Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕЛ мен ЕРТЕГІ

27.04.2023, 11:40 139

Халық ауыз ертегілерінің соңында «осылайша барлығы бірге бақытты да ұзақ өмір сүріпті» деп жазылатын міндетті азат жол қатары бар. Біздегі билік жүйесінің Күлтөбе басында өткізетін күндегі жиынының соңы осыған саяды. Ұйқы алдында ертегіге тоймайтын бала секілді бұқара да әйтеуір биліктің бар айтқанына бас шұлғумен келеді. Өйткені мемлекет сендіреді, ал жұрт жақсы өмірдің жорамалына үміттенеді. Біз билік жүйесін емес, креслодағы кейіпкерлерді өзгертудің хас шеберіміз. «Жаза басқан жазаланды» деген ақпаратты естісек, орнын басқан жағдайды оңалтатын шығар деген үміт санамызда жылт етіп, тағы да биліктің межелі манипуляциясына түскенімізді байқамай қаламыз. Дәл осындай шеті мен шегі жоқ «қойылымдарды» тамашалап жүргенде халық әлеуметтік жағдайының қалай құрдымға кетіп бара жатқанын аңдамай  да  қалады.

Алқымнан қысып жатқан қымбатшылық­ты халық күнде айтып жүр. Айлығын тек азық-түлікке ғана жұмсайды жұрт. Өйткені одан артық қит етуге шамалары жетпейді. Бүйте берсе бұқараның да бір ашуға булығып, буырқануы бек мүмкін. Үкімет ұғынса, әрине. Өткен аптада Президент Қ.Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Кеңеске сенсек, келелі істер келешегімізді кемел ете­йін деп тұр. Енді сәл кейін шегінсек. Былтырғы «Қаңтар оқиғасына» оралайық. Дүйім елдің дегбірін қашырған «қанды қырғыннан» кейін Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдап, ғажап өмірге еніп кетеміз бе деп үміттеніп қалғанымыз рас. Бағдарлама мазмұнында мін жоқ. Экономиканы әртараптындыру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, инфляцияны ескере отырып, халықтың табы­сын арттыру сынды жан-жақты жоспарды жарияға жар салды. Сендік. Нәтижесі не болды? Жаңа Қазақстанға жасалған жарқын қадам қымбатшылықпен жалғасып, оны  сіз де, біз де айқын  аңғарып  отырмыз.

Сонымен кешегі кеңесте де сананы селт еткізер біраз шаруаның шеті шықты. Әсіресе Президенттің сөз басында «Күшті Президент – ықпалды  Парламент – есеп  беретін  Үкімет» концепциясының өз деңгейінде жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етуі алдағы атқарылатын ауқымды шаралардың серпінмен іске асуына дем бергендей болды. Сегіз мәселенің де түпкі тамыры елдің әлеуетін арттыруға бағытталған. Қайта-қайта қозғалып жатқан қымбатшылықтың да мәселесінен айналып өткен жоқ. Бұл мәселеде билік те қауқарсыз екен. Мұны мемлекет басшысының мына сөздерінен айқын байқауға болады.

– Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады  деуге  болады

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфля­циясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, – деді Қ.Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген  кеңесте.

Ел азық-түлік алмай отыра алмайды. Тап­қан табысын тек тамаққа жұмсағаннан ке­йін, ел де амалсыз ашынады. Тұрғындар назын тыңдайық.

– Азғантай ғана жалақыға жұмыс істейміз. Мардымсыз тиын-тебенге тамақ аламыз ба, басқа да қажеттіліктерімізге жұмсаймыз ба, білмей абдырап қаламыз. Дүкенге кіріп, 2-3 дана зат ала қойсаң, 5-10 мың теңге қалтадан қалай шығып кеткенін білмей қаласың. Бағаларға шектеу қойылсын не болмаса жалақымызды сол бағаларға  сай  көтерсін. Шаршап кеттік, – дейді  қала  тұрғыны  А.Қабдолова.

Апта басында Үкіметте ҚР Премьер-минист­рі Әлихан Смайыловтың төрағалы­ғымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 19 сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономика­лық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды. Бұдан түсінгеніміз, инфля­цияны төмендету мақсатында Ұлттық банкпен бірлесіп өзектендірілген тиісті Кешенді жоспарды іске асыру жалғасады. Ішкі нарықты отандық өніммен толтыру арқылы азық-түлік өнімдерінің  бағасын тұрақтандыруға  басты назар  аударылатын  болады-мыс.

Нағыз «ертегідегідей өмір» енді басталуы мүмкін. «Айналым схемасы» жүзеге асырылайын деп жатыр.  Азық-түлік корпорациясын сенімгер агент ретінде тарту мәселесі пысық­талуда. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Үкіметбасы инфляцияны биылғы жылдың соңына дейін 2 есе төмендетіп, сол жөніндегі шаралар  кешені  жасалатындығын  уәде  қылды.

Мына кешенді іс-шаралар рет-реті, кезең-кезеңімен іске асырылатын болса, азық-түлік арзандап, ел де мамыражай күй кешетін кез алыс емес. Биліккке салсаң, бәрін жасап жатыр. Қолдарынан  келгенше  олар да халық­қа қарасып  жатыр. Тек сабырмен  күтіп, үміт отын  өшіріп  алмай  өмір  сүру  керек.

Кенже  ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: