Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көше жақ беті көрікті

19.05.2022, 9:00 359

Суреттегі көпқабатты үйлерге қарасаң, кейбір адамдар көз алдыңа еріксіз елестейді екен. Байынан бетбақтырмай пұл сұрап, бет-аузы жылтырап, алтын сырға тағынып, қымбат тонды жамылып жүретіндер бар ғой. Іііі, солар. Қысқасы, «сырты бүтін, іші түтін» дегенге келіңкірейді.

Жұмысшы:

Бастадыңыз ба жорықты,

Басеке, қалай болыпты?

Бригадир:

Зың-зың ғой, бәрі «өліпті».

Басшы:

Бізде бәрі көрікті…

Қай күні көріп кеткенмін,

Кеше де көлікпен өткенмін.

Халық:

Көше жақ беті көрікті,

Ішкі беті сұрықсыз.

Оны кім бірақ көріпті?

Басшыларымыз құлықсыз.

Басшы:

Жаңаша ойлау керек, жаңаша,

Бізде бәрі тамаша!

Халық:

Құдай сізге көз берген, ми қимаса да,

Көрмейсіз сіз, жанарыңыз шарасына сыймаса да.

Сыбырлап ақша десе де елең етесіз,

Ел мұңы үшін өзіңізді керең етесіз.

Басшы:

Дамып жатырмыз, дамып жатырмыз.

Қане, кімнен қалып жатырмыз?!

Халық:

Сіздіңше қарыштап та дамыдық, ғарыш­тап та дамыдық,

Ал, біздіңше қарыстап дамыдық.

Осы кезде басшы баяндамасын бітірді. Сонда ғана халық өкілі бағанадан бері өзінен-өзі сөйлеп отырғанын байқады. Бір қараса басшы алшаң басып сахнадан шығып бара жатты…

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

2019  жыл

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: