Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Енді Назарбаев оқу орындарын майшелпекке айналдыра алмайды

15.06.2023, 13:06 308

HALYQLINE.KZ

13 маусымда 2021 жылы шетелдіктердің басқаруына өтіп кеткен Jusan Bank тобы Қазақстанның юрисдикциясына (басқару құқығына – ав.) өтті. Енді бұл құрылымның жұмысы Үкімет деңгейінде қадағаланатын болады.

Енді Jusan Bank қазақстандық білім беру ұйымдарын қаржыландыруды жалғастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алатын болады. Дәлірек айтсақ, Назарбаев университеті мен мектептерінің қаржыландыру құқығын иеленді. Бұл жерде Jusan банктің активтеріне байланысты еш өзгеріс болған жоқ. Мұны активтерді қайтару комиссиясының өкілі Зейін Әліпбек жеткізді.

–Бізде Jusan десе көз алдымызға банк елестейді. Ал бұл жердегі негізгі әңгіме банкте емес, Jusan тобында. Осы аталған топтың біріне Назарбаев университеті мен мектептері кіреді. Бұл екі мекеме жылдар бойы мемлекеттік бюджеттен есепсіз қаржы алып келді. Енді соның жолы кесілді. Мұның өзі мемлекетімізге үлкен жетістік, – деді ол.

Шындығында аталған мектеп пен университетке ерекше басқару құқығы беріліп, активтер шетелге оқу орындары арқылы шығарылып отырған. Мысалы, жуырда ғана мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов 2020-2022  жылдары Назарбаев университетіне 16,964 млрд теңге бөлінгенін анықтаған. Ол Назарбаев университетіне басқа университеттердің аузынан жырып  алып берген ақшаның сайда саны, құмда ізі қалмағанын жеткізді.

  – Назарбаев университетіне қаржыны төбесінен төктік. Лабараторияны соларға бердік. Статусын  күшейттік. Оны ешкім тексерген жоқ. Ұлттық академияның орнына да жұмыс істейтін болды. Мысалы, Ы.Жақаев атындағы күріш институтын қаржыландырудан алып тастады (бұл – бүкіл университетке қатысты – М.Ә.). Осыншама жағдайды жасасақ та, 15 жыл ішінде нәтижесін көріп тұрған жоқпыз. Назарбаев университеті бір жыл ішінде 15-ақ патент алған. Ал Сәтпаев университетінің қаржыландыруы бұдан 3-4 есе аз, бірақ олар бір жылда  44 патент алады. Мен халықаралық университеттердің рейтейнгін анықтайтын төрт ұйымды тексеріп шықтым. Оқу орны соның бірде-бірінің алғашқы 1000 университетінің тізімінде жоқ, – деп күйінген еді депутат.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет құрылымы басқару жүйесінің өте күрделі екенін, министр болғанына қарамастан оның қамқоршылық кеңесіне мүше бола алмайтынын мойындаған еді. Айтуынша, заңды өзгертпей, университет жұмысына (қаржысына – авт.) араласа алмайтындай етіп тастаған.  Қазір тиісті заңға өзгертулер енгізілу қарастырылып жатыр.

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: