Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ілгерілеу жолында ілкімді істер жетерлік

21.06.2023, 11:50 129

HALYQLINE.KZ Кеше шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сәулет, КБИ, Мерей мөлтек аудандарының халқымен кездесіп, қалада атқарылған жұмыстар барысын айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.Қазіргі таңда қаламыз көгілдір отынмен толық қамтылып, аяқ су мәселесі ретке келтірілді. Күннен күнге көркейіп, кемелденіп келе жатқан шаһардың тазалығын сақтау, тиісті сала қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету мақсатында арнайы техникалар алынды.

Көпқабатты үйлердің қасбетін жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттарының бірі саналатын ойын алаңдары көптеп салынуда.

Сондай-ақ, бүгініміз бен болашағымызға бей-жай қарамаған азаматтардың туған жерге деген ыстық ықыластарының көрінісі ретінде демеушілердің көмегімен бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандарды айтуға болады.

Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте үш ғимараттың іргетасы қаланды. «Неке сарайы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.​

Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығы заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын қолға алды. Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын болады.«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады. Сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізіледі.

Тұрғындарға облыс орталығындағы байырқалы бастамалар мен ілкімді істерді тізбелеген қала әкімі «Барлық көрсеткіштер бойынша біз жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Мұның барлығы сіздердің қолдауларыңызбен жүзеге асырылуда. Әрине, әлі шешуді талап ететін мәселелер аз емес. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бізге кемшіліктерді көру мен жоюға көмектеседі. Сол үшін сіздерге ерекше ризашылығымды білдіргім келеді»,- деді.

Кездесуге келген Сәулет, КБИ, Мерей мөлтекаудандарының тұрғындары өз кезегінде көкейде жүрген мәселелерін тілге тиек етіп, тезірек шешілу жолдары қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.

«Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктеді. Бұл ретте, қаламызды одан әрі дамытудың басты кепілі азаматтарымыздың, яғни, әрбір тұрғынның табысы мен өмір сапасының жақсаруы – біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші. Сондықтан бұл бағытта атқарылатын жұмыстар легі толастамайды» деген қала әкімі Асылбек Шаменов тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: