Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елордада қазалылықтар ас берді

08.06.2022, 14:00 417

HALYQLINE.KZ Қасиетті Рамазан айының соңғы күндерінің бірінде туып-өскен жеріміз – Қазалыда қатар оқып, осы кезге дейін жұбымыз жазылмай сыйласып, тілегіміз бір аға әрі дос Қаршыға Жұмабайұлы хабарласып, осыдан бес жыл бұрын бір топ жастар, осында тұратын қазалылықтар әр Наурыз мерекесінде бас қосып, танысып, ата-бабаларымызға ас беріп, құран бағыштауды бастап, дәстүрге айналдырып еді. Соңғы екі жылда әлемді жайлаған індетке байланысты оны өткізуге мүмкіндік болмады. Енді шүкіршілік, бұл дерттің де беті қайтып бұрыңғы қалыпты тіршілігімізге  кірістік. Дәстүрлі жиынымызды жалғастырайық. 2020 жылы өз тілектерімен ұйымдасқан екі жүздей адам бар еді. Солардың қатысуымен ата-бабаларымызға ас беріп, құран бағыштайық деген ұйымдастырушылардан ұсыныстар айтылуда. Жастар бәрін ұйымдастырамыз, тек қолдап, ортамызда болсаңыздар дейді. Кезінде осы бастаманы қолдағандардың бірі өзің едің ғой, бірге болайық деп еді.

Осы уағдаға сәйкес 2022 жылдың 29 мамырында Елордадағы Хазірет Сұлтан мешітінде қазалылықтар ас берді. Оған осында тұратын Арал ауданының тілектес азаматтары шақырумен, тағы басқалар қатысты.

Ас беру рәсімін Елордада тұратын қазалылық ақын, сазгер Нұрболат Бекетаев өзінің суырыпсалма жыр жолдарымен шырайын шығара жүргізіп, жиналғандарды тәнті етті.

Астың алғы сөзін Елордада 2003 жылдан бері тұратын ардақты ақсақал Қаршыға Жұмабайұлы айтып, бұл іс-шара 2017 жылы ұлтжанды бір топ қазалылық жастардың ұйымдастырумын басталғанын тілге тиек етті. Жастар ата-бабаларына ас берумен қатар жыл сайын жерлестерінің қуаныштарына ортақтасып, кенеттен қайтыс болғандарды жерлеп, түрлі ауруға шалдыққандарға, басқа да мұқтаж жандарға жыл сайын бір-бір жарым миллион теңгеге дейін өздері ұйымдасып, көмек беріп келеді. Қазір осындай төңірегімізге топтасқан жастардың қатары отыз шақтыға жетті. Біз тілекшіміз, бұл жастардың үлгі аларлық істерін әр қашан қолдап, ақыл-кеңестерімізді беріп келеміз.

Мұнан соң Қазалының тумасы, осы Хазірет Сұлтан мешітінің жауапты қызметкері Әділ қажы ата-бабаларға арнап құран оқыды.

Сонымен қатар ас беру барысында аралдық ақсақалдар – Алданыш Нұрымов, Өтеген , қазалылықтардан елімізге белгілі жыршы Алмас Алматов, білім саласының ардагері Шарапат өзінің ізгі тілектерін айтты.

Мұнан әрі жүргізуші Нұрболат:

Жақсы болсаң аларсың бата елден,

Алыста жүрсек дағы туған жерден.

Сәтті күні бас қостық ағайындар,

Азаматтар арқасында сана берген.

Көп түкірсе демей ме көл болады,

Бірлік болса ырысы мол болады.

Бүгінгі астың боларына бастау болған.

Жігіттерді айтқанымыз жөн болады, – дей келіп, осы дәстүрлі шараны ұйымдастырушылар: Бауыржан, Сейілхан, Мұрат, Болатбек, Дінәлі, Әділ қажы, Ерлан, Талант, Серік, Әділбек, Қоңырат, Маралбек, Мұхит, Бертай, Қайрат, Оңдасын, Орынбасар, Талғаттардың есімдерін атап, оларды ортаға шақырды. Ұйымдастырушы жастардың атынан сөз алған Бауыржан жиналғандарға рақмет айтып, ардақты ақсақалдардың бір тобының иығына шапан жапты. Сонымен бірге, осы шарамен тұстас келген ақын, сазгер Нұрболат Бекетаевты да туған күнімен құттықтап, жұбайымен бірге сый-сияпат көрсетті.

            Ас беру рәсімінің соңында Әділ Қажы бабалар рухына бағыштап құран-хатым жасады.

            Ұрпағымыз ағайын асыл тектің,

            Бабалар ұмытылмас ғасыр өтсін.

            Келер жылда баршамыз аман болып,

            Бас қосуға Тәңірім нәсіп етсін!- деп аяқталған ас беру рәсіміне жиналғандар ризашылығын білдіріп, тарасты.

Шамша АЙТУҒАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: