Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықтың нанына тиіспесін

30.09.2021, 10:30 317

Қымбатшылыққа да етіміз үйреніп қалды. Нан бағасының да кенеттен көтеріліп кетуі көпшілік арасында әлі де әңгіме болып жүр. Осыған  дейін 70 теңгеге сатылып келген нан бірден  90-100 теңгеге дейін өсті. Билік нан бағасының өсімі болмайтындығына уәде беріп отыр. Бірақ, дүкен сөрелеріндегі нан бағасы қымбаттап үлгерген. Халықтың ашынатынындай бар. Жарымайтын жалақысына нан ала ма әлде өзге шығындарын өтей ме, білмейді. Жағдайды биліктегілер білмейтін сыңайлы. Білсе мынадай түсініктеме бермес еді.

– Әлемдік нарықта және біздің елде де бидай бағасының өсімі байқалады. Дегенмен талдау нәтижесі көрсетіп отыр­ғандай, елімізде нан бағасы тұрақты. Ұн да, нан да жеткілікті деңгейде өндіріліп жатыр. Қазір елімізде егін жинау науқаны аяқталуға жақын, бидай қамбаларға құйылып жатыр. Сол сияқты нарықтағы бидай бағасы өсіп, ол нан құнының қымбаттауына алып келмес үшін тиісті шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, тапшылық байқалған жағдайда нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға резервтен бидай беру жоспарланып отыр. Әлеуметтік нан бағасының күрт өсімі болмайды, – деді ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры  Азат  Сұлтанов.

Нан бағасының күрт өсімі болмайды, баға тұрақты. Бұл – ҚР АШМ-нің көзімен. Олардың айтуынша, нан өндіру үшін шикізат бағасы көтерілген жағдайда Үкімет тарапынан шаралар  енгізілетін  болады.

Қарлығаш Хұсейнова, қала тұрғыны:

– Таңертең 70 теңгеге алған нан кешке барсаң, 90 теңгеге дейін көтері­ліп кетеді. Кәсіпкерлердің құлағына «қымбаттайды екен» деген қауесет тисе болды. Ол рас па, жоқ па шаруалары болмайды. Өздері ойлары­на келген бағаларын қойып отырады. Екі ортада опық жейтін – халық. Амал жоқ, айтқан бағаларына алып кетеміз. Не істейміз? Оны алмасақ тағы бол­майды. Үкімет барлық кәсіпкерліктегі бағаларды наза­рына алып,  бақы­лауда  ұстаса екен дейміз. Амалсыз алатынымызды біліп, дүкеншілер  де дәнігіп  алған. Бұлай жалғаса беруге болмайды. Бағада шектеу  болу  керек.

Нарықтық экономика заңдылығында кәсіпкер қойған бағада өнімін сатып алуға мәжбүрсің. Алайда тауар бағасын қоюда да шектеу болу керек. Елімізде нан бағасы тұрақтайды және артылғанын экспорттауға да дайын.

– Биыл жоспарға сай 6-6,5 млн тонна астықты экспорттауға жағдайымыз бар. Бұған дейін айтқанымдай, бүгінде еліміз бойынша 16 млн тонна астық бастырылса, оның 7 млн-ы ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Астық экспорты бұрынғысынша, Орталық Азия, Ауғанстан, Иран еліне жасалады. Сонымен қатар қатты дәнді дақылдарды кейбір Еуропа елдеріне экспорттауды жоспарлап отырмыз, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.

Өткен жолы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі азық-түлік өнімдерінің бағаларын бақылау үшін қаладағы бірқатар ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерді аралады. Ол осы кезге дейін әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімдерін шекті бағадан асырмау, әлеуметтік дүкендер желісін көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Алайда нан бағасының өсімі бақылаусыз қалғандай. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір тұрақтандыру қорында 1042,9 тонна өнім көлемі сақталған. Оның ішінде бірінші сортты бидай ұны – 616,5 тонна, күріш – 96,8 тонна, қант – 235,4 тонна, макарон – 72,3 тонна, қарақұмық жармасы 21,9 тонна бар.

«Жуас  түйе  жүндеуге  жақсы». Үкіметке қанша налығанмен, нәті жуас халық  айтып-айтып  қоя  салады. Басқа дүниесі қымбаттаса да, халықтың нанына  тиіспесінші.

Ә.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: