Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру

17.08.2023, 15:50 321

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Осы аталған өзгерістер мен толықтырулар 2023 жылдың 12 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Атап айтқанда, Заңның мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру, біліктілік талаптары, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс және мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Аталған өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстық рәсімдерді өткізбестен тағайындалу құқығы бар тұлғалардың шеңбері кеңейтіліп, мемлекеттік қызметке кіру шарттары біршама жеңілдетілді.

Қазіргі таңда, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын аяқтаған, тиісті оқу нәтижесі 3,33 GPA үздік түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерінің келісу бойынша конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.

Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау мүмкіндігі қарастырылды.

Сонымен бірге, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен облыстық бюджеттен қаржыландырылатын облыстың атқарушы органдардың басшысы лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі беріліп отыр.

Бұл өз кезегінде бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады деп күтілуде.

Тағы бір өзгеріс, енді мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен, яғни ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің немесе оның аумақтық департаменттерінің келісімі бойынша бекітілетін болды.

Айта кету керек, бұған дейін мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бекітіліп келген болатын.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауға қатысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.

Ендігі кезектегі Агенттіктің жоспары – жаңа іріктеу жүйесін пилоттық сынақтан өткізу.

Пилот ағымдағы жылдың 1 наурыздан бастап 5 мемлекеттік органда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктерінде жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестерді одан әрі цифрландыру мақсатында биыл «Е-қызмет» жүйесінің 14 модулі жаңартылады, оның ішінде «Тәртіптік бақылау», «Бағалау», «Іс-сапарлар», «Тағылымдама», «Оқыту» модульдері бар. Бұл жұмыс 2023 жылы аяқталып, жаңартылған жүйе келесі жылдың басынан барлық мемлекеттік органдар қосылуы арқылы пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Біріншіден, Президент шешімімен саяси қызметшілерді «сенім жоғалтуына» байланысты жұмыстан шығару мүмкіндігі енгізіледі. Мұндай себеппен шығарылған қызметші мемлекеттік қызметке үш жыл бойы қайтып келе алмайтын болды.

Екіншіден, өзге өңірге ротацияланған қызметшіге үй жалдауға төлем енгізілді. Бұл өз кезегінде қызметшілерді өңірлерге ротациялануға ынталандырады.

Үшіншіден, мемлекеттік органдарға нақты бір жобаны атқару үшін уақытша шарт (контракт) бойынша жұмыскерді алуға мүмкіндік берілді. Мұндай жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарды атқармайды және белгіленген уақытқа ғана алынатын болады. Бұл жаңашылдық Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасына сай енгізілуде.

Төртіншіден, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимінің сақталуы реттелетін болды. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізілуде.

Бесіншіден, мемлекеттік органдардағы басқарушы және атқарушы лауазымдар саны реттеледі. Қазіргі кезде, кейбір мемлекеттік органдарда бір не екі қызметшіден құрылған бөлімшелер бар. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың оңтайлы және тиімді құрылымын қалыптастыру.

Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында агенттікті толыққанды стратегиялық HR-институты етіп қалыптастыру тапсырмасына сәйкес Агенттікпен тиісті ұсыныстар әзірленді. Осының негізінде Агенттіктің назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысады.

Агенттік мемлекеттік органдардың стратегиялық HR-әріптесіне айналады. Кадр рәсімдерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшейтуге назар аударылады.

Агенттіктің жұмысында рекрутинг (қызметкерді іздеу, тарту), талант-менеджмент, ассесмент (бағалау) және өзге де жаңа құралдар қолданылуда. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке «кіруден» бастап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады.

Екіншіден, мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғайып, олар өз органдарында HR-стратегиясын жоспарлайтын болады. Сондай-ақ оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.).

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырыды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі қайта қаралды. Бүгінгі күні агенттік стратегиялық HR-институтын қалыптастылурда.

Институт кадр рәсімдерін цифрландыру, таланттарды іздестіру, HR-оқыту мен сертификаттау, талдау, HR-қызметтеріне әдістемелік көмек көрсететін болады.

Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жастар кадрлық резервін қалыптастыру – жаңа буынды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған.

Мемлекет Басшысы атап өткендей, «Жастар кадрлық резерві – мемлекеттің резерві». Жастар кадрлық резерві қазіргі таңда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Жыл өткен сайын қабілетті, дарынды жастардың бұл жобаға қатысуға қызығушылығы артуда.

Агенттік Президенттік жастар кадр резервін жетілдіру бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың желтоқсан айында резервтен шығу тәртібін бекітетін Жарлық қабылданды. Соған сәйкес, резервші өз еркімен өзге елдің азаматтығын алған, Қазақстанның азаматтығын жоғалтқан, жұмыстан теріс себептер бойынша босатылған жағдайларда резервтен шығарылады.

Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Ол үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?! Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек.

Түйіндей айтқанда, біздің негізгі міндетіміз – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру.

Жасұлан ШЫНТАСОВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: