Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Энергетика – экономиканың өзегі

02.06.2022, 10:20 357

ЖАҢАДАН  ЖЫЛУ  ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ  САЛЫНАДЫ

Қаңтар оқиғасы – қазақ елінің тарихындағы қиын күндердің бірі. Десе де, бұл қымбатшылықтың әсерінен қолдан жасап алған көтеріліс деуге саяды. Басында елдің мұңын халықтың өзі жеткізген­де «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған»  күн туады деген сенім болды. «Жаңа­өзен – басшы, біз – қосшы» болып, маңғыстаулықтарға тиген зобалаңның салқыны біздің арқамызға да тиді. Бір көрші кілемін қаққанда екінші көршінің де шаң шығаруға шабытын шақырғандай барлық облыс тұрғындары бірте-бірте бейбіт шеруге шықты. Сондағы бас­ты мәселе – сұйы­тылған газ бағасы. Мемлекет басшысы өткір мәселенің түйінін толықтай тарқатпаса да біршама шешім шығарды. Әлі күнге дейін мәселе күн тәртібіне сәйкес қарастырылып келеді. Мәселен, Қызылорда облысының мұнай және газ саласының бірқатар әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің оңтайлы шешімін табу үшін аймаққа ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жұмыс  сапармен  келді.

Ең алдымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолы­ғып, өңірде мұнай сервис сала­сындағы жұмыстар мен қызметтердің тарифтері рес­публика бойынша ең төменгі деңгейде екенін біліп қана қоймай, саладағы өзекті мәселелермен таныс болды. Бұл жиынға орталық және жергі­лікті атқарушы орган басшы­лары мен мұнай өндіруші және мұнай сервистік компания басшылары және коммуналдық кәсіпорындарының жетекшілері  қатыс­ты.

– Аймақ экономикасының негізін  мұнай-газ  саласы  құрайды. Дегенмен, қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты бұл саланың дамуы төмендеуде. Облыс аумағында перспективалы және мұнайлы-газды үш шөгінді бассейн орна­ласқан. Қазіргі таңда екі бассейнде геоло­гиялық зерт­теулер жүргізу мәселесі шешімін тапты. Бірақ Сырдария бассейні бо­йынша жоба­лық құжаттар дайындалғанмен, қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ мұнай өндіру көлемін арттыру үшін өндіру және барлау ұңғыма­ларының тереңдігін 3 мың метрден астам терең­дікке ұлғайту қажет. Бұл іс-шаралар өндірілетін мұнай көлемін 1,5 есеге, ал жобалық мұнай беруді шамамен 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді, – деді  Нұрлыбек  Нәлібаев.

Облыс әкімі мұнай экспортына квотаны ұлғайтуды және мұнай сервисті компаниялардың  қызмет бағаларын индекс­теуді ұсынды. Бұған қоса, аймақ үшін аса қажет жаңа жылу электр орталығын салу және жаңасын салғанға дейін қолданыстағы тозығы жеткен когенерациялық электростанцияны қайта жаңғырту туралы ұсынысты көтерді. Сонымен қатар, аймақтағы уран өндіретін «РУ-6» ЖШС-нің келісімшартын  ұзарту  керек­тігін   атап  өтті.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұл ұсыныстың өте өзекті екенін алға тартып, жылу электр орта­лығын салу мәселесінде оң шешім қабылданатынын жеткізді. Басқосу бары­сында министрлік өкілдері алда­ғы бірлес­кен жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, жергілікті компания өкілдері мұнай өндіру секторындағы қызметкерлерді жұмыспен қамту бағытында іс-шаралар қабылдауды және өңірде газ өндіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу  институтын  құруды  ұсынды.

МҰНАЙ  ӨНДІРУДІҢ  ТӨМЕНДЕУІ  БАЙҚАЛАДЫ

Айта кетейік, Болат Орал­ұлы өңірге жұмыс сапары бары­сында жергілікті тұрғындар мен коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар жайлы құлағдар  етті.

Министрдің айтуынша, Қызылорда облысында 2021 жылы мұнай өндіру көлемі 4,3 миллион тоннаны құрады. 2022 жылдың 4 айында 1,4 миллион тонна мұнай өндірілді. Қызыл­орда облысында 2021 жылы газ өндіру көлемі 700 миллион  м³ немесе 2020 жылға 92 пайыз­ды құрады.  2022  жылдың 4 айында 200 мил­лион м³ немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіне 74   пайыз   өндірілді.

Аймағымыз газ тұтыну көлемі бойынша 5-ші мұнай өндіруші өңір болып табылады, оның үлесіне ел бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің 6,14 пайызы тие­сілі. Мұнай өндіру бойынша ең ірі компаниялар – «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» және т.б. Жыл сайын өңірде статистикалық мәліметке сәйкес, мұнай өндірудің төмендеуі байқалады. 2015 жылдан бастап 2 есе төмендеген. Ал газ тұтыну көлемі 707 мил­лион м³ құрады. Жетіспейтін газ көлемі батыс өңірі кен орындарының газ ресурстары­нан «Бей­неу-Шымкент» магис­тральды газ құбыры бойынша жеткізіледі. Энергетика министр­лігі газдың шекті көтерме бағасын, ал соңғы бағасын Ұлттық экономика министр­лігі бекітетінін атап өтті.

– Өзіндік құн мен бекітілген көтерме баға арасындағы айырманы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор субси­диялайды. Қызыл­орда облысын  газдан­дыру деңгейі 66,5 пайызды құрайды  немесе  шамамен 550,8 мың адам табиғи газға қол жеткізді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 3 газдандыру жобасы аяқталды, бұл Қазалы  қаласын, Жала­ғаш,  Бекежанов елді мекендерін немесе шама­мен 24 мың адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2022 жылы Бірлік және Қыраш елді мекендерін газдандыруды аяқтау жоспарланып  отыр, – деді  Болат  Оралұлы.

Өңірде 19 газ желісі ұйымы және 151 авто­мобильге газ құю станциясы бар. Облыс­та сұйы­тылған мұнай газын тұтыну  2021 жылы 90 мың тоннаны құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында  шамамен 25 мың тонна тұтынылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығына сәйкес, өңірде сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы литріне  60  теңгені  құрайды.

Сондай-ақ Болат Ақшо­лақов көктемгі дала жұ­мыс­тарын жүргізу үшін Қызыл­орда облысының шаруа­ларына 11,7 мың тонна отын бөлінгенін айтты. Жөнел­ту кесте бойынша жүзе­ге  асырылып  жатыр  екен.

МИНИСТРГЕ  СҰРАҚ  ҚОЙМАҚШЫ  БОЛҒАН  ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚҚА 

КІМ  КЕДЕРГІ  ЖАСАДЫ?

Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірге жұмыс сапары барысында «Достық» үйінде аймақ тұрғындарымен кездесті. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов жүргізді. Министрмен кездескен Қызылорда тұрғындары біршама бұйымта­йын айтты. Азаматтардың базынасын тыңдаған ведом­ство басшысы аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы уақытта да жалғасатынын  жеткізді.

– 2022 жылы Қызылорда облысы аумағында табиғи газ тарифтеріне өндіріс көлемімен газбен қамту мүмкіндігін зерделеу үшін облыстық қоғамдық кеңес жанынан сараптамалық топ құрылған болатын. Тұрғындарға тауарлы газдың шекті бағасын 10 теңге шамасына төмендетуге болады деп санай­мыз. Себебі табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз» аймақ» акционерлік қоғамы Қызылорда облыс­тық  филиа­лының (әрі қарай – мекеме) 2019 жылы ұсынған тарифін негізсіз деп тауып, 2020-2025 жылдарға арналған уақытша өтемдік тасымалдау тарифін бекітіп, 34 пайызға төмендеткен еді. Бұл табиғи газдың шекті бағасын төмендету керек. Алайда аталмыш мекеме бұл бағамен келіспей, барлық сот сатысынан жеңілсе де, соттасып, созып, осыған де­йінгі  жоғары тарифпен тұтынушылардан  төлем алып келеді. Осы уақытта мекеме негізсіз пайда тауып, департамент уақытша өтемдік тариф белгілесе де, мекеме әлі күнге дейін айтқанынан қайтпай, ал мекеменің тұрғындарға қарызы 1,5 миллиард теңгеден асты. Сондықтан министр ретінде өткір мәселеге араласып, уақытша өтемдік тарифті енгізуге ықпал етуіңізді сұраймыз, – деді қоғамдық  кеңестің мүшесі  Болат  Нұрхожаев.

Бұған қоса, газ өндіретін көрші облыстарда бағаның төмендігі, ал біздің өңірде қымбат болуына наразылығын білдірді. Халықтың әлеуметтік жағдайына кедергі келтіріп отырғанын жасырмады. Бұл ұсыныстарды ведомство басшысы «алдағы уақытта қарастырамыз» деп тоқталды.

«Эдельвейс» саяжайының тұрғыны электр желілері ескіргенін, халықтың өз қаражатына салынған бағаналары да тозығы жеткенін министрге жеткізсе, қала ірге­сіндегі «Ақсуат» ауылдық округінің тұрғыны Серікхан Жүзеев заңсыз орнатылған «ALFA SMART AS100» электр есептегіші мәселесін қозғады. Оның айтуынша, 2020 жылдың ақпан айында құрылғыны орнатарда ешкім түсіндірме жұмыстарын жүргізбеген, техникалық сипаттамасындағы мобильді қосымшасы тұрғындарға орнатылмаған, сол есептегіш орнатылғалы бері төлемақыны бұрынғыдан екі-үш есе көп төлейді екен. Бұған келіспей, өз құқын қорғау мақса­тында құзырлы органдар­ға жүгінген. Бірақ бірде-бір маманнан мардымды жауап ала алмаған. Министр мәселені тыңдап, жауап­сыз қалдырмай сол сәтте вице-министр Жандос Демес­інұлына тапсыр­ма берді. Арнайы зерделеу үшін комиссия құруды немесе тиімсіз болса, ол есептегішті алып тастап, басқасын қоюды тапсырды.

Кездесу барысында қарапайым халықтан гөрі басым бөлігі мемлекеттік қызметкерлер секілді. Әдеттегідей алғыс білдіріп, министр­дің «алтын басын алтын табаққа» салатын ақсақа­лдар да жоқ емес. Сондай-ақ баз біреу­лер жоғарыда  сауал  қойған ауыл тұрғынын микрофон­ға жақындатпай, сыртқа алып шығып, министр­ге сұрақ қоймауын өтінгендей әрекет жаса­ды. Сондағы мақсаты не? Шындық айтылмай қалуы керек пе? Әлде Энергетика министрі жауап таппай қиналып қалады деген­нің кері ме, бұл. Жә, неде болса Ақшолақовтың жауырыны жерге тиіп жығылса, жер көтереді, ал еңсесі түскен қызылордалықтардың пәс көңілін кім көтереді? Ақиқатты жасырып, халықтың басын бұға бергізгісі келетін мемлекеттік қызметкерлер барда «ескіні» жаңарту қиынға соғатыны анық. Тұтас қоғамды референдумға сендіру үшін жарамсақтардан құтылу керек. Ал бізде тым көп. «Қазақстан халқының жағдайы адам танымастай өзгере ме?» деген сұрақ көптің көкейінде көлкіп тұр. Бірақ… елдің мұңын мінбердегілерге жеткізуге тос­қауыл болып жатқанда, жаңарудың желі әзір соқпайтыны сөзсіз. Десе де «ғажайыпқа» сенген  дұрыс  па?

АЭС  ЕЛІМІЗГЕ  ЕШ  ҚАУІП  ТӨНДІРМЕЙДІ

Халықтың талап-тілегін тыңдап болғасын, әрі қарай өңірлік коммуникациялар қыз­метінің көшпелі брифингінде ҚР Энергетика министрі Болат Оралұлы БАҚ өкілдерімен кездесті. Мұнда жылу электр орталығын салудың маңыздылығына тоқталды. Биыл Қызыл­орда облысында электр қуаты 240 МВт болатын жылу электр орталығы салынбақшы. Бұл жоба­ның іске асыру құны – 215,1 миллиард теңге, 2025 жылы пайда­лануға беріледі деп жоспарлануда. Жоба жоспарға сәйкес жүзе­ге асырылса, 700 млн кВт тап­шылықты жоюға мүмкіндік  бола­ды  екен.

Қызылорда қаласындағы орталықтан­дырылған жылумен  жабдықтау мекемелерінде 20  аудандық   қазандық   жылу  энергиясын  береді. Станция­ның  негізгі  жабдықтарының 82 пайызы тозған екен. Ал облыстағы «Қызыл­орда» Өңірлік электр желілік компаниясында» 10 056 км кабель және әуе электр беру желілері арқылы жұмыс істейді. Бұл жақта электр желілерінің  69  пайызы  ескірген.

– Қызылорда қаласының тұрғындары үшін электр энергиясының кепілді жеткізушісі – «Энергосервис» ұйымы және облыс бойынша «Шие­лі Жары­ғы» және «Дәулетэнерго» ұйым­дары болып табылады. 2019-2021 жылдары 5 қазандыққа және 3 газ турбиналық қондырғыға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді ведомство  басшысы.

Қоғамдағы өзекті мәселе­ні бүгіп алмай, толы­ғымен елге жеткізуге тырыстық. Айт­пақ­шы, министрдің сөзінше, атом электр станция­сы елімізге ешбір қауіп төндірмейді екен. Егер замануи технологияны дұрыс қолдансақ, бізге тек пайда әкелмек деген тұжырымда. Әйтеуір пайда іздеп жүргенде пәлеге ұрынбасақ игі. Ал инновациялық дамуды әрқашан қолдауға  дайын­быз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: