Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кегін қуған кебін киеді

13.04.2023, 12:40 267

Жаппай төбелес. Жасөспірімдер арасында аяусыз әлімжеттік көрсету көбейіп кетті. Әсіресе осы жылдың 2 тоқсанында таяқ жеген мен қол көтерген оқушыларға қатысты қылмыстық іс көп қаралды. Дегенмен, резонанс тудырған Қазалыдағы оқиғаны ашып айту керек. Себебі бұл ұмытылып кететін қылмысқа ұқсамайды. Екі мектептің оқушылары арасындағы төбелестің соңы бір баланың ауыр жағдайда ауруханаға түсуімен аяқталды. Кімнің-кіммен, нені бөлісе алмай қалғаны белгісіз. Белгілісі, полиция қызметкерлерінің жұмысқа немқұрайды қарағаны. Қатарластарынан жәбір көрген бала аман ба, төбелес неден басталды, облыстық полиция департаменті неліктен жалған ақпарат берді? Біз үш тақырыпшамен оқиғаны тарқатайық.

ЗАҢДЫ  АТТАП   ӨТУГЕ  БОЛА  МА?

Әлеуметтік желіде Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №70 мектептің 9-сынып оқушысын №266 мектеп-лицейдің оқушылары соққыға жыққан видеосы тарады. Сол кезде баланы мектепте емес, балабақшаға барады деп ойлады ма, облыстық полиция департаменті былай жауап берді.

– Аудандық  ауруханаға  кәмелетке толмаған  жасөспірімнің  көрінгендігі туралы  хабарлама  түскен. Аталған дерек Қазалы аудандық полиция бөлімінде  тіркелді. 2023 жылдың 6  сәуір күні жасөспірім Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс Баһадүр атындағы саябақта жаңбырдан соң тайғақ жолда жүгіріп жүріп, абайсызда құлағандығы анықталды. Қазіргі таңда оның жағдайы – қанағаттарлық, жәбірленушінің және  оның  ата-аналары  тарапынан  шағым  жоқ. Бұл дерек бойынша қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде, – деді.

Лаулаған өртті тез сөндіргісі келді ме, жалған ақпарат таратты. Қисынсыз жауап қатқан департамент елдің күлкісіне қалды. Десек те, Қылмыстық Кодекстің 293-бабы бойынша іс қаралғанын, сондай-ақ үш күдікті Қазалы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын кейін мәлімдеді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп бекер айтылмаса керек-ті. Жылы  жапқысы келгеннің бір себебі, үш күдікті жасөспірімнің бірі отставкадағы  полиция  қызметкерінің баласы  болған  соң  ба? Алайда  Қазалы аудандық  полиция  бөлімінің  басшысы Болат Қазиев  жалған  ақпарат  бергені мен жедел іс-әрекет жасамағаны үшін қызметінен  босатылды. Бұған  қоса,  10 қызметкерге қатаң сөгіс жарияланды. Ал, жалған  ақпараттың  таралуын былай  түсіндірді.

– Алғашқы кезде анасы, сосын баланың өзі осы көріністі нақтылаған. Тек қана айтып қоймай, «менің дене жарақатыма ешкімнің кінәсі жоқ. Жаңбырдан кейін тайып құлап, осылай дене жарақатын алдым» деген. Істің мән-жайы жөнінде әзірге толық айта алмаймын, – деді облыстық  полиция  департаменті  бастығының бірінші  орынбасары  Шамшидин  Амитов.

ӨЛІМШІ  БОЛЫП  ТАЯҚ  ЖЕГЕН БАЛАНЫҢ  ХАЛІ  ҚАЛАЙ?

Баланың денсаулығы жайлы түрлі ақпарат тарады. Ең алдымен, баланы аудандық аурухан­аға жеткізген. Содан кейін ата-ана­ның өтінішімен Қазалы ауданындағы теміржолшылар ауруханасына ауыстырыл­ған. Бұны облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы айтса,  жәбірленушінің анасы аудандық  ауруханаға  көңілі толмағаннан кейін басқа  жаққа  алып кеттім деп тілшілерге ақпарат беріпті. Сондай-ақ, жан сақтау бөлімінде жатқан балаға аудан әкімі, оның орынбасарлары кірген. Бірақ анасы кіре алмай жүр екен. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жақында таға­йындалған басшы Олжас Ысқақов білмейтін болып  шықты.

– Баланың денсаулығы жақсаруда. Осы оқиға болып, ауруханаға түскеннен бастап барлық маман қарады. Аудандық теміржол аурух­анасына ауыстырылғаннан кейін облыс­тық  көпбейінді  балалар  ауруханасынан хирург, кардиолог мамандары барып, баланың жағ­дайын бағалады. Қазіргі таңда баланың өміріне  төніп  тұрған  қауіп  жоқ, – деді  ол.

МЕКТЕПКЕ  ТӘРБИЕ  ІСІ  ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАР  КЕРЕК  ПЕ?

Төбелес мектеп қабырғасында болмаса да, мұғалімдер жазасыз қалмады. №70 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыс­тан босатылса, директорына қатаң сөгіс берілді. Ал, сол күні №266 мектеп-лицейдің дирек­торы денсаулық жағдайына байланыс­ты жұмыста болмаған. Дегенмен, жұмысқа қосылған соң тиісті шара қолданылады. Бұл шешіммен көпшілік әсіресе мұғалімдер келіспейді. «Баланың тәрбиесіне ата-ана жауа­пты, біз тек білім берумен айналысамыз» дейтіндер табылды. Бұған қатысты белгілі заңгер  Ләззат  Бақтыбаева  бүй  деді.

– Тәрбие тек ата-анадан болса, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымы неге енгізілген?! Мектепте тек білім екен, онда барлық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымы қысқартылсын! Аты бар, жауапкершілігі жоқ лауазым үшін алынған еңбекақылары мемлекетке  қайтарылсын, – деп әлемжеліге  жарияла­ды.

Ал облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағамбет білім мен тәрбиеге қатысты аймақта біраз жұмыс істелсе де,  оң  өзгеріс  болмағанына  қынжылды.

– Өткенде ғана осы залда аудан активімен, ақсақалдарымен тәрбие мәселесіне байланыс­ты тәлімді семинар өткізген едік. Бала тәрбиесін жетілдіріп, олардың құқықбұзушылық жасауына жол бермеу тетіктерін талқылап, тиімді әдістерді енгіздік. Соған қарамастан, осы күнге дейін білім мен тәрбие тұрғысынан өңірге үлгі ретінде көрсетіліп жүрген ауданда келеңсіз жайт болды. Бұл – мектеп басшыларының болған жағдайды жасырын ұстап, жағдайды  дер  кезінде  баяндамауынан, оқи­ғаға  лайықты талдау жасамауынан ушы­ғып кеткенін  жасыра  алмаймыз.  Ал  директордың  бірнеше  орынбасары  әр  сыныптағы бір-екі бала­ға  әсер  етуші факторды неге зерттемегені  таңда­ныс  тудырады.  Соның  алдын  алмағаннан кейін мұндай  жағдай  қайталана  береді, – деді  ол.

Қысқасы, жігіттердің көшеде «күш сынасуы» бірінші рет емес. Бұдан бөлек, Қызыл­орда қаласында да №217 мектеп оқушылары арасында төбелес болып, жасөспірімдердің суық қару қолданғаны белгілі болды. Артын­ша Байқоңыр қаласындағы №275 мектеп балалары да бір-біріне жұдырық жұмсаған. Жалағаш кентінде де екі мектеп оқушы­лары арасында жанжал шыққан. Тізімді №136 мек­теп мен №9 мектептің арасындағы жаппай төбелес түйіндеді. Онда да бір оқушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Осы орайда, «оқушылар арасында  жаппай төбелес неге көбе­йіп кетті?»  деген сауал туындайды. Мұның жауабын әлеуметтік желі қолданушы­лары сан-саққа  жүгіртіп жатыр. «Бұндай  төбелестер  бұрын  да болған, тек видеоға түсіп қалмаған» дейтіндер де көп. Қалай десек те, бізге сауатты һәм дені сау ұрпақ керек. Әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кегін қуған кебін киетінін жасөспірімдерге түсіндіре түсу қажет. Жұдырықтан мәселе шешіле  бермейді…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: