жолдастары, қызметтестері және туысқандары, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет қатысып, облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, сөз сөйледі.

Біліктілік пен білгірлік, кәсіби іскерлік нәтижесінде бейбіт күнде жанқиярлықпен еңбек еткен Мұрат Ғазизұлы сынды азаматты мәңгілік есте сақтау үшін мүсін орнату – барша қызылордалықтың ізгі қалауы болды. Осыған дейін  облыс орталығында тұлғамызға көше аты берілген болса, өткен жылы колледжге оның есімі берілді. Бюстінің білім беру мекемесіне орнатылуының терең символдық мәні бар, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Қайраткердің жақындары атынан Сақтапберген Ахметов қызметтес досын қадірлеп, еске алынып жатқанына шексіз ризашылығын білдіріп, іс-шараның өтуіне мұрындық болған облыс әкімдігіне алғысын айтты.

Ел ағалары мен мұнай саласының ардагерлері бюстті ашып, аймақ басшысының, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы, «Торғай Петролеум» АҚ, «ҚазГерМұнай» бірлескен кәсіпорны», ағайын-туыстары мен әріптестері атынан гүл шоқтары қойылды.

Одан соң іс-шараға қатысушылар колледжде ашылған Мұрат Саламатов атындағы «Рухани жаңғыру» залын көріп, естелік материалдармен танысты.

Ескерткіш-бюстінің ашылуынан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Студенттер сарайында конференция өтіп, жиналғандар елеулі азаматтың өнегелі ғұмырын ортаға салып, кезінде бірге қызметтес болған еңбек ардагерлері өткенді жаңғыртты. Бүгінгі Сыр елі өндірісінің ұйытқысы болып отырған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» мұнай компаниясының вице-президенті, талай жыл Мұрат Ғазизұлымен бірге қызмет атқарған Болат Көшербаев сөз сөйледі.

30 жылдан аса уақыттың көлемінде аймағымыздың несібесі болған мұнай-газ өндірісі біздің өлкеге қалай келді деген әңгіменің басы «Құмкөлдің» қазығын өз қолымен қазып, Сыр бойындағы мұнайшылар мектебінің негізін қалаған Мұрат Ғазизұлының есімімен қатар жүретіні анық. Қиыншылығы мол, қаржылық мәселелері толық шешілмеген, жергілікті тәжірибелі мұнайшы мамандары жоқ өңірге жаңа мұнай-кен орнын игеруге  жоғары білім мен тәжірибеден басқа қайсар мінез бен жоғары ұйымдастырушылық қабілет те қажет еді. Осы қасиеттердің бәрі дерлік бойынан табылған Мұрат Саламатов көптің шешімімен басшылық қызметке лайық деп танылды. Бұл кісінің келуімен «Құмкөлдің» кен игеру жұмыстары түрленіп сала берді. Материалдық-техникалық заттарды сақтайтын қоймалар салынды. Жұмысшыларға арналған жатақханалар бой көтерді. Мұрат Ғазизұлы басшылық қызметтен бөлек, мамандарды даярлаумен де айналысты. 75 маманды жан-жақтағы белді оқу орындарына тәжірибе алмасуға жіберді. Алғашқы болып Қызылорда қаласында мұнайшыларды даярлауға арналған оқу комбинатын ашты, – деп еске алды Болат Елеуұлы.

Мұрат Ғазизұлы жайында естеліктер ұшан-теңіз. Өзінің ғибратты ғұмырын мұнай-кен өндірісіне арнаған азаматты ел жадынан ешқашан өшірмесі анық. Кезінде Қызылорда облысының әкімі болған Сейілбек Шаухаманов «Иә, Мұрат Саламатовтың жемісті, жеңісті, жанқиярлық ерлік еңбегі, іскерлігі мен ыждағаттылығы, кәсіби біліктілігі мен білгірлігі, жоғары адамгершілігі мен азаматтығы, ұлтжандылығы қызылордалықтардың мәңгі есінде» деп ардақты азаматтың Сыр өңіріне сіңірген еңбегін ерекше бағалаған екен.

Ол егемендік алған алғашқы жылдары ел экономикасының өркендеуіне, халықтың әлеуметтік ахуалының көтерілуіне орасан зор үлесін қосқан. «Мұнайгаз», «Қазақойл» ұлттық компанияларының президенті қызметтерін атқарды. Кеңес заманында Маңғыстау облыстық партия комитетінде жұмыс істесе, бертін келе 1995-1997 жылдары Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Аграрлық өлке ретінде танылып, экологиялық ахуалы төмен, өнеркәсібі аса дамымаған Қызылорданы мұнай-кен орны етіп, жоқтан бар жасауы – ерлікпен пара-пар жұмыс. «Құмкөл» мұнайының даңқын сонау Мәскеуге дейін асқақтатып, шетелдік шенеуніктермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаны – жөні бөлек әңгіме.

Мұрат Саламатов 1999 жылы 57 жасында дүниеден озған. Десек те, ол өшпес еңбегімен бірге халық жүрегінде жасап келеді.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ.

Андрей  Тайгунов  (фото)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: