Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек мерекесі – елдің берекесі

27.10.2022, 11:00 279

Қазіргі таңда сауда-саттықтың дәурені жүріп тұрғаны бесенеден белгілі. Әсіресе, азық-түлік тауарларының қымбаттығына қарамастан кез келген жерде өтімі жақсы екенін айтуға болады. Осындай қымбатшылық жайлаған нарықта азық-түлік өнімдерін салыстырмалы түрде бақылау және жер-жерде халыққа қолжетімді бағамен жергілікті өнімдерді сатуда жыл сайын облыс орталықтары мен аудандарда түрлі деңгейде жәрмеңкелер өткізіліп келеді. Бұл бастама бүгінде дәстүрге айналып, қамбамыз астыққа толғанда Сыр елінің жұрты бір марқайып қалады. Осы орайда, Сырдария ауданында «Алтын дән – 2022» іс-шарасы өтті. Аталған іс-шара аясында ауданға қарасты әр ауылдың өнімдері ұсынылған жәрмеңке  өткізілді. Аудан барлық шаруашылық көзімен айналысатынын дәлелдегендей, жәрмеңкеде мал өнімдерінен бастап, тәтті балға дейін аудан тұрғындарының назарына ұсынылды.

Аудан  орталығында өткен  жәрмеңкеге 14 ауыл, кент шаруашылықтары келіп қатысып, әртүрлі, сапалы өнімдердің өтімі де құнтты болды. Ақжарма, Аманкелді, Жетікөл, Шіркейлі, Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл, Іңкәрдария, А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин, Нағи Ілиясов, Қалжан Ахун, Шаған ауылдары мен Тереңөзек кентінің шаруашылық өнімдері әкелініп, тауарлардың сапасы да, саны да, бағасы да тұр­ғындарға қолайлы болды деп айтуға болады.  Жәрмеңкеде сатылған өнімдер күнделікті нарық бағасынан едәуір арзан болғандықтан,  мұнда  келушілердің  қарасы да көп болды. Дәлірек айтатын болсақ, жәрмеңкеде  халыққа керек азық-түліктер тиімді бағада сатылды. Күріш  келісі 280 теңгеден, ұн келісі 60 теңгеден, картоп – 140, жуа – 90, асқабақ – 100, ал ет бағасы 1900 теңгеден қойылып, қауын, қарбыздың келісі 70-80 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, бұдан да басқа өнімдер ұсынылып, барлық ауыл шаруашылықтарының саудасы артты десек те қателеспейміз. Жәрмеңкені аудан әкімі М.Ергешбаев аралап, барлық тауар бағаларын саралап, әр ауыл өнімдерінің сапасын бақылады.

Тұрғындардың  сұранысындағы  өнімдер­дің барлығы осы жәрмеңкеде табылғандықтан, олардың талабы қанағаттандырылды деуге болады. Шаруашылық өнімдеріне дән риза болған халық алғыс, тілектерін білдіріп,  батасын  да  беріп  жатты.

– Бүгінгі өткізіліп жатқан жәрмеңкеден бір айға жетерлік азық-түліктерді қолжетімді бағада алып, шын көңілмен қуанышты болып отырмын. Ала жаздайғы еңбектерінің жемісін көріп жатқан шаруашылықтарға алғыс айтқым келеді. Жәрмеңке жоғары деңгейде өткізіліп, биыл берекелі күз болды деп айта  аламын, – деді  аудан  тұрғыны Ырыс­күл  Сматова.

Сондай-ақ, аудан орталығында кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрме де ұйымдас­тырылған. Шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар мен өнімдер аудан тұрғындарының назарына ұсынылып, көптің таңданысын тудырды. Көрме аяқталғаннан кейін аудан әкімі орталықтан салынған балаларға арналған спорт алаңқайының ашылу салтанатына қатысты. Балалар ойын алаңы аудан әкімінің қолдауымен «Жанар-ай» ЖШС-нің демеушілігімен салынып, пайдалануға берілуде. Аудан қариясынан бата алынып, балалар ойын алаңқайы салтанатты түрде ашылып, аудан балаларының жүздерінен шаттыққа  толы  бақыт  көрінді.

Аудан орталығында ұйымдастырылған жиындардың жалғасы Мәдениет үйінде өткен  «Алтын дән – 2022» іс-шарасы аясында аудан, ауыл шаруашылығы саласының озаттарын марапаттаумен аяқталды. Іс-шараға аудан әкімі қатысып, бірқатар ауыл шаруашылығы және үздік сала қызметкерлерін марапаттады.

– Құрметті Сырдария ауданының тұрғындары, сіздерді келіп жеткен Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін­де біздің ауданымыз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Биыл аграрлық салада ауданымыз үздіктер қатарынан көрініп, облыс бойынша үздіктер көшін бастады. Бұл – біз үшін маңдай термен келген жеңіс. Аудан шаруашылықтарының тыным­сыз еңбегінің арқасында қамбамыз алтын дәнге толды. Сонымен қатар, ауданымызда барлық саласында толағай табыс, өрлеу мен өсу бар екенін айтқым келеді. Осы абыройды алдағы уақытта да ұстап қалып, Сырдария ауданының үздіктер көшін бастауына бәріміз сүбелі үлесімізді қосуымыз керек. Бүгінде шаруа­шылық басшылары мен қызметкерлеріне айтар алғысымыз зор. Республика күнімен қатар келген бүгінгі тоқшылық тойымен Сыр елін құттықтай отырып, өсіп-өркендеудің сара жолы қалыптасқан еліміздің тұғыры биік болсын, еңбек даңғылында табысымыз арта берсін, – деді Сырдария ауданының әкімі  Мұрат  Ергешбаев.

Жиында «Сырдария   ауданының Құрметті  азаматы» төсбелгісі мен грамотасы, аудан  әкімінің  алғыс хаты мен «Еңбек озаты»  номинац­иясы  табысталып, сала маман­дарына  деген  үлкен  құрмет  көрсетілді.

Биылғы күздің қазыналы болғанын, қамбамыздың астыққа толғанын айтқан аудан ақсақалдары мен әжелеріміз ақ батасын беріп, ризашылықтарын  жеткізді.

Салтанатты жиын әсем әуен мен мағы­налы қойылымға, күмбірлі күйге, мың бұрал­ған бишілердің биіне ұласып, Сыр елінің мақтанышына айналған, «Қазақстан дауысы» жоба­сының жеңімпазы Құралай Мейрамбектің  рухты әнімен қорытындыланды.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: