Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүйелі жұмыс жетістікке жеткізеді

04.08.2023, 17:00 208

HALYQLINE.KZ

ШИЕЛІ  АУДАНЫНДА  31702  ГЕКТАРҒА  ЕГІН  ЕГІЛДІ

Биыл Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы саласында 6 млрд 431 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан. Сондай-ақ аудан бойынша 31702 гектарға егін орналастырылған. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі – 13189 гектар. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.

– Егін көлемінің артып отырғандығының бір себебі, биылғы жылы әр отбасының өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарының демеушілігімен тегін егістік жері дайындалып, 1520 гектар жерге тұрғындар өздері егіс егіп, қыстық азықтарын қамтамасыз етуде. Осы жылдың 6 айында ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан жаңадан техникалар алынып, ауданға 506 млн теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 5405 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды. Ал күріштің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2439 гектарға ұлғайды. Аталған дақылдан сапалы өнім алу үшін судың мол болуы маңыздылығын ескеріп, қазіргі су тапшылығы болған тұста егіс алқаптарына 59 жерге насос қойылды. Осы насостармен қашыртқылардағы суды қайта пайдалану әдісімен су тапшылығының алдын алып келеміз. Сонымен қатар, «Олжа Агро» ЖШС 1200 басты асыл тұқымды ірі қара малының тауарлы сүт фермасын ашу бағытында серіктестік басшыларымен келісімге келіп отырмыз. Ферма құрылысын Алғабас ауылынан салу жоспарлануда. Жем-шөп қорын дайындау мақсатында серіктестікке Диірментау өңірінен көлемі 2500 гектардай жер телімі әзірленіп, бүгінгі таңда таңдалған жер телімінің топырақ зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ферма жұмысын бастағанда 80 адамға дейін жаңа жұмыс орны ашылса, жем-шөп дайындау жұмыстарында тағы 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жоба аясында өңірімізге 10 млрд теңге инветиция тартылатын болады, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Брифингте аудан әкімі азық-түлік бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін кемінде екі өнім сақтайтын қойма салу көзделгенін айтты. Қазірдің өзінде, Шиелі кентінде жобалық құны 170 млн теңге болатын сыйымдылығы 700 тонна көкөніс сақтау қоймасының құрылысы басталып, мұздатқыш құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүруде.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өзін-өзі азық түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасына үлестіріліп, оның ішінде 520 га жерге тамшылатып суару әдісі арқылы көкөніс-бақша егу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудан бойынша экспорттың әлеуетін арттыру бағытында, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің тауарларын сыртқы елдерге экспортқа жөнелту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы экспортының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылы мамыр айында Қырғызстанға 20 тонна ақ күріш, Ресейге 421 тонна қарбыз, 275 тонна қауын, 330 тонна қызанақ экспортталды. Ал, еліміздің басқа да облыстары мен қалаларына 18 500 тонна ақ күріш, 1 200 тонна қарбыз, 13 400 мың тонна қызанақ, 3 800 тонна қауын және 22 000 тонна жоңышқа шөбі жөнелтілген, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.

ӨНІМДЕР  ШЕТ  МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ  ЭКСПОРТТАЛУДА

Биыл Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң қарқын бар. Оған дәлел ретінде ауданның бюджеттік кірісін ерекше атауымызға болады. Жыл басынан бері аудандық бюджеттің кірісі 5 млрд 438 млн теңгеге артып, 112,7 пайызға орындалды. Сонымен қатар экономиканың негізгі тірегі саналатын маңызды салалардың бірі – өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 36,1 млрд теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102,5 пайызға өскен. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 15,9 млрд теңгенің өнімін өндірді.

–Жыл басында аудандық бюджет 10 млрд 754 млн теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі – 4 млрд 298 млн теңге. Ауданымызда экспорт көлемі де артып келеді. Атап айтқанда, ірі кәсіпорындардың бірі – «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала-сауысқандық кенішінде қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасы. Осы кәсіпорыннан шығарылған 190630 тонна өнім Ресей, Ұлыбритания, Австрия елдеріне экспортталды. Сонымен қатар, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясынан» Өзбекстанға бірінші жартыжылдықта 81 579 тонна цемент жөнелтілді. Жалпы негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 16 млрд теңгені құрап, 2,2 есеге артты. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,5 млрд теңгеге орындалып, 155,6 пайызға артты. Оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы жалпы ауданы 31 567 шаршы метрді құрап отыр, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.

ЖОБАЛАР ДА ЖҮЛГЕСІН ТАПТЫ

Шиелі ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңгенің 409 жобасы ұсынылып отыр.

Жалпы ауданда 7523 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оның ішінде, жұмыс істеп тұрғаны – 7254. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 114,9 пайызды құрап отыр.

– 2023 жылы ауданда сауда -саттық және туризм саласы бойынша құны 2 млрд теңгені құрайтын 10 жобаның құрылыс жұмыстары басталып, бүгінде 2 нысан пайдалануға берілді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жыл соңына дейін қалған жоспарланған жобалар іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ есепті кезеңге мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 687 млн теңгені құрайтын 225 жоба шағын несие және грант қаражатын алып, 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұған қоса, жастарға 2,5 пайызбен 20 азаматқа шағын несие беру жоспарланған, бүгінгі күнге 22 жоба өңірлік комиссияның оң қорытындысын алып, 7 жоба 31,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Қалған оң қорытынды алған 15 жобаға 67,5 млн теңгеге қаржыландыру күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Жалпыұлттық жобалар аясында биыл ауданда өндіріс бағытында 24,8 млрд теңгені құрайтын 5 жеке инвестициялық жобалар іске асырылуда, жобалар толық іске қосылған кезде 590 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы ауданның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің орындалуы тұрақты бақылауда, – деді Нұржан Сәбитұлы.

АЛТЫ ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ГАЗ ЖЕЛІЛЕРІ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Биыл Шиелі ауданына қарасты 6 елді мекенге республикалық бюджеттен 1 млрд 531 млн теңге бөлініп, газ желілері жүргізілетін болады. Бұл елді мекендер толықтай газға қосылған жағдайда ауданның 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылмақ.

– Аудан бойынша Шиелі кенті және Ы. Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары толық «көгілдір отынға» қосылған. Осыған сәйкес, аудан халқының 68 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылып отыр. Ендігі кезекте Еңбекші, Жиделіарық, Алмалы, Ә.Тәжібаев, Досбол Датқа, Бестам ауылдарына газ құбырын тарту жүргізілуде. Жалпы, Шиелі ауданы бойынша «көгілдір отынға» қосылмаған 16 елді мекен бар. Осы елді мекендерге газ желілерін тарту үшін ең алдымен Тартоғайдағы автоматтандырылған газ реттеу стансасын орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» магистралды газ құбыры жобасын жүзеге асыру қажет. Одан кейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң, ауданымыздағы «көгілдір отынға» қосылмаған ауылдарға жергілікті бюджет есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, кезең-кезеңімен газ беріледі. Сонымен қатар, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында мектептердің қазандық ғимараттарын салуға барлығы 85,0 млн теңге бөлінді, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: