Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ең актуалды тақырып – елдегі пандемия

16.07.2020, 13:30 954

HALYQLINE.KZ Қазіргі күннің актуалды тақырыбы – елдегі пандемия. Теледидарды қоссақ та, газетті ашсақ та – аты жаман дерт туралы ақпарат. Әлеуметтік желідегі әлек бір бөлек әңгіме. Фейсбук, инстаграм парақшаларындағы пікірлерді көрсеңіз. Әрине, бәрінің көкейінде  «болашақ қандай, келер ұрпақтың тағдыры не болмақ?» деген сауал. Жан ашып, ой мазалаған соң, халық бір-бірімен пікір таластырады да қояды…

Коментарийлерді көріп отырып көкейге түйгенім: «халық ештеңеге сенбейді».

Мемлекет наурыз айында «індет келді» деп даурыққанда халықтың пікірі екіге жарылды. Бірі қорыққанынан қолдорбасын азыққа толтырып үйіне тасыса, бірі жалған ақпарат екеніне бек сенімді еді… Кей ауылдық жердің тұрғындары аурудың ауамен ауа көшпейтіндігіне, Қытайдағы күйді кешпейтіндігіне кәміл сенді. Ақыры не болды?! Аты жаман ел-елді, қала-қаланы ауылымен қосып жалмап барады.

Ендігі халық өздігінен ауырып, ажалымен аттанып жатқанына сенбеді. Әлеуметтік желіде таралған вертолеттың белгісіз бір затты шашып жүргендігі жайлы видео мен фейсбук желісінде соңғы жазбасын жариялаған Қ.Шамахайдың қазасынан кейін  халық үкіметке де, дәрігерге де, дәріге де сенбейтін күйге жетті. Ақ халаттылардың бәріне күйе жағылып, халық ауырса, ауруханаға жоламауды жөн көрді. Кейін бұл видеоны «оқу-жаттығу болатын» деп түсіндіруге тырысқанымен, халықтың көкейінде сан сауал самсап тұрды. «Барлық оқу түрлері, қызмет көрсету карантиндік режимге көшкенде, не қылған жаттығу?» деп шуылдасты жұрт. Бір ауыл, бір ел түгелге жуық бір-екі аптаның ішінде қызу көтерілу, дәм, иіс сезбеу симптомдарын басынан өткізді. Бұл неден болды?! «Халық айтса, қалт айтпайды» деген… Бір жағынан бұл – суггестия (сөзбен сендіру, иландыру). Миымызға не енсе, сол болады. «Мен де ауырып қалмаймын ба?» деген сигнал миға жетті ме, бітті, дәріханаға жүгіре беріңіз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналық та осыдан қалса керек. Расында халықтың ойы уланды. Бір сәт болсын ән мен күй тыңдап, көңіліңізді «дезинфекциялап» қойыңыз, ағайын.

Дәріханада дәрі таусылып, халық сасқаннан қолда бар дәрісін бір-бірімен бөлісіп, әуре-сарсаңға түсті де қалды. Бірнеше аптаға созылған бұл жағдай заңсыз дәрі-дәрмек сатып қолға түскендерді әшкерелеумен, «сендер таппай жүрген дәрілер мына қоймаға сыймай жатыр» деген дәрі тасымалдаушы компания өкілдерінің  пікірімен жалғасты. «Заңсыз дәрі тасымалдағаны үшін жазаланды» деп жарысты жаңалықтар. Карантинде күнін көре алмай, кредитін төлей алмай отырған қара халық бұндай іспен айналыса алмас еді. Жау алыстан келмегені де анық…

Халық күнін көре алмай отыр дегеннен шығады, вирус таралуының алғашқы кезеңінде жарияланған карантин кезінде «табысынан айырылғандарға 42500 теңгеден таратамыз» деп бір марқайтып еді. Кейін оның да дауы көбейіп шыға келді. Үкімет «Заңсыз алсаң кері қайтар» деген соң, «менің алғаным заңды ма, заңсыз ба» деп күдік пен кейін айыппұл салады дегеннен үрейленген жұрт, алған тиын-тебенін кері қайтарды. Соңыра үкіметтен «заңсыз берсек біз жауаптымыз» деген жауап келгенімен, «қайда жатқан батпан құйрық» деп ақшасын жұмсауға қорқып отырған қаншама халық алғанын қайтаруды құп көрді.

Енді «маска кимесең, 83 мың теңге айыппұл төлейсің» дейді. Неге көп мөлшердегі айыппұл? Себебі, шетелде осы жағдайға сәйкес заң бар. Міндеттелген айыппұл көлемі де осыған шақ. «Жұрттың баласы» қашан да үлгі аларлық ғой біз үшін… Бетпердені халық өзі үшін, денінің саулығы үшін киіп, қауіпсіздік шараларын сақтансын. Десек те, мәселені штрафпен шағып, діттегенді дүниеге тіремесе, өзіміздің де есіріп кететініміз тағы бар…

Одан қалды, «мына басшы мына ауруханадағы ахуалды өз көзімен көріп қайтты» деп келетін жаңалықты естігенде, міндетті түрде әдемі палаталар мен тап-таза төсектерді көретін халық арасында орын жетпей дәлізде жан бағып, бес литр баклашкаға жасанды ауа жеткізетін құрылғы ретінде жалғанып жатқандардың видеосы тарап, үрейлерін ұшырды.

Осындай жағдайлармен арпалысып жүргенде Ұлттық қорғаныс университетінің алдында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналып салынған тағы бір ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті. Сүйінші жаңалықты журналистер жарыса жазып, тілшілер талқылай жөнелді. Халық әдеттегідей, «коментарий» бөлімінде бір-бірінің пікірімен санасты да отырды. Иә, экс-президент Н.Әбішұлы – тарихи тұлға. Ең бастысы – ол болашағымыз беймәлім шақта елді тығырықтан алып шықты. Алып шығып қана қойған жоқ, қазақ деген елді байтақ әлемге танытты. Қандай істі атқарса да, сарабдал да салиқалы саясат ұстанды. Десек те, мемлекетіміздің басты байлығы – аз ғана халқымыздың амандығы еді. Қазір біздің алдымызда бір-ақ мақсат. Ол – өтпелі кезеңнен халықтың есен шығуы. «Қиын кезеңнен үкімет пен халық «сіз-біз» десіп шықса, бір ескерткішті халық та қояр еді-ау» десті көпшілік.

Осылай пікірлер қаққа жарылып, жағдай ушығып тұрғанда «аспанға, қара аспанға жұлдыздарды шашқанда…» Елорда төрінен тамаша от шашу орын алды. Тағы да талас, тағы да пікірлер… «Спонсорлардың атынан, қиын күнде күресіп жатқан дәрігерлердің құрметіне» делінді. Мейлі… Сол қаржыны қиналғандарға қақ бөліп берсе, барлығы бір жарылқалмаса да, көпшілік көмекке қарық болар ма еді…  Айтпақшы, Сингапурда отшашу атуға немесе сақтауға заң бойынша тыйым салынған, заң бұзушылар екі жылға бас бостандығынан айырылады немесе 5000 АҚШ доллары айыппұл төлеуге мәжбүр болады.  Әлгіндегі «жұрттың баласынан» осындай тұстарды неге үйренбеске, ә?!

«Дағдарыс біздің қоғамымыздағы әлеуметтік үйлеспеушілікті, азаматтардың жергілікті және орталық билікке күмәні мен сенбейтіндігін көрсетіп берді» деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Ендігі бір ауырып, «бір аунап тұрғаным» («аунап» тұра алмай кеткені қаншама, иманды болсын) дейтін халықтың көңіліне үміт отын жаққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Елбасының үкіметке қарата айтқан тапсырмалары болды. Десек те, халықтың көңілі тағы күпті…

 «Қалың елім – қазағым» не көрмеді?! Аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғысты да көрді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» жармасып түрлі ауру-сырқау қоса келгені тарихтан мәлім. Бірақ олар тек эпидемия болатын. Қазіргі жағдай пандемия дәрежесіне жетіп, әлемді алаңдатып отыр.

Хош, «ауруды айта берсең, саудың сабыры кетер» деген. Қорқынышты көрген түстей боп өтіп жатқан кезеңдегі басты мәселелерді қорытындылап жазуға тырыстым. Бұл «шешуші екі апта» (Президент) да осы кезеңнің қорытындысы болып, ел аман, жұрт тынышта, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманымызға оралсақ екен!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: