Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Миллиондар жұмсалған монумент

20.01.2020, 14:42 1188

Сырдың бас қаласына жақындаған сәтте сонадайдан жұртта қалған жалғыз үйдей «Сыр Ана» монументі менмұндала­йды. Алыстан қарасаң, көзді арбайды. Солай­ болуға тиісті еді. Өйткені, бұған облыстық бюджеттен бақандай 336 млн теңге бөлінген. Рас, «Сыр Ана» әу баста жалт-жұлт етті. 2012 жылы. Қателеспесек, аталған­ нысан пайдалануға берілген кезде облыстың сол тұстағы әкімі Болатбек Қуандықов бүй деген еді.

– Өмір жібі – Сыр-Ананың қолында. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлар Сырдарияға келіп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Бұл үрдіс ұзақ жылдарда­н  бері  жалғасын  тауып  келеді. «Сыр Ана» кешені­ ­де алдағы уақытта қызылордалықтар мен қала қонақтарының көптеп келіп, тағзым етер орнына айналады деп сенемін, – деген-ді.

Жалпы, негізгі идея жақсы. Алаштың анасы атанған Сыр елінде аналарға тағзым ретінде ескерткіш орнату әбестік емес. Дегенмен…

Жыл айналмай жатып сол нысанның алқам-салқамы шықты. Ішіне орнатылған қонды­рғылар қолды болды. Тіпті, дәретханаға айналып кете жаздады. Мазмұны терең монументтің бұлайша былғануы ойлан­дыратын мәселе. Себебі, ол ескерткіш көңіл көтеріп, сауық құрып кететін жер емес еді. Бірақ, «болар іс болды, бояуы сіңді». Бәлкім, бұл иде­о­логия жұмыстарының жөнді жүргізілмегендігінен шығар.

Сырдария өзенінің жаға­сында орналасқан осы нысан мәдени-көпшілік орынға ай­на­ла­ алмады. Бұл туралы талай жерде айтылды, жазылды. Ал­ғашқыда сол стелланың төбе­сіне шығып, Қызылорданы жоғары­дан тамашалауға мүм­кіндік бар-тын. Әйтсе де, көп ұзамай жауаптылар нысанға темір есік орнатып, күзетін қара құлыпқа тапсырды. Содан бері оған ешкім бармады. Ең қызы­ғы, күтіп-ұстау жұмыстарына жылына 60 миллион теңгедей қаражат қаралыпты. Бұл жө­нінде жауаптылар «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасына өткен жылы берген сұхбатында мәлімдеген. (https://qazaq­stan.tv/index.php/news/60230/)

Біз айтып отырған тағы­лымы терең монументке биыл қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары  келесі  жылға  өтпелі көрінеді. Бұл мақсатта бюд­жеттен 266 млн теңге бөлініпті. Мердігер мекеме – «Техоснастка-Ремсервис»  жауапкершілігі шектеулі  серіктестігі.

– Өздеріңіз білесіздер, Сырдария өзенінің бойынан Тасбөгет кентіне қарай «Тәуелсіздік» даңғы­лы салынады. Одан бөлек, сол маңда қоныстанған тұрғындар саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда артты. Осы жайттарды ескере отырып, «Сыр Ана» монументін толықтай жаң­ғыртудан өткізу мақұлданды. Былай қарасақ, кез келген ғимарат­  уақыт өте келе ескіреді ғой. Болашақта мұнда субұрқақ­, орындықтар, т.б. көр­кем­дік дүниелер қойылады. Құрылыс­ жұмыстары келесі жылдың көктемінде толықтай тамамдалады, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының  орынбасары  Абзал­  Рысбек.

Қысқасы, алғашында  366 млн теңге, биыл 266 млн теңге жұмсалған монмумент мәдени-көпшілік демалыс орнын­а айнала ала ма? Бұл – уақыт  еншісіндегі  дүние.

Қозы  Көрпеш   Жасаралұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: