Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көзбояушылық көсегені көгерте ме?

21.12.2023, 11:20 673

Жалпы, көзбояушылық, жалған айту, өтірік істеу жақсы қасиет емес. Осы көзбояушылық, екіжүзділік және өтіріктің арқасында 30 жылдан асса да еліміздің көркеймек түгілі экономикамыздың күннен-күнге құлдырап, әлеуметтік жағдайымыз шықпа жаным шықпамен келгенін жасырудың еш реті жоқ. Бұл «дерттің» сонау қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнен жұққанын да айтатындар көп. Иә, Кеңес одағы құрдымға кетер алдында осындай көзбояушылық шегіне жетіп еді, ақыры не болғанын ел біледі. Тарихтан тағылым алу – ақылдылық. Бірақ адам да, қоғам да бойына жақсылықтан гөрі, жамандықты тез сіңіреді. Өкінішке қарай, көсегені көгертпейтін көзбояушылық әлі де жалғасып келеді. Жаңа, әділетті Қазақстанда да. Мәселен, жаңа кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар ашылып жатыр деп бөркімізді аспанға атып, сүйінші сұраймыз. Арада көп уақыт өтпей-ақ өнеркәсібімізді өрге сүйреуге тиіс сол кәсіпорындардың біразы өндірістік қуатына жете алмай немесе ашылған күні ертесіне есігіне қарап құлып салынып, пұшайман хал кешеді.

Хош. Қоғамның қай саласын алсақ та, төменнен жалған ақпар беру, көрсеткіш қуу өріс алған. Әкімдердің есеп беруі де, зәулім сарайлардың лентасын қию да, көшені асфальттап, тротуар салу да көзбояушылықпен істеліп жүргенін жұрт жақсы біледі. Қайбір күні Қызылордада көпқабатты үйдің тұрғыны әлеуметтік желіде бейнежазба қалдырды. Онда ауланы абаттандыру барысында салынған аулааралық жолдың жиегіндегі бордюрді сапасыз орнатып кетіп, артынша орнынан жылжып жатқанын көрсетіпті. «Сонда бұл жұмысты қабылдап алған тиісті орындар нені бақылаған?» деп ашынады. Мұндай сапасыз жұмыстың сан түрін көруге болады ғой. Айтпақшы, кезінде тұңғыш президент те Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Халықтың ақшасының қайда кетіп жатқанын бұл елде менен басқа бақылайтын адам жоқ па?» деп билік төріндегілерге шүйліккені бар. Бұл сөз жемқорлыққа қатысты айтылғанымен, ақиқатында бізде қайда болмасын бақылау әлсіз. Ал бақылау аз жерде көзбояушылық, жалған ақпар беру сияқты қоғам дертінен құтыла алмайтынымыз анық.

Былтыр мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Бұл – нағыз көзбояушылық» деп жұртты мазалаған мәселені көтерген еді. Ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсіп жатқанын атап өтті. Айтуынша, соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар саны көбейіп барады. «Қазіргі таңда бір миллионға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөрісі деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деп есеп береді. Бұл – нағыз көзбояушылық», – деген еді президент. Содан бері мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарламаның әзірленгені белгілі.

Осындайда жергілікті әкімдер қалай әрекет етіп жүр екен деген сауал көкейде тұрады. Өйткені, осы өтірік жақсы атты болу мен көзбояушылыққа салыну билік сатысындағы басшылықтың «жұмыс тәсіліне» айналғанын жер-жерде көз көріп жүр ғой. Ал, бізде облыс әкімінің «маған көзбояушылық қажет емес, сапалы жұмыс қажет» деген сөзін әрегірек естіп қаламыз. Өткендегі бір жиында да: «Арал ауданына бардым. Спорт кешені дайын деген соң, ашып кеттік. Кейін бір айдан соң сол ауылға балабақша ашуға барсақ, тұрғындар келіп «мына спорт кешенінің штат мәселесін шешіп, тездетіп іске қоссаңыздар» дейді. «Оу, өткенде ашып кетіп едік ғой, жұмыс істеп тұр ғой» десем, «жоқ, сіз кеткеннен кейін қайтадан жабылды, штаты, қаржысы шешілмеген» дейді. Ағайындар, ондай көзбояушылықты қойыңдар, аудан әкімдері де, сол салаға жауапты басқарма басшылары да, ол білім, денсаулық, мәдениет, құрылыс бола ма, кімге қатысты, ғимараттың мәселесі толық шешілмей, оны ашудың қажеті жоқ. Ел-халықтан ұят. Мені сол кісілердің алдында төмендетіп жатырсыңдар. «Әкім көзбояушылықпен айналысып жүр» деп айтады ғой. Мен қайдан білейін, дайын дедіңдер, шарларыңды іліп, музыкалатып қойғансыңдар, ашып бердік, елдің батасын алдық. Ал, мен кеткеннен кейін, ол қайтадан жабылады. Оның не керегі бар, «бүгін ашпасаңдар болмайды» деп мен сендерді сол арада автоматпен тақап тұрдым ба? Ұсынған өздерің. Аудан әкімдері, бұған өздерің өте жауаптысыздар, дайын емес, болмаса сапасыз, инженерлік жүйелері, штаты толық шешілмеген, құжаты бітпеген нысандарды бізге ұсынбаңыздар!» деп басшыларға шүйлікті.

Міне, кей басшының кез келген жақсы да тиімді бастаманың әрін де, нәрін де кетіріп, тонын теріс айналдырып, өзінен жоғары тұрған басшылықтың беделіне нұқсан келтіретін осындай әрекеттері болады. Қысқасы, маңдай терлетіп жұмыс істегеннен гөрі өтірік ақпарат беріп, тек көзге түсіп қалуды ойлайтын, кемшіліктен гөрі жетістіктерін ғана айтып дағдыланған басшылар талай жыл бойы әбден қалыптасқан, өздеріне аса тиімді жұмыс тәсілін аяқ астынан, жедел өзгерткені керек. Өйткені, бұл – жаңа, әділетті  Қазақстан!

Н.АҚПАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: