Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Хайп» қуып, айып арқаламаңыз

10.09.2026, 7:40 58

Жаманаттың өзі жарнамаға жарайтын ортада елдің назасына қалу кейбіреуге олжа болып көрінеді. Біреуді жерге қаратып танылған адам кейін айыппұлын сол атақтың өтеуіне балауы мүмкін. Тойдағы тұрпайы қалжың мен желідегі әдейі жасалған өрескелдіктің түйісетін тұсы осы. Сондықтан мұндай даулардың әуелі құқықтық салдарын ашып айту қажет. Алайда жазамен шектелсек, жанжалдың қайдан туып, кімнің қолдауымен өршігені көмескі қалады. Ендеше, «хайп» қуғанның айыбын таразылай отырып, соған сұраныс туғызған ортаның  талғамына  да  үңілген  жөн.

Әуелі жауапкершіліктің жөнін ажыратып алған дұрыс. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша қоғамдық орында былапыт сөйлеу, адамға зәбірлеп тиісу және жұрттың тыныштығын бұзатын осы тектес әрекеттер ұсақ бұзақылық ретінде бағалануы мүмкін. Оның бірінші бөлігінде 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 60-тан 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс не 15-тен 30 тәулікке де­йін қамақ қарастырылған. Алайда әр бейәдеп көріністі осы бапқа тели салуға болмайды. Құқықбұзушылық белгілері мен оқиғаның мән-жайы анықталуы  керек.

Ал  адамның  ар-намысы мен  қадір-қасиетін  әдепсіз түрде кемсіту Қылмыстық кодекстің 131-бабына қатысты мәселе туғызады. Қорлау көпшілік алдында, телекоммуникация желілері немесе онлайн-платформалар арқылы жасалса, екінші бөлік бойынша 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс тағайындалуы мүмкін. Бұл бапта бас бостандығынан айыру жазасы жоқ. Дегенмен, оның әкімшілік теріс қылықтан бөлек, қылмыстық   жауапкершілік екенін  ұмытпау  қажет. Қалжыңның өтпей қалуы, өткір сын мен әдепсіз  қорлау  бір  ұғымға сыймайды.  «Әзілдедім» деген  сөз  де  жасалған әрекетке  құқықтық   баға  берудің  орнын  баспайды.

Заңгер Ғабдул-Ғани Әбутәліп «Айып­пұлдың мөлшерінен бұрын, оның бұлтартпастығы  маңызды»  дейді.

– Егер құқықбұзушылық жасаған әр адам заң алдында міндетті түрде жауап беретінін түсінсе, бұл кез келген қатаң жазадан тиімді профилактикалық құрал бола алады, — дейді заңгер  Ғабдул-Ғани  Әбутәліп.

Маман айыппұлды ұлғайтудан бұрын, жазаның бұлтартпай қолданылуына мән береді. Оның пікірінше, желідегі танымалдық заң алдындағы жауапкершілікті жеңілдетпейді. Жұрт жаппай шулаған дауға жедел үн қатып, елеусіз қалған жәбірді назардан тыс қалдыру әділдікке сенімді әлсіретеді. Шағымның салмағы оны қанша адамның бөліскенімен өлшенбеуі  тиіс.

Қорған іздеген азаматтың сөзі құзыр­лы орынға жетуі үшін оның басын­дағы жағдай әуелі елге жайы­лып, қызу талқыға айналуы шарт па? Заңның қорғанын сезіну мүмкіндігі көпке танылғанға да, ешкімге беймәлім қарапайым адамға да бірдей болғаны  жөн.

Биыл жаздағы ресми хабарлар бұл әңгіменің құрғақ ескерту шеңберінен шыққанын көрсетті. Ішкі істер министрлігі 28 шілдеде 9 стримердің әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ғанын мәлімдеді. Солардың арасын­да тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйым­дастырған шымкенттік 20 жас­тағы жігіт бар. Полицияның хабар­лауынша, ол былапыт сөйлеп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сегіз тәулікке қамалған. Жамбыл облысында 19 жастағы екі тұрғын көрермен жинап, донат алу үшін эфирде бір-біріне әдейі дене зақымын келтірген. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Донат дегеніміз – көрерменнің эфир иесіне өз еркімен жіберетін ақшасы. Осы мысалда соны табудың амалына денсаулықты қатерге тігу кіріккен.

4 тамыздағы келесі мәліметте ІІМ заңға қайшы контент үшін жауапқа тартылған стримерлер саны жиырмадан асқанын хабарлады. 19 тамыз­да Қызылорда облысынан тағы бір оқиға жарияланды. Сырдария ауданының 36 жастағы тұрғыны TikTok-та мас күйінде балағат айтқаны үшін сот шешімімен 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Экрандағы өрес­келдік осылайша күнделікті тіршілікте  атқарылатын  міндетке  ұласқан.

Жауапсыздық жарнамалық түсі­рілімнен де көрінеді. 8 шілдеде ІІМ Талдықорғанда ойын-сауық орнын жарнамалау кезінде жүріп бара жат­қан көліктің терезесінен шығып, жолға қоқыс лақтырған 19 жастағы қыздың жауапқа тартылғанын хабарлады. Жүргізушіге де жолаушы тасы­малдау қағидалары мен жол таңбасының талаптарын бұзғаны үшін хаттамалар толтырылған. Бір ролик­тің сыртында бірнеше адамның ше­шімі тұратынын осыдан аңғаруға болады. Мұндай түсірілімдерде идея­ны ұсынған, оны мақұлдаған және орындаған тараптардың кәсіби жауапкершілігі де талқылануға ла­йық. Әрқайсысының заң алдындағы жауаптылығы өз әрекетіне қарай анықталуы керек. Ал түсірілімге де­йін қауіпсіздік пен әдепті ақылдасуға олардың  бәрінің  мүмкіндігі  бар.

Той үстіндегі сөздің де салмағы жеңіл емес. 5 тамызда ІІМ Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының тойда айтқан сөзіне байланыс­ты діни және әлеуметтік алауыздық белгілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған. Мұнда сақтық қажет. Тергеудің басталуы мен уақытша ұстау кінәлі деп танылған сот үкіміне тең жүрмейді. Қылмыстық кодекстің 174-бабы қа­са­қана алауыздық қоздыруға бағытталған әрекеттерді қамтиды. Дін жөнінде пікір айту, әлдебір ұстаным­мен келіспеу немесе көпшілікке ұнамаған сөз сөйлеу өздігінен осы қылмыстың жасалғанын білдірмейді. Нақты құрам дәлелденуі қажет. Желіде «қамалсын» деген талаптың көптігі бұл міндетті жеңілдетпейді. Сонымен бірге қылмыс құрамы табыл­мауы адамның ренішін жоққа шығармайды. Мәселен, асаба қонақ­тың тұрмысын тұқыртып, кәсібін келемеждеді делік. Мұндайда залдың ду күлгені әзіл нысанасына айналған адамның келісімін білдірмейді. Көптің алдында қарсылық айта алмай, амалсыз жымиюы да ықтимал. Сол үзіндіні мобилограф қиып алып таратса, жәбірдің ауқымы кеңейеді. Азаматтық кодекстің 145-бабы бейнені пайдалануда келісім қағидасын бекітеді, заңда көзделген ерекшеліктер де бар. Тойға келуді кез келген кадрды жұртқа таратуға берілген шексіз рұқсат деп ұғыну – жаңсақ. Ал жалған, беделге нұқсан келтіретін мәліметке қатысты 143-бап теріске шығаруды, тиісті жағдайда залал мен моральдық зиянды өтеуді соттан талап  етуге  мүмкіндік  береді.

Тойдың өз ішіндегі бәсекені де ескерген жөн. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова  да  осыны айтады.

– Бізде, өкініштісі сол, «Көрпеңе қарай көсіл» деген мақал тойда жүрмейді. Себебі, адамдар мүмкіндігінше әлеуметтік статусын бекіту үшін барынша «жақсы» өткізгісі келеді, — дейді әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова.

Маманның айтуынша, көпшілік арасында «жақсы тойды» даңғазалық пен ысырапқа балау басым. Мұндай салтанат отбасылық бюджетке ауыр салмақ түсіретіндіктен, тойды барынша ықшамдап, қолдағы мүмкіндікке қарай өткізген жөн. Әлеуметтанушының бұл пікірі тойдағы әдепсіз қалжыңды тікелей сөз етпегенімен, даңғазалыққа құрылған бәсекенің асабаға қоятын талабын аңғаруға жол ашады. Өзгенікінен асыруды көздеген той иесі жүргізушіден де бұрын-соңды болмаған қызық күтеді. Ал ондай талапты тапқырлықпен игере алмаған асаба жұртты күлдірудің оңай жолын іздеп, біреудің осал тұсын әжуалауға ұрынуы мүмкін. Сөйтіп, бір сәттік күлкі үшін жеке адамның қадірі көптің  алдындағы  ермекке  айналады.

Бірақ бүкіл кінәні тапсырыс беру­шіге немесе көрерменге аудару орындаушыны ақтамайды. Асабаның да, блогердің де өз таңдауына иелік ететін тұсы бар. Бірі жұртты сөзге тоқтата алады, екіншісі пайда­лы дүниесімен оқырман табады. Ал дау арқылы танылуды таңдаған адам назар аударудың ең төте жолына түседі. Қаралым кейін жарнамалық ұсынысқа айналса, сын естігенімен, қаржылай ұтатын жағдай туады. Әйтсе де әр жанжал міндетті түрде табыс әкеледі деп кесіп айтуға дерек жетпейді. Қатерлісі, жоғалтқан абыройды көбейген жазылушымен өтеуге болады деген түсінік орнығуы мүмкін.

Медиасарапшы Саягүл Әлім­бекова желідегі лайк пен пікір, бейне­ні қайта бөлісу авторды жұрттың ықыласына тәуелді етіп, назар аудартудың жаңа амалдарын іздеуге жетелейтінін   айтады.

– Контент өндірушілер жауапкершілігін арттыру бұл мәселенің толық шешімі емес. Қазір қоғамда FOMO құбы­лысы жүріп жатыр. Ол – ақпараттан, жаңалықтан тыс қалу, трендті жіберіп алу қорқынышы, үрейі, — дейді  медиасарапшы.

Маман ақпаратты талғап қабылдауды, кез келген хабарға сыни көзбен қарауды, желіден мезгіл-мез­гіл тынығуды ұсынады. Оның пайымынша, медиа жұрттың жаңалықтан шет қалу үрейін жеңуіне де көмектесуге тиіс. Бұл пікір көрерменнің өз әрекетіне үңілуге себеп болады. Жақтырмаған бейнені өзгеге көрсетіп, астына наразылық жазып, қайта-қайта тарату арқылы оның ауди­ториясын өзіміз көбейтіп отыруы­мыз мүмкін. Сонда әдепсіздікке қарсылық білдіреміз деп, сол көріністің кең жайылуына үлес қосқанымызды аңғармай қала­мыз. Ақпаратты бөлісер алдында оның кімге пайда әкеліп, кімнің қадіріне нұқсан келтіретінін бір сәт таразылаған  жөн.

Әлеуметтік желідегі айтыс-тар­тыс­тың себебін әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы қоғамдағы мүдделер мен көзқарастардың әркелкілігімен байланыстырады. Оның айтуынша, интернет бұрыннан бар қайшылықтарды айқындап, тараптардың  текетіресін  күшейте  түседі.

– Қоғамда біркелкі пікір ешқашан да болмайды. Әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың, жеке тұл­ғалардың мүдделері әртүрлі болғаннан кейін  поляризация  әрқашан да  болады, — дейді  ол.

Осы пайымды бүгінгі дауларға қатысты қарастырсақ, желідегі белсенді топтың ашуын барша жұрттың ортақ ұстанымына балай салу­дың жаңсақтығы көрінеді. Пікір жазғандардың өзінде де уәж әртүрлі болуы мүмкін. Бірі адамның кемсітілгеніне наразы болса, екіншісі тағайындалған жазаның әділдігін талқылайды, үшіншісі бейненің толық нұсқасын көрместен қорытынды шығарады. Осындай алуан пікірді бір арнаға тоғыстырып, «халық осылай шешті» деу оқиғаның күрделі тұстарын көмескі қалдырады. Оның үстіне талқылауға араласпағандардың көзқарасын да сырттай кесіп-­пішуге болмайды. Сондықтан жұрттың қаншалықты ашуланғанынан бұрын, наразылықтың неден туғанын, айтыл­ған айыптың қандай дәлелге сүйенетінін  ажыратқан  жөн.

Тойдағы  өрескел қалжыңды айыптай отырып, оны айтқан адамның өзін немесе отбасын жаппай қорлау жәбірді көбейте түседі. Қонақтың намысын қорғаймыз деп, дауға қатысы жоқ жақындарын жерге қарату бастапқы талаптың мәнін жоғалтады. Құқықтық мәдениет осындай тұста сыналады. Өзімізге ұнамайтын адамның да ісі әділ қаралуға тиіс екенін мойындап, күдік пен  дәлелденген  кінәнің арасын ажырата білу қажет. Әйтпесе,  әділдік іздеген талқы көптің қаһарына  ұшыраған  жанды  жазғыруға  ұласады. Заңға сүйенген ортада адамның тағдырын ашулы пікірлердің  саны  шешпеуге  тиіс.

Ақпаратты талғаудың байырғы тілмен айтылған өлшемі де бар. Медиасарапшы Есенгүл Кәпқызы «Шайнамай  жеген  ас қақалтады» деген  мәтелді  мысалға  алады.

– Қазақта «Шайнамай жеген ас қақалтады» деген сөз бар. Неліктен мен бұл мәтелді мысалға алып жатырмын? Өйткені ақпарат тамақ сияқты дұрыс бөліктерді және дозаны таңдай отырып, ақылмен мұқият тұтынылуы керек. Бүгінгі күні ақпарат кеңістігі терең теңіз секілді, тұңғиығына батырып әкетеді. Интернетте адам белгілі бір ақпаратты өз мүдделері үшін тарататын әртүрлі саяси топтардың айла-шарғысына тап болуы мүмкін. Сондай-ақ, қастандық теориялары мен әлемдік конспирология деп аталатын тұзақ­тардың құрығына түсу қаупі бар. Тексерілмеген, күмәнді ақпараттың халық санасына тікелей қауіп төндіретінін дәлелдеді. Сондықтан, шындықты фейк ақпараттан ажырата білу маңызды, соны үйрену керек, — деді Есенгүл  Кәпқызы.

Айталық, бұрынғы тойдың үзіндісі бүгін түсірілгендей таратылды. Көрермен уақытын тексермей бөліссе, ескі реніш қайта қозып, қатысы жоқ адамға сөз тиюі мүмкін. Немесе полиция тексеру бастаған хабардың тақырыбына «қылмыскер ұсталды» деп жазылды делік. Бұл жерде күдік пен дәлелденген кінәнің арасы көмескіленеді. Медиасауат осындай айырманы тануға көмектеседі. Ал медиамәдениет білгеніңді қалай пайда­ланатыныңнан байқалады. Қор­ланған қонақтың жүзін қайта-­қайта көрсету, баласының алдында әкесін әжуалау, жәбірленушінің атын ермекке айналдыру ақпаратқа жаңалық қоспаса да, оның күйзе­лі­сін ұлғайтуы ықтимал. Оқиғаны хабар­лау үшін адамның жарасын қайта  тырнаудың  қажеті  жоқ.

Құқықтық сауат жаза мөлшерін жаттаумен толыспайды. Адам өзіне қатысты қорлау не жалған мәлімет тараса, дәлелді сақтауды, бейненің сілтемесі мен жарияланған уақытын белгілеуді, толық нұсқасын жоғалтпауды білгені жөн. Платформаға шағымдану, құқықбұзушылық белгілері болса полицияға жүгіну, азаматтық талаптың негізін заңгермен талқылау әрқайсысы бөлек мүмкіндік береді. Бірінің екіншісін автоматты түрде алмастырмайтынын түсіну маңызды. Жәбір көрген адамға «елге жайма, ұят болады» деп басу айтудың орнына, осы жолдарды ұғындыру пайдалырақ. Кешірім сұрау ренішті басуы мүмкін, бірақ оның құқықтық салдары істің санаты мен нақты жағдайына  қарай  шешіледі.

Той иесі асабамен алдын ала қонақтың денсаулығы, тұрмысы, отбасы­лық жағдайы әзілге айнал­мауын келісе алады. Мобилограф­пен қандай кадрдың жарияланатынын ақылдасу да артықтық етпейді. Жарнамаға тапсырыс беруші қауіпті трюк пен адамды қорлауды шығармашылық ұсыныс ретінде қабылдамауы тиіс. Мектепте де медиа­мәдениетті жалпылама өсиетпен шектемей, шартты бейне арқылы үйрету­ге болады. Оқушы оның дере­гін қалай тексеретінін, кімге зиян келуі мүмкін екенін, бөлісуге неге асықпау керегін талқыласын. Осындай күнделікті машық қалыптас­пайынша, бір күндік науқаннан тұрақты  нәтиже  күту  қиын.

Редакциялардың да таңдауы бар. Өрескел сәтті қайта жариялау қажет болса, оның қоғамдық мәнін түсіндіріп, артық балағатты қысқартып, жәбірленушінің қадірін қорғауға бола­ды. Даудың алғашқы күнімен шектелмей, тексерудің нәтижесін, соттың  ұйғарымын, ақталған жағ­дайды да дәл сондай ұқыптылықпен хабар­лау қажет. Сонда оқырман кімнің жұртты шулатқанын ғана біліп қоймай, заңның қалай қолданыл­ғанын аңғарады. Әсіресе жауапкер­шіліктің себебін ашып көрсету маңызды. Адам жұртқа ұнамағаны үшін жазаланды ма, әлде нақты қандай талапты бұзды? Осы сауалдың жауабы түсінікті болса, құқықтық тәрбие де құр ұраннан  арылар  еді.

Тойдың сәні ешкімнің еңсесін түсірмей-ақ кіреді. Желідегі сөз де біреудің намысын таптамай өтімді бола алады. Оған орын беретін талғам, жол ашатын кәсіби шеберлік, шегін айқындайтын заң керек. «Хайп» қуғанның айыппұл арқалағаны өз алдына, сол даудың ортасында қадірі кеткен адамның жайын естен шығармаған жөн. Қоғамның есейгені ең ауыр жазаны талап еткенінен танылмайды. Жәбірді елемей қалмай, кінәні дәлелмен таразылап, арзан атаққа өзгенің абыройын айыр­бастамағанынан  аңғарылады.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: