Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматы қаласының жер сілкінісі тарихы туралы

06.03.2024, 10:20 139

HALYQLINE.KZ

ЖЕР  СІЛКІНІСІ  ДЕГЕНІМІЗ  НЕ?

Жер сілкінісі – жер бетінде үнемі болып тұратын құбылыс. Ол кезде жер кенеттен вертикалды және горизанталды тербеліске түсіп, жер бетіндегі тауларды құлатады, үйлерді қиратады, адам өміріне қауіп төндіреді. Жер бетінде жылына қуаты 5 баллдан жоғары 1000-нан астам жер сілкінісі тіркеледі. Ал, арнайы құралдар жылына 100 мыңнан аса әлсіз тербеліс сигналдарын тіркейді екен. Соның ішінде жер шарында жылына қуаты 7 баллдан асатын 100-ге жуық ірі жер сілкіністері болуда.

Жер сілкінісі жер астында 10000 метр (10 км) тереңдікте жатқан жерасты қатты қабаттарының (плиталар) қозғалысынан пайда болады. (Кейде бұл тереңдік 700 шақырымға дейін жетуі мүмкін). Ал, қабаттардың қақтығысу нүктесін «эпицентр» деп атайды. Жер бетіндегі ең қатты сілкініс эпицентр үстінде өтеді. Егер ол 10 балл болса, одан 20 шақырым қашықтықта сілкініс күші 7 баллға дейін төмендейді екен. Сондықтан, геологиялық зерттеулер нәтижесінде жер қабаттарының қақтығыс аймақтарын «жер сілкінісі бар қауіпті амақтар» деп белгілейді. Бұл жер бетіндегі құрылыстар салуда, басқа да қазба жұмыстары, немесе гидрокешендері құрылыстарында нормативтер бойынша ескеріледі. Мысалы, ол нормалар бойынша Алматы қаласындағы үйлердің жобасы 7-9 баллдық көрсеткіштерге есептеліп салынып, ол әкімшілік тарапынан қатаң бақылауда болуы тиіс. Ал, ол бұзылған жағдайда, барлық жауапкершілікті тараптардың заң алдында жауап беруіне тура келеді.

АЛМАТЫНЫҢ  ЖЕР  СІЛКІНІСІ  ТАРИХЫНАН  ДЕРЕКТЕР

1887 жылдың 27 мамыры күні түнінде бұрынғы Верный қаласының (қазіргі Алматы) тұрғындары көктемнің соңғы күндерінде таудан соққан салқын самалға рақаттанып, шырт ұйқыға кетеді. Олардың қаперінде еш алаңдаушылық болмады – күнделікті тірліктің нобайы осы. Содан, ұйқының ең қатты шағы – «таң ұйқысы» басталған сәтте, 28 мамырда таңғы сағат 04:35-те жойқын күш жердің астан-кестенін шығарады. Ұйқыдағы қалың жұрт не болып жатқанын ұға қоймады. Екі жүзден астам адам қатты жарақаттанды. Қалада 1799 кірпіш үй мен 839 ағаш және саман үйлер қирап қалды. Жалпы қираған аудан 2000 шаршы шақырым болған. Жер сілкініс ошағы Верный қаласынан 12 шақырым Алатау бөктерінде 60 шақырым тереңдікте болды. Бұл апатта қаладан және қала маңынан 568 адам ұйқыдан оянбаған күйі қаза тапты. Соның ішінде жүзден астам бала өлімі тіркелген. Бұл – Алматы қаласының жер сілкінісі трагедиялық тарихының ең ауыр бір парағы.

Осыдан кейін, бұл жер сілкінісінің себептерін анықтауға Петербург тау-кен институтының профессоры Иван Васильевич Мушкетов Верныйға шақырылады. Ол осында келіп, өзінің жанына белгілі архитектор П.М.Зенковты, Алматыдағы әйгілі баудың негізін қалаған Э.О.Баумды және К.А.Ларионовты қосып, зерттеу жұмыстарын бастайды. Алматыдағы алғашқы сейсмограф құралы 1889 жылы сатып алынады.

Содан кейінгі үш жылда – 1890 жылға дейін қазіргі Алматы аумағында 600-ден астам орта және кішігірім жер сілкінісі болған екен. Осының бәрін есепке ала келе ғалымдар «Жер сілкінісіне төтеп бере алатын ғимараттар салуды ғылыми тәжірибеге негіздеу Ережесін» 1888 жылы Жетісу облыстық Басқармасында қабылдатады. Осы Ережеге сай барлық құрылыс жұмыстарында жер сілкінісі қауіпсіздігі басшылыққа алынады. Ол өзін-өзі ақтады: 1889 жылы 1 шілдеде болған Шелек жер сілкінісі кезінде, 1910 жылы 22 желтоқсанда болған Кемін жер сілкінісінде – қала оған төтеп берді.

«Шелек жер сілкінісі» сонау Павлодар қаласына дейін жетті. Верныйда тағы да үйлер қирады. Ал, одан кейінгі болған «Кемін жер сілкінісі» (1910) тіптен жойқын болды. Оның қуаты Петербург ҒА академигі, геофизик Б.Б.Голицинның анықтамасында Рихтер шкаласы бойынша 8,2 баллды құраған. Бұл енді нағыз жойқын сілкініс! Бірақ, осыған дейінгі құрылыс ережесін сақтағандықтан, бұл жолы қаладағы қирау әлдеқайда аз болған екен. Ол жер сілкінісінде 452 адам қаза тауып, 74 адам жарақат алған. 1094 үй қираған, ал таулы аймақтағы қазақы ауылдарда 4545 қазақ үй құлаған және 13000 бас мал басы шығын болған. Сол жер сілкінісінен аман қалған жарқын ескерткіштің бірі ретінде бүгіндегі Алматы қаласының көркін келтіріп тұрған Зенков Кафедральный Соборын (Вознесенский собор) айтсақ болады.

1910 жылғы жер сілкісінен кейін А.П.Зенков былай деп жазды:

«Мен өз қаламның болашағы үшін, соның ішінде Жетісу өңірінің сейсмикалық болашағы үшін қорықпаймын. Мен оған сенемін. Мен жақын болашақта біздің әсем қалада бірнеше қабатты тастан, бетоннан және басқа берік материалдардан көрікті ғимараттар салынып, қалаға көрік беретініне еш күмәнданбаймын».

Бүгінгі Алматы қаласының көлемі мен ондағы құрылыс масштабын бұрынғымен салыстыру еш мүмкін емес. Қазір Алматы үлкен мегаполиске айналған. Тұрғындар саны әлдеқашан екі миллионнан асып жығылды. Әлемдік тәжірибе осындай алып қалалардағы жер сілкіністері ауыр зардап әкелетінін көретуде. Оған Қытайдағы, Түркиядағы, өткен ғасырдағы Қарабахтағы және т.т. жер сілкіністері куә бола алады.

Сондықтан, Қазақстан Үкіметі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, Алматы қаласының тұрғындарының қауіпсіздігі туралы арнайы Бағдарлама жасауы керек деп санаймыз. Сөйтіп, Алматы қаласы әлемдегі жер сілкінісі мен оның зардабы, адамдарды құтқару жөнінен жинақталған барлық сейсмологиялық озық тәжірибені елге әкеліп, өзіне ендіруі қажет деп санаймыз.

Әбдірашит  Бәкірұлы.

Abai.kz

Коллаж: Aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: