Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еркіндік туралы оймақтай ойлар

02.04.2024, 8:45 656

HALYQLINE.KZ

1. Қазақтықтың бір аты – еркіндік!

2. Еркіндіктің жауы көп. Соның ең қауіптісі – қорқақтық.

3. Еркін болудың бір шарты – жағымпаз болмау, тағы бір шарты – өзіңді дін-сіннен аулақ ұстау.

4. Тәрбиенің ең баяндысы – баланы сәби шағынан еркіндікке тәрбиелеу.

5. Еркін халықта ғана ұлттық мінез болмақ, ұлттық мінезі жоқ халықта – ұлттық сана болмақ емес.

6. Қоғамға еркін ой айтып, батыл пікір білдіре алмайтын талантты адам неше жерден талантты болса да – талантты емес.

7. Халқыңның дүниетанымын, салт-дәстүрін, моральдық-этикалық нормаларын білмей тұрып, өзіңді еркін адам санау – бекершілік.

8. Еркіндік – халық әнін шырқаудан, құлдық – молданың уағызына ұюдан басталады.

9. Еркін адам – құл ұстамайды.

10. Интеллигенциясы, ақын-жазушысы жалтақ елдің: билігі – өктем һәм жемқор, халқы – құл, жақсысы – қор, ғалымы – кедей боп өтпек.

11. Билікпен ауыз жаласып алған жазушыны – жазушы демей-ақ қой, ақынды – тіпті.

12. Билікке салсаң – еркін ой кешудің өзі қылмыс, діншілдерге салсаң – қиялдаудың өзі күнәһарлық.

13. Молданың уағызына ұйыған күні – құл болдым дей бер.

14. Қазақ даласын жаулаған орыс отаршылдарының екі қуатты қаруы болды, бірі – зеңбірек, бірі – указной молда.

15. Орыс отаршылдығынан қалған ең ауыр дерт – түпсанада қалып қойған ұлттық үрей.

16. Үрейге бой алдырған ұлт «қорықпаңдар!» дейтін көсем күтумен жүреді.

17. Еркін болу – қиын. Құл болу – оңай. Біріншісіне – күрес керек, екіншісіне – бағынсаң болды.

18. Егер, еркіндік атты дін дүниеге келер болса, билеушілер оны әкелген нәбиімен қоса құртып жіберген болар еді. Сондықтан билеушілерге адал қызмет еткен діндер ғана дін-аман келе жатыр.

19. Билік пен дін бірауыз. Тобырлық мәдениетпен қосауыз. Бейбіт күнде бұл ауыздар ел дәулетін қарбыта жеуден еш босамайды. Ал халық толқып, теңдік сұраса – дереу мылтыққа айнала қояды. Оны Қаңтарда көрдік.

20. Еркіндік, әділдік, теңдік туралы билік ойлап тапқан әдемі аңыздар көп, оған сеніп қалуға әсте болмайды.

21. Батыс өркениетінің конституциясы еркіндік үшін күрескен жанкешті ерлердің қанымен жазылған, қазақтікі – Назарбаевтың қалауымен.

22. Білімді, ояу ел ғана Тәуелсіздіктің қадірін білмек.

23. Біздің ұлтшылдардың ұлтшылдығы депутат болумен аяқталады.

24. Десең – оппозиционер, жесең – әкім, сот, прокурор, министр, т.б…

25. Құдай – жүректе, дін – дүниеде (ақшада).

26. Құлиеленушілік дәуірде билік тұтқындардың дене күшін ғана құлданса, аврамдық діндердің келуімен адамдардың ой-санасы кісенделіп, рухани құлдық дәуірі басталды және ол әлі аяқталған жоқ. Қазақ қоғамында бұл үрдіс тіпті күшейіп келеді.

27. Еркіндік түбі – жалғыздық.

28. Сүйгенің де құлым болып сүйсең дейді.

29. Сен аман бол, домбыра! Сен тұрғанда қазақы еркіндік ұғымы, оған деген құштарлық өлмек емес!

30. Еркіндіктің бір шегі – жауапкершілік, бір шегі – өлімнен қорықпау.

Еркіндік туралы бұл оймақтай ойлардың авторы – Ерлан Төлеутай.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: