Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы: «Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаржысы»

19.04.2023, 11:20 208

HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қор болашақ ұрпақтың еншісі екенін айтты.

«Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаржысы. Біз оның ресурсын қажет кезде, дағдарыс кезінде ғана пайдалануымыз керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институтын және жан басына қаржыландыруды, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тартуды толық пайдалану керек», – деді Мемлекет басшысы. 

Тоқаев былтыр желтоқсан айында жаңа МЖӘ (Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) үлгісін енгізуге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қойғанын еске салды. Жеке серіктестерді таңдауда ашықтықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып, квазимемлекеттік кәсіпорындардың қатысуы шектелген.

«Осылайша бизнесті мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға тартуға жағдай жасалды. Бұл құралды жаңа ұлттық жобаларды жүзеге асыруда барынша пайдалану керек. Үкіметке әлеуметтік саладағы МЖӘ кешенді бағдарламасын дайындауды тапсырамын», – деді Президент. 

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде ұлттық қор туралы сөз қозғаған еді. «Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі» атты алтыншы бөлімде: «Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді.

Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Осы орайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.

Дегенмен кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін» деген болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: