Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдік пен еңбек тойы

27.10.2022, 11:40 298

«Ел ырысы – еңбектен, еңбек – ерлік бастауы…». Дана халықтың еңбек жайлы айтып кеткен нақыл сөздері мен тағылымды әңгімелері ғасырға жалғасып, өз мән-мағынасын жоймай келеді. Кең даласына тұлпарының тұяғы тиген батыр да бағбан бабаларымыз тәуелсіз­діктің құнын әу бастан жіті түсінген. Міне, елдегі тәуелсіздіктің 32-ші күзін аман-есен қарсы алып, дәстүрлі «Алтын дән» және қайта жаңғырған Респуб­лика күні мерекесін тойлап үлгердік. Сырдарияның жағасын жағалай қоныс­танған Сыр халқы әдетте сабантойды сарыла күтіп, молшылықтың мәйегі болған мере­кені думандата тойлайды. Осы мере­келер өңірдегі әрбір ауданның ортал­ығында жоғары деңгейде аталып өтіп,  бүгінге дейін ел үшін ерен ерлік, еңбек  көрсеткен тау тұлғалар марапат мінберінен көрінген болатын. Осы іс-шараларды көзбен көріп, жазбаға айналдыру үшін Жалағаш ауданының орталығына келдік. Келгеннен көңілді концерттің көркіне  тамсана  қарадық.

Жалағаш ауданының орталығындағы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ауданның өнерлі жастары өнер көрсеткен іс-шараны аудан әкімі Асқарбек Есжанов ашып, еңбек озаттарын марапаттады.

– Ассалаумағалайкүм, қадірлі  халайық, құрметті аудан тұрғындары, қонақтары! Сіздерді молшылық мезгілі «Алтын дән» мерекесімен қатар келген еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын  жүректен  құттықтаймын! Айтулы мереке­нің араға  ондаған  жылдарды салып, қайта  оралуын  халық  жақсылықтың нышаны ретінде қабылдайды. 25 қазан – қазақ халқы үшін тарихи күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болды. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын бұл күн – қазақ  халқының  мемлекет құру  жолындағы тарихи қадамының символы. Бұл күн – ата-бабаларымыз аңсаған арманының жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған күн. Бүгінде әлемнің алпауыт елдері мойындаған Қазақстан Республикасының қалыптасу кезеңі өте күрделі. Ұлан-байтақ алқапты алып жатқан қазақ даласы аса ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар жүріп өткен жолы, бұралаң соқпақтары – табиғат тағдырдың қазақ халқына берген сынақтары іспетті. Осындай сынақтардан қазақ халқы сүрінбей, тізесі бүгілмей, еңсесін биік ұстап, аман-есен өтті. Тағдырдың бұл сынақтары қазақ халқын ширатты, шыңдады. Рухы биік, өр халық намысын ешкімге таптатпады. Баршаңызға мереке құтты болсын, – деді аудан әкімі.

Әрі қарай сахнада облыс әкімінің алғыс хаты бірнеше адамға табысталып, Қызылорда облысының құрмет грамотасы лайықты тұлғаларға берілді. Және ел үшін еңбек етіп жүрген жандар аудан әкімінің алғыс хатын иемденіп, аудандағы салалық кәсіподақтың «Ерен еңбегі үшін» медалі кәсіпкерлердің кудесінде жарқырады. Әртүрлі номинация табыс­талған іс-шара тамаша ән-күймен жал­ғасын  тапты.

Мерекелік іс-шара республикалық ақындар айтысына ұласты. Аудан әкімі ақындар айтысын тамашалауға жиналған халықты тағы да құттықтап, қазақ халқы өміріндегі айтыстың мән-маңызына тоқталды.

– Әр халықтың болмысында ғұмыр кешу жағдайына қарай қалыптасқан дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатыр. Соның бірегейі сонау ықылым заманнан қалыптасып, дамып, жетіліп, бүгінгі күннің қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті болса, оның ең бір өміршең жанры – айтыс өнері. Бүгін Жалағаштың төріне аяқ басып, біздің қуанышымызға ортақтасып,  дүбірлі тойдың көрігін қыздыруға келген ақындарымыздың қадамы құтты болсын деймін! Айтысқа түсетін ақындарды Сәбит Мұқанов бәйгеге қосылатын тұлпарға теңеген екен. Иә, бұл – жарыс, дода, сөз сайысы, алғырлар мен шеберлердің, тоқсан ауыз сөзден тобықтай ой түйетін сөз зергерлерінің сайысы. Ендеше біз де бүгінгі бәйгеге  қосылатын  тұлпарларымызға  табыс  тілейміз, – деді А.Есжанов.

Республикалық айтысқа сөз өнерін дәріптеп жүрген орақ тілді танымал айтыс майталманы Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Талғат Мыхи, Айым Асылбекқызы, Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержан Әміров, Серік Қуанхан қатысты. Және айтысты елге танымал фольклортанушы ғалым, жыршы Берік  Жүсіпов  жүргізді.

Нәтижесінде ақындар айтысының бас жүлдесін Мұхтар Ниязов, І орынды Рүстем Қайыртайұлы, ІІ орынды Айдос  Рахметов, Талғат Мықи, ІІІ орынды Айбек Қалиев, Серік Қуанхан, ынталандыру сыйлығын Ержан Әміров, Нұрмат Мансұров, Аспанбек Шұғатаев, аудан әкімінің арнайы сыйлығын Айым Асылбекқызы иеленді. Айтыскерлерге қазақы салтпен, жөн-жоралғымен сый-сияпат жасалып, ақшалай сыйлықтар табысталды. 

Кешкісін мерейлі мереке гала-концертпен жалғасын тапты. Ә дегеннен-ақ мұндағылардың өнеріне бас идік. Себе­бі, жасампаз ұл-қызы өнерге бай. Аудан тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өткен көңілді концерттің көркіне тамсанып, өнерпаздар өнерін тамашалады. Жалпы, ұлттық мереке Республика күні – дәл осылай салтанатпен тойлануға лайық мерекелердің бірі. Сондықтан, бұл іс-шараның бастауы бұған дейін басталған болатын. Қазан айының 22-жұлдызында «Алтын дән-2022» мерекесіне орай аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, спорттық сайыстар өткізіліп, мықтылар  бақ  сынасқан.

Әрине, табыс оңайлықпен келмейтіні белгілі. Десе де, жалағаштық диқандар жаңа заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, ұйымшылдық пен бірліктің арқасында ел ризығын ысырапсыз жинап алды. Шілденің шіліңгір ыстығында тынымсыз соққан аңызақ желге, суармалы судың аздығына қарамастан, табанақы, маңдай терімен мол өнімге қол жеткізген дала еңбеккерлеріне қандай құрмет жасаса да жарасады.

Берекелі, мерекелі, несібелі күз – шаруа-диқандар үшін аса жауапты кезең. Ата-бабаларымыз бұл уақытты «Алтын күз» деп бекер айтпағанын осыдан түсінеміз. Өйткені, қара халықтың қамбасы астыққа толып, жаз бойғы еңбектің зейнетін көреді. Зейнет түбі береке екені рас. Айта кеткен жөн, биыл Жалағаш ауданы бойынша 35486,5 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде Сырдың бас­ты дақылы күріш 18501 гектарға егіліп, оның әр гектары­нан  54 центнерден неме­се  999054  центнер  өнім  алынды.

Осылайша  ауданда  өткен  қос мереке – Республика күні және шуақты күздің молшылық мерекесі елдік пен еңбек тойы­на ұласып, аудан халқын бір серпілтіп  тастады. 

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Жалағаш  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: