Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен неге журналист мамандығын таңдадым?

16.07.2021, 14:45 677

HALYQLINE.KZ Адам өмірінде екі үлкен нәрседен қателеспеу керек. Біріншісі – адал жар, екіншісі – мамандық таңдаудан. Осы екеуіне ерекше ықыласпен сүйіп баруың міндетті, өйткені, осы екі нәрсені өміріңнің соңына дейін алып жүріп, былай қарағанда осы нәрселермен демің таусылғанша тыныс аласың. Адал жарың әрдайым қасыңда жүретін қолдаушы, қорғаушы сыңарың болса, ал мансабың – күнделікті үлкен құлшыныспен, арнайы махаббатпен нәпақа табатын ісің. Сондықтан, адамзаттың әр күні ажарлы, өмірге деген керемет құлшыныспен, зор мақсаттарға ұмытылыспен өтсін десе, мамандықты дұрыс таңдағаны жөн.

Мен де осы мансап жолын таңдарда көптеген қиындықтарға кез болдым. Сана мен жүректің күресі, ата-ананың қалауы, жан-жағымдағы адамдардың көзқарасы және тағы басқа нәрселер алдымда кедергі болып, нақты бір шешімге, арманыма қол жеткізу аса бір қиындыққа кезіктірді. Жалпы, кішкентай кезімнен аса бір мәдениеттілікке, адамдардың көп ықыласына бөленгенге, әдебиет өнеріне жақын болдым. Әрқашан теледидардағы журналисттер мен үшін салмақты, мәдениетті, белгілі бір орындарын тапқан керемет мамандық иелері болып көрінетін. Сондықтан, олардың сөйлеу, ұстау мәдениеттеріне қарап, еліктеп, әрдайым оларға қызығып, ерекше көзқараспен қарайтынмын. Осылай өсе келе, мектеп қабырғасында гуманитарлық пәндерге жақын болдым. Есеп шешіп, логикамен ойланатын пәндерді оқығанша, шығарма оқып, адамдардың ой-пікірін біліп, түсінік айтатын пәндерде сабақ оқығанды жақсы көретінмін. Тіпті, әдебиет сабағында  шығарманы қысқа уақытта ойланбастан жазып беріп, әрдайым қатарластарымнан озық жүретінмін. Сол кезде мұғалімім де, ата-анам да осы ерекшелігімді біліп, бағымды сынау үшін көптеген сайыстарға қатыстыратын.

5-сыныпқа келген кезде менің біраз ерекшеліктерімді мектептегі ұстазым байқап, маған «Qyzylorda» (бұрынғы «Қазақстан-Қызылорда») телеарнасындағы балаларға арналған бағдарламаны жүргізуге ұсыныс жасады. Сол кезде, ата-анамның айтуынша, бірінші түсірілімнен ақ, мені бірден жүргізуші ретінде қабылдапты. Осылай, жасөспірім шағымнан ақ болашақ карьерама бірінші қадамымды басып, кішкентай Құралайдың арманы жартылай жүзеге асты.

Жалпы, телеарнада 3 жыл жұмыс істеп, кішкентай болсам да, телевизия әлемінің қыр-сырын, ішкі атмосферасын біліп, өзіме көптеген сабақтар, ақпараттар алдым. Бұрыңғы Құралай сана жағынан да, сөйлеу жағынан да жаңа дәрежеге көтеріліп, журналистика саласына одан сайын құлшынысы арта бастады. Тіпті, 7-сынып оқып жүрсем де, үлкен адамдар «өскенде кім боласың?» деп сұраса, мүдірместен «мен журналист боламын» деп мақтанышпен жауап беретінмін. Сол кезден бастап, мен өзімнің бағытымды анықтап, сол арманым бойынша жүруге тырыстым.

Уақыт өте келе, есімді біліп, бой жеткенде ата-анам осы мамандығыма қарсы бола бастады. Бұл мамандықтың да жағымсыз жақтарын естіп, менің өзімнің өмірім үшін бұл арманнан бас тартқызуға мәжбүр етті. Бірақ, басында келіскенмен, жыл санап, ішімде әлі журналистика отының лаулап тұрғанын көріп, ата-анама өзімді дәлелдей бастадым. Жақындарым таңдатқан мамандықтан бас тартып, мансаптың өмірге маңыздылығын, қалай әсер тигізетінін түсініп, өзімнің болашағым үшін күресуді жөн көрдім. Бірақ, соңында менің де ішімде жанып тұрған құлшынысымды отбасым көріп, менен де мықты маман шығатынына көзін жеткізіп, журналистикаға келісімін беріп, баталарын берді.

Осылай, 11-сыныпты бітірген соң, шығармашылық емтиханға кіріп, жоғары балдың бірін алып шығып, өзімнің кішкентай кезімнен бері армандаған Сүлейман Демирел университетіне түстім.

Кішкентай Құралайдың арманы жартылай орындалып, мақсатының толықтай жүзеге асуына қазір тынбай еңбектеніп, нәтиже шығаруға  жұмыс істеуде. Әрине, бұл талабымның оң болатынына, кейін қол сілтеп кетпейтініме сенімдімін. Өйткені, бұл мақсаттарға жетуіме мен көптеген сынақтардан өтіп, өзімді жігерлендірдім  және армандарымның толықтай орындалып, кезінде басқа журналисттерден көрген бейнені өзімнен де көретініме сенімдімін.

                                                                                     Құралай НАЙЗАБАЙ,

                                          Сүлейман Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: