Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мергенсайлықтардың мұң-мұқтажын тыңдады

13.02.2023, 10:15 384

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың қала, кент ауылдық округтерде 2022 жылдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері басталды. Аудан басшысының іс-сапары алдымен Мергенсай ауылдық округінде өтті. Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан әкімі жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады.

«Теңізді өлкеде жыл көлемінде ауқымды істер атқарылды. 2022 жылы ауданға 16,7 млрд. теңгеге инвестиция тартылып, өсім 102,1 пайызды құрады. Аудандағы өнеркәсіп орындары 24,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 23,9 пайызға артты. Нәтижесінде негізгі деген 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алды», – деді Серік Сағитжанұлы.

Сондай-ақ, аудан басшысы ауданда жүзеге асатын негізгі жобаларға да тоқталып, көптен күткен теміржол өткелінің мәселесі шешілгендігін атап өтті. Сондай-ақ «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы бойынша тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді. Жиын соңында тұрғындар жол мәселесін көтерді. Өз кезегінде Серік Сағитжанұлы бұл өзекті тақырыптың ұдайы назарда екендігін, аталған мәселе бойынша жұмыстар жасалынып жатқандығын айтты. Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі Сексеуіл кентінде жалғасты. Мұнда аудан басшысы жыл жетістіктерін баяндады.

«Индустрияландырудың ІІІ бесжылдығының аясында 1620 адамды жұмыспен қамтитын 162,2 млрд теңгенің 9 жобасы іске асырылып, өткен жылы оның 3,6 млрд теңгенің 2 жобасы іске қосылып, 268 адам жұмыспен қамтылды. 2022 жылы ауданымыз бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жыл ішінде 35,1 пайызға өскен. Ал, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5751 бірлікті құрап, 43,6 пайызға көбейді. Сондай-ақ Сексеуіл кентін газбен қамтамасыз ету жобасына да ерекше көңіл бөлінуде. Сексеуілік кентіне көгілдір отын жеткізу мақсатында салалық министрліктермен жүйелі жұмыстар жасалуда», – деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.

Кездесуде кент тұрғындары аурухана құрылысы мен жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орындар мен саябақ туралы сұрақтар қойды. Аудан әкімі кенттің негізгі мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқандығын айтып, аурухана құрылысын жалғастыру бойынша шаралар қабылданғандығын айтты. Ал жастардың бос уақытын тиімді өткізетін орындар мен саябақ мәселесін шешу үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтты. Есепті кездесуден соң аудан әкімі жеке мәселелері бойынша тұрғындарды қабылдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: