Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Халқымыздың жүрегінен ұлттық сезім кетпеген екен»

19.03.2024, 17:55 279

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілер қарқынды дамып, көпшілікке жеңіл дүниелер өтімді болған кезде, ұлттық құндылықтарымыз үшін қатты алаңдайтын едім.

Ішкі дүниемді түрлі ойлар мазалайтын. Үлкен де, кіші де жалт-жұлт еткен дүниеге қызығып, соның жетегінде кетсе, біз сияқты жастарға кім ақыл айтады, бесікте жатқан сәбиге кім тәрбие береді, – деп ойға бататынмын.
Әрине, әр адамның жүрегінің түкпірінде ұлттық сезімі болады. Менің де халық құндылықтарына құрметім жоғары болғандықтан, жеңіл дүниелерге жұдырығымды түйіп, намыстанып қалатыным бар.

Дегенмен, биылғы Наурыз мені ауыр ойлардан арылтып, көңілімді жадыратты. Ұлттық мерекемізді әрдайым әспеттеп келгенімізбен, дәл осы жылғыдай ұлттық сезіммен ұштасқан белсенділікті көрмеппін. Елімізде Наурыздың он күндігі бекітіліп, соның аясында мазмұнды шаралар өткізілуде. Жер-жерде ұлттық киіміміз ұлықталып жатыр.

Осы орайда, Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті де Наурыз мейрамының мерейін асырып, ерекшелеп өткізуге үн қосуда. Менің есімде, Департамент басшысы Сағатбек Болатбекұлы ағайымыз Наурыз мейрамын атап өтуге белсенді түрде атсалысуымыз керектігін айтып, Наурыздың он күндігін өткізіп, жұмысқа ұлттық киіммен келу бастамаларын көтерген еді.

Сол игі бастамалар аясында қазіргі таңда Қызылорда облысының соттары Наурыз мейрамының он күндігі бойынша мерекелік шаралар өткізіп, көпшілікке қолжетімді болу үшін бейнероликтер дайындап, оның барлығы Қызылорда соттары парақшасына жүктеліп отыр.

Сонымен қатар, жұмысқа күнделікті ұлттық киіммен келу дәстүрі қалыптасып, барынша мерекелік көңіл күй сезіледі.

Облыстық сотқа алғаш рет жұмысқа келгенімде, кіреберістен қазақтың күйлері күмбірлеп тұратынына риза болып, қатты қуанған едім. Қазір де таңертеңнен ұлттық сезіміңді шымшып өтетін күйлер ойнатылып, жүрегіңді елжіретеді.

Міне, биылғы Наурыз мейрамы маған осындай ерекше әсер қалдыруда. Өмірімізбен біте қайнасып кеткен әлеуметтік желілер құндылықтарымызды құнсыздандырады деп бекер уайымдаппын.

Өйткені, халқымыздың жүрегінен ұлттық сезім кетпеген екен. Керісінше, жылдан жылға құндылықтарды қастерлеу қарқыны күшейіп келеді. Қоғам рухани биіктікке ұмтылуда. Ал, рухы мықты ел ешқандай күштің жетегінде кетпейді.

Қарап отырсақ, біз осы қадамдармен тарих жасап жатырмыз. Ертең бізден кейінгі ұрпақ өткенді парақтап, үлкендеріміз осылай жасаған екен деп, өздеріне бізді үлгі етеді. Ұлт қазынасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Қазақтығымыз жоғалмайды.

Ендеше, Наурыз мейрамын барлық сән-салтанатымен атап өтуге әрбіріміз атсалысайық! Ең бастысы, ұлттық сезімімізді өшіріп алмайық!

Н.Нұрбайқызы,

Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің бас маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: